Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жергілікті өнімге сұраныс жоғары

Жергілікті өнімге сұраныс жоғары

Көктем. Күн жылы. Бұл кезде әйелдер қауымы үшін ең ұнайтыны дүкен сөрелерін аралау. Бүкіл сауда дүкендерін аралап, шаршаған кезде соңғы дүкендегі киімді ала салатынымыз да рас қой. Сол әдетпен екі-үш құрбы жиналып, киім таңдауға шықтық. «Ағжан», «Персонал» сауда дүкенінің сөресінен өзіміздің қызылордалық өнімді көзіміз шалды. Нәзікжандылардың барлығы қызығушылық танытып, киіп көріп жатыр. Матасы 100% мақта, денеге жұмсақ, ауа өткізгіш. Қытайдың киімдеріне қарағанда сапалы екені бірден аңғарылады. Аңдап қарасақ, «Dalatex» брендімен шығарылған фабриканың өз өнімі екен. Менің де қызығушылығым арта түсті. Жаңа өнім туралы сұрап-білмекке фабрикаға қарай тарттым.
Қаламыздағы «Далатекс» компаниясы бүгінде қазақстандық нарыққа отандық өнімді шығарып отырған бірден-бір компания. Отандық киім тігуді қолға алған компания қазіргі уақытта өз өнімін шет елдерге экспорттауда. Сыр өңірінің даңқын асқақтатып жүрген тігін фабрикасының өнімдеріне деген сұраныс күннен-күнге арта түсуде. Осы уақытқа дейін ерлер жейдесін шығарып, танымал болған «Далатекс» компаниясы жаңа өнімдерді тігуді ойға алған. Фабриканың іші толған қызу тірлік. Тігін машинасының сырт-сырт еткен үні ғана естіледі. Тігіншілер басын көтерместен өз істерін жасап отыр. Олар өз істеріне мұқият болуы керек, әйтпесе тігісі қисық кетуі де мүмкін. Өз істерін жақсы көретіндері сыртынан байқалып тұр, жұмыстарын зор ынтамен жасауда. Оларға кедергі келтірмейін деген ниетпен жоғары қабатқа көтерілдім. «Далатекс» компаниясының атқарушы директоры Нұргүл Кусаева құшақ жая қарсы алды.
– Компания директоры Ділмұхамед Абызов осы идеяны жүзеге асыруды қолға алды. Біздің фабрикадан шығатын ерлер жейдесі қазір нарықта жоғары бағаға ие. Қазақстандықтар мен өзге елдерден бұл киімге деген сұраныс жоғары. Сондықтан да біз мұнымен тоқтап қалмауды жөн көрдік. Басқа да киім түрлерін тігіп, отандық өнімді көбейтуді мақсат еттік. Мақсатқа жете білу жолында ерінбей жұмыс жасау керек. Бүгінде 44, 46, 48,50-ші өлшемдегі қыздар жейдесі 2 үлгіде сатылымға шықты. Үлгісін технолог-инженер Гүлайна Айдарбекқызы дизайнерлермен бірігіп ойластырған. Өздеріңіз білесіздер, өнімнің сатылымға шыққанына бір айдай ғана уақыт болды. Осы арада нәзікжандылар қызығушылық танытып, өз өнімімізді сатып алуда. Бұл біздің жұмысқа деген ынтамызды еселей түседі, – дейді ол.
2016 жылы құрылған фабрика ерлер жейдесін шығарудан танымал болған еді. Сондай-ақ, оқушыларға арнайы мектеп формасын тіккенін білеміз. Мұнда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Ине, жіп ұстауға икемі бар қыз-келіншектерді жұмысқа алуға дайын. «Қалалық жұмыспен қамту орталығы» арқылы келіп, несібесін тауып жүргендер де бар. Сондықтан да фабриканы кеңейту жоспарда бар. Арнайы формалық киімдер тігуді де қолға алған.
– Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көп көмек берілуде. Дегенмен, отандық өнімге қолдау болса, жергілікті өнімді пайдаланса деген ұсыныс бар. Біз халықтың қалтасына қарап, бағаны ыңғайлы түрде қоюға тырысамыз. Жейделерді тігетін маталар Түркиядан әкелінеді. Сапасы жоғары. Сол үшін де қыз-келіншектер сырттан келетін арзан киімдерге қызықпай, жергілікті отандық өнімге деген сұранысты арттырса, – дейді Нұргүл Кусаева.
Иә, жергілікті отандық өнім өзімізден шықты. Бұған қуануымыз керек. Игі істі қолға алған кәсіпкерлерге қолдау білдіру үшін өз өнімімізді пайдалансақ нұр үстіне-нұр. Сонда қаражат сыртқа кетпей, өзімізде қалар еді. «Далатекс» фабрикасы мұнымен тоқтап қалмайды. Алға қойған жоспарлары нық. Қазақстандық өнімді шет елдерге шығарып, өз еліміздегі рөлін мықтап қалыптастырмақ. Бұл фабриканың өнімдеріне халық риза. Сондықтан түрлі киімдерді шығаруға сұраныстар келіп түседі екен. Демек, жақын күндері қыз-келіншектердің көйлегі мен белдемшесін дүкен сөрелерінен кезіктіріп қалуыңыз мүмкін.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

11 наурыз 2020 ж. 805 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам