Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАСТЫҚТЫҢ ЛАУЛАП ЖАЛЫНЫ

ЖАСТЫҚТЫҢ ЛАУЛАП ЖАЛЫНЫ

   Бала күнімде қалада әртүрлі зауыттың бар екенін білетінмін. Себебі, шамамен 5-6 жасымда апаммен бірге жұмысына еріп баратын едім. Тіршілігі қарбалас үлкен мекеме болатын. Онда еңбек ететін кісілердің көбі – нәзік жандылар. Әрқайсысының өз тігін машинасы бар. Айналасы толған мата. Солардың істеген тіршілігін қызық көріп жүретінім әлі есімде. Есейе келе ол жердің тігін фабрикасы екенін түсіндім. Кейіннен ол жабылып, бүгінде «Жайна» сауда орнына айналды.
Қазір мұның өзі бір естелік. Сол фабрикада тігінші болып алғашқы еңбек жолын бастаған қала тұрғыны Бейсенкүл Меңлібаева бізбен әңгімесінде сол бір жарқын шақтың естелігімен бөлісті. Кейіпкеріміз мектеп бітірген соң тігіншілікті оқыды. Өзіне осы іс ұнайтын еді. Болашақта мықты тігінші болуды армандады. Сөйтіп, ауылдан қалаға келген 18 жастағы бойжеткен тігін фабрикасына жұмысқа бірден қабылданады. Өйткені, өндіріс орнының басшылығы оның бойындағы тігіншілік қасиеттің барын байқаған.
Үлкен мекеме ғой, басында жүрексіндім. Оқуды бітіре еңбекке араластым емес пе? Бірінші келген сәтім әлі есімде. Бірден бір тігін машинасын өзіме жүктеді. Әр машинаға отыруға рұқсат жоқ. Жауапты етіп тек біреуін ғана береді. Киімді тапсырыспен орындайтынбыз, – деді Ол кісі өткен шаққа ойша оралып.
Тапсырыс демекші, кейіпкеріміз істі артығымен орындап отырған. Тіпті, сол кезде газетке де шыққан. Ол газет сарғайған күйі әлі сақтаулы. «Өзімнен кейін бауырларым бар. Соларды жеткізуім керек. Шамамның жеткенінше көмектескім келді. Сол себептен тапсырысты молынан қабылдап, сапалы түрде тапсыруға тырыстым» деді сөз арасында. Олар көбіне халат, сыртқы қалың күртешелер, жұмысшыларға арнайы киім тіккен. Сондай-ақ, мұндай ауқымды тапсырыс тек жергілікті жерден ғана емес, басқа да облыстан түскен екен.
Төрт қабатты іші кең фабрикада 3000-ға жуық адам екі ауысыммен еңбек етті. Сонымен қатар, әр қабатында пішу, тігу, үтіктеу секілді қызмет түрлері бар.
– Таңғы сағат 8.00-ден басталған жұмыс түске, одан кейінгі кезек түнгі уақытқа дейін жалғасатын. Еткен еңбегіміз ауыр болса да, еш шаршаған емеспіз. Жастықтың лебі болар. Бірі пішеді, біз тігеміз, келесісі үтіктейді. Содан дайын өнімді орап, қоймаға жібереміз. Әрмен қарай тапсырыс берген тиісті жерге жолданады. Ол кездегі жалақы орындалған жұмыс көлеміне қарай төленетін. Жалақымыз шамамен 50-150 сомның аралығы еді, – деді Б.Меңлібаева.
Сол жылдары тапсырысты жақсы орындап, көзге түсіп, айлықты да жақсы алған қызметкердің бірі – Гүлнәр Ізбасарова. «Мен учаске шебері болдым. Көбіне шалбар тіккенім есімде қалыпты. Біздің кезіміздегі маталар өте сапалы еді. Сосын жұмысқа деген талап өте күшті болатын. Тігілген киім бірнеше қайтара тексеруден өткізілетін. Содан кейін қоймаға жіберілетін. Ал, егер бір жерінен қисық кетсеңіз, оны сөгіп, қайта тігетінбіз» деді. Кейін Гүлнәр «Ісмер» тігін фабрикасына ауысып кетеді.
– Ол жақта ақ көйлек тіктік. Көйлектің жағасы түзу болуы шарт. Соның бәріне мән берілетін. Кейін бұл жабылып қалды. Қазір оның орны «Ағжан» сауда үйіне айналды, – деді кейіпкеріміз.
Ал, «Жайна» фабрикасы шамамен 1997 жылы жұмысын тоқтатқан. «Қаншама адам нәпақасыз қалды. Сол уақыт қиын кезең болатын. Бірақ, оны да еңбекпен жеңдік. Одан соң қалада ондай ауқымды кәсіпорын болған емес» дейді Бейсенкүл.
Әңгіме барысында кейіпкеріміздің сол фабриканы, қарбалас сәтті сағынатыны көзінен көрініп тұрды. Өз ісінің майталманы атанған ол тігіннен әлі күнге дейін қол үзген жоқ. Бұл тіршілікті өзінің үйінде жалғастыруда.
                                                                  Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
28 қыркүйек 2018 ж. 1 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам