Әйел – сұлу көктемнің падишасы
Нәзік иірімге толы әйел затының табиғаты керемет қой. Әр арудың талғам-таразысы әртүрлі. Көктем падишасындай жайдары таңмен нұрланатын әйел болмысының құпиясы сан қилы үйлесіммен ерекшеленеді. Нәзікжандылардың бірі таңғы нұрдың шапағын ұнатса, енді бірі бау-бақшада сайраған бұлбұлдай сиқырлы сазды әуенді сүйеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Роза Боханова әйел нәзіктігін нағыз асыл қасиетке балайды. Өзінің сырға толы кестелі ойын бізбен сұхбат барысында әйел затына тән биязылықпен керемет жеткізді.
– Роза Аяғанқызы, нәзікжанды болсаңыз да, сізді ер-азаматтар секілді қайнаған тіршіліктің бел ортасынан көреміз. Уақыттың ерте-кешіне, жауапты қызметтің мойынға артар жүктемесіне қарамай лауазымды қызметте ұзақ жыл еңбек етіп келесіз. Болмысы бөлек әйел заты үшін ерлермен үзеңгі қағыстырып, билік тізгінін ұстау оңай емес. Десе де, жан дүниесі мейірімге толы әйел нәзіктігін мойындайсыз ба?
– Әрине, мойындаймын. Мен қанша лауазымды қызметте жүрсем де, өзімнің әйел-ана деген аяулы қасиетімді алғашқы орынға қоямын. Ер азаматымды құрметтеп, отбасын ана әлдиімен тербеп, ошақ қасы мен жылы ұяма көңіл бөлуді басты қағидам санаймын. Ана – үйдің алтын қазынасы. Ол таразыны тең ұстау керек. Қызмет бабымен жүріп, үй шаруасына да үлгеріп, бәріне «бесаспап» болу әйелдің міндеті. Өйткені, ортақ келісіммен құрған отбасы – әйелдің Алла алдындағы аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Менің ойымша әйел, қай кезде де әйел. Оның тал бойындағы әдемілік, сыпайылық, биязылық – табиғат ананың берген ең ғажап тартуы. Небір патшалар, қылышынан қан тамған қаһарлы хандар әйел нәзіктігі мен тапқырлығының алдында бас иген. Демек, әйел сұлулығы қызмет, мансаппен емес, оның бойындағы нәзіктік, қарапайымдылықпен өлшенеді.
– Үй шаруасымен айналысуға уақыт табыла ма?
– Әрине, табылады. Мен үйдегі ас мәзірінің бәрін өз қолыммен дайындағанды қалаймын. Асыққан кезде болмаса, базардан сатып алынған өнімге көңілім толмайды. Қонақ шақырғанда салат, бауырсақ, түрлі тәттілерді үй жағдайында өз қолыммен пісіргенді ұнатамын. Қашан да әйел өзі қалаған дүниесін жасау үшін уақыт табуға тырысуы керек. Жүрек қалауымен жасалған дәм әрқашан ағзаға сіңімді, адамға сүйкімді болады. Мен мұны үйдегі келініме де үйретіп отырмын. Өнегеммен сусындап, ас мәзірін дәмді етіп әзірлейді. Дастархан басындағы ас үйге татулық пен береке кіргізеді. Келінді болғаныма көп уақыт болған жоқ. Одан бұрын үйдің бүкіл ұсақ-түйек жұмысын жауапты қызметте жүріп атқардым. Ерте тұрсаң, бәріне үлгересің. Бәріне үлгеру үшін түскі асты азанда пісіріп кетемін. Өзге уақ-түйек тірлікті жылдам-жылдам жасауға үйрендім. Мен ауылда 5-сыныптан тамақ жасағанмын. Үй тірлігіне ерте араластым. 10 сыныпта анамнан айырылдым. Бүкіл ауыртпалық әкемнің басына түсті. Сол кісінің қабағына кірбің түсірмеуге, атына кір келтірмеуге тырысып бақтық. Бесіктен белің қатайғаннан берілген тәрбие адамның бүкіл өміріне бағдаршам болады екен. Анамның тәрбиесімен, ер азаматтың киімін аяқасты етпеуге, жағасын кірлетпеуге тырысамын. Бұл менің сонау алтын бесік ауылымнан алған ұлағатты үрдісім.
–Әке тәрбиесі тағылымыңызды тереңдетіп, жетістікке жетелеген секілді. Ана орнына ана болып, жылуын аямаған аяулы жанның тәрбиесімен жетіліпсіздер. Асылдың сынығы екеніңізді де мойындаған жөн болар?
– Иә, оныңыз рас. Ағайынды бесеуміз ана әлдиін естігенмен, оның жылы алақаны мен мейірім-шуағынан ерте айырылдық. Әкем Аяған Боханов ол кезде Қармақшы ауданы, Энгельс атындағы колхозды басқарды. Жауапты қызметпен қоса, шиеттей баланы жетілдіру, оны оқыту, құтты орнына қондыру әкемізге оңайға соқпады. Бірақ оған сүйеніш, қолғанат болуды ойлап біз ерте есейдік. Ол кісі бізді 30 жылдай анамыздың жоқтығын білдіртпей бағып-қақты. Ұлағаты мол үрдісті, қазақы салт-дәстүрді бойымызға сіңірді. Мен Қармақшыда орыс мектебінде оқыдым. Алайда, тәлімім қазақы болды. Әкем әдеби кітапты, газет-журналды дауыстап оқытатын. Сөздік қорымның мол болғанын қалайтын. Сол кездері жазған мақал-мәтел, өнегелі сөздер толы бірнеше қойын дәптерім әлі сақтаулы. Ол әкемнің көзіндей мен үшін қымбат дүние қатарында.
– Жылдың қай мезгілін сүйесіз?
– Күз мезгілін ұнатамын. Бүкіл берекенің бәрі осы айда. Сары алтындай сары күз егістік алқабындағы Сыр салысын, сары бидайдан дайындалған тәтті бауырсақты, берекелі қазақы дастарханды көз алдыңа елестетеді. Әсіресе, жаңбырлы күндер жаныма бір тыныштық сыйлайды. Сондай сәтте көптен ойлаған мақсатым шешімін табады. Өзіме-өзім есеп беретін ғажап кезең күрең күзге дөп келетінін де керемет сәйкестік деп есептеймін. Күзгі бақта тұмса табиғатпен сырласқанды жаным қалайды.
– Сіздің есіміңіздің өзі табиғаттың қайталанбас тартуы гүлге қатысты қойылған секілді. Нәзікжандылардың көпшілігі көктемнің ғажап болмысын алқызыл гүлдер патшалығымен байланыстырады. Сіз қандай гүлді ұнатасыз?
– Мен жаныма ерекше жұпар шашатын дала гүлдерін, әсіресе қызғалдақ, сиреньді ұнатамын. Осы гүлдерді иіскегенде жан дүнием тазарып, жаңарып, құлпырып сала береді. Алуан түрлі түспен сан бояуға малынып тұратын дала гүлдері жан сарайымды шаттыққа бөлейді. Өзім шынайылықты ұнатамын. Ал гүлдер– шынайылық символы!
– 8-наурызда аналарға қандай сый-сыяпат берген дұрыс деп санайсыз?
– Мен үшін сый-сияпаттың ең үлкені – ыстық ықылас, жылы құшақ, бір құшақ әдемі гүл.
– Сол гүлді сізге сыйлайтын отағасыңыз және отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?
– Отбасын құрғанымызға 40 жылдай уақыт болды. Азаматым Сәдуақас Әдепов – өнер адамы. Өлеңге ән жазатын қасиеті бар. Өлең-сөзді жанына серік еткен жанның жан дүниесі таза болады ғой. Жолдасым екеуміз саф өнердің жанашырымыз, терме тыңдағанды ұнатамыз. Ол кісі Қармақшыда тұрғанда сол жердің мәдениет үйінің директоры болды. Қазір Қорқыт ата университетінде мәдени шараларды өткізуге жетекшілік жасайды. Кезінде Шымкент қаласындағы «Достық» оркестрінің құрамында ән шырқаған. «Есігімді ашып еніп кіргелі, Сен болып бақыт келіп тұр ма едің? Қарақат көзің сөзіңмен әсем, Еріттің мені, еліттің мені... деген әуен есіңізде ме?Сол кезде қыз бен жігіт орындап еді ғой. Сол жігіт менің – жан-жарым. Мен ұзатылатын кезде теледидардан сол ән шырқалмасы бар ма? Қайын жұртым «мінекей, ән шырқап тұрған сіздердің күйеу балаларыңыз» деп таныстырған. Әдейі ұйымдастырылған көрсетілім сияқты ағайын-туысқа керемет әсер қалдырғаны есімде. Мен қазір қандай жетістікке жетсем, соның бәрі отбасымның қолдауы, жарасымды ұямның жылуы. Аллаға шүкір, 2 қыз бір ұлымыз бар. Үлкеніміз Әйгерім Швеция компаниясында департамент басшысы, одан кейінгі қызымыз Альмира Алматыда дәрігер. Шаңырақтың иесі ұлымыз Бақытжан – құрылысшы, келініміз Әсел – дәрігер. Немерелерім – өмірімнің шуағы, көңілімнің көктемі. Оларды бауырыма басқанда жан әлемім жарқырап, нұрға бөленемін. Әйел бақыты отбасындағы тату-тәтті тірлік, ынтымақ пен бірлік деп ойлаймын.
– Сіздің Сыр бойындағы әз әжелерге, ақ жаулықты аналарға, көрікті аруларға 8-наурыз мерекесіне орай айтар тілегіңіз?
– 8-наурыз – Әзиз әжелер, ақ босағаның бақыт нұрын шалқытқан көрікті әйелдер мен ай нұрлы арулардың ең ғажап мерекесі. Оларға күміс көктемде сылдыраған бұлақ күлкісіндей әдемілік, отбасында бақ-береке, ең бастысы әйел бақытын тілеймін.
– Ашық жарқын әңгімеңізге рахмет!
Сіздің отбасыңызға да төл той толағай табыс, ризық-несібе алып келсін!
Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА