Ана мен аруларға ақ тілек
Ардақты Аналар, аяулы арулар!
Сіздерді бүкіл дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шұғылалы мерекесі, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің сұлу арайын ала келген мереке Сіздерге бақыттың гүлін, шаттықтың нұрын, сұлулық пен бейбітшіліктің жасампаздығын, әр күннің жылылығы мен жақсылығын, берекесі мен молшылығын, ырысын ала келсін!
Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ең қастерлі сезімдерге толы.
Бұл күн – ардақтыаналарымыз бен апа - қарындастарымыздың, ерке қыздарымыз бен жаны жайсаң жеңгелеріміздің, инабатты келіндеріміз және ер азаматтың өмірлік серігі асыл жарларымыздың қуанышы.
Қасиетті Құран хадисінде: “Жәннат – ананың табанының астында” – десе, адамзаттың ұлы ойшылдары ежелден-ақ: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» - деген екен.
Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген.
Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз, аяулы арулар!
Бүгінгі қоғамда да нәзік жандылар сан түрлі саланың қыр – сырын меңгерген.
Денсаулық сақтау, білім, мәдениет, журналистика, қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру сынды халқымыз үшін ең маңызды салаларда қызмет етіп жүр. Оларсыз тіпті бұл салаларды елестету мүмкін емес.
Біздің қоғамда “саясаткер әйел”, “қайраткер әйел”, “кәсіпкер әйел” секілді ұғымдар әбден орнықты.
Бұл дегеніміз әйел-қайраткерлердің өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі, беделі мен мәртебесінің көрінісі.
«Отан – отбасынан басталады», отбасы мен қоғам жүгін қайыспай көтеріп жүрген Сіздердің бұл еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық.
Сіздерге деген құрметіміз, барлық ыстық ықыласымыз бен ілтипатымыз тек мереке күндері ғана емес мәңгілік мақсатымыз, тұрақты ұстанымымыз болып қала бермек.
Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі Сіздерден, әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды.
Әйел – ұлттың айнасы.
Мерейлі мереке көңілдеріңізге шырайлы шұғыласы мен шуақты шапағатын шаша бергей!
Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев