ЛИМОН ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛМАҚ

– Жылыжайда көкөніс өсіру – көп еңбекті қажет ететін процесс. Жемістің әр түрін өсірудің өзіндік құпиясын меңгеру қажет. Мұндағы топырақ органикамен тыңайтылады, ешқандай химия қолданылмайды. Қазір біз сырттан келетін көкөніс өнімдерінің орнын өз жерімізден шыққан өнімдермен алмастыруға ұмтылудамыз. Ұтымды технологияның арқасында жыл он екі ай бойы көкөніс өндіріп, тұтынушыларға ұсыну мүмкіндігі қарастырылды. Ғимараттың ішкі жылылығы мұқият ойластырылған. Цитрусты егуге ынта жоғары. Себебі, цитрус өнімдерінің шамамен 90 пайызы сырттан әкелінеді. Дүкен сөрелерінде тұрған – Өзбекстан, Марокко және Оңтүстік Африка, Қытай елдерінің лимоны. Ал олардың сапасы сын көтермейді. Қазақстанға әкелінген кезде жартылай піскен күйде келеді. Оған жолдағы түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Өзіміздікі болса, таза, табиғи болар еді. Қазір біз лимонның бір-екі түрін егіп бастап көрдік, жерсінеді. Тек микроклиматын келтіру керек, – дейді Б.Ешмұратов.
Кәсіпкер қыстың қытымыр суығында жылыжай температурасын бірқалыпты ұстап, өнімді тоңдырып алмау үлкен еңбекті қажет ететініне де тоқталды. Агросаланы тізгіндеуші аңдамай басқан бір қадам құрдымға кетіретінін айтады. Бұл ретте тек жалғыз ғана дауа бар. Ол – таза ниет. Болашақта жылыжай иесі өнімді жер-жерге жөнелтуді ойлайды. Сондай-ақ, нысанды ашар уақытта ауданнан жылыжайда көкөніс өсіру жолын білетін маман таппағанын да жасырмайды. Соңғы жылдары агросалаға таңдау жасаған жастар қатары артқан. Дегенде, бұл бетбұрыс жаңа қарқынмен, жаңа уақыт талабымен толыса түссе деген ойын жеткізеді кәсіп иесі.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
«Сыр бойы».