Бақыттың бір кілті – баспана
Биыл он мыңға жуық отбасы пәтер кілтіне ие бола алады. Бұл «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Себебі, республикадан оған 100 млрд теңге қаржы бөлінген.
Айта кетейік, аталған бағдарлама көпбалалы, толық емес отбасы мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жандарға арналған. Былтыр осы санаттағы 200-ге тарта отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Ол үшін республикадан 50 млрд теңге қаражат бөлінген еді. Нарық заманында пәтерден пәтерге көшіп, үй жалдап күн көру қиынның-қиыны. Ал, ізіңде 4-5 балаң, не аурушаң бөпең, жалғызбасты болсаң тіпті ауыр. Баспанаға мұқтаж осындай жандар үшін бөлінетін қаржы енді екі есеге артып отыр.
Қазіргі таңда жоғарыда айтылған соманың жартысы бөлінген. Соған сәйкес 12 – 20 наурыз аралығында «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтініш қабылдау жүргізілуде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Гүлмира Пазылованың айтуынша, өтінім қабылдау басталған күні 100-ден аса адам өтініш берген. Оның 36-сы көпбалалы отбасы екен. Өтінім беруге келген азаматтардың легі әлі де толастамаған. Мұны маман бағдарламаның тиімділігінің нәтижесі деп түсіндірді.
Дегенмен, бағдарламаның өзіндік тәртібі бар. Пәтер алғысы келген отбасы алдымен тұрғын үй кезегінде тұруы, оған қоса, табыс көзінің жеткілікті болуы шарт. Толық емес отбасының заң жүзінде ажырасу кезеңі 3 жылды құрауы қажет. Банк бөлімшесіне аталған бөлімнен жолдама алғаннан кейін ғана бару керек. Төлем қабілеттілігіне нақты табыс көзінен бөлек, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы да есептеледі.
– Әлеуметтік маңызы зор бағдарлама биыл да жалғасын тауып отыр. Несие беру шарттары бұрынғыдай, 10 процент бастапқы жарнамен жылдық 2 процентті құрайды. Биыл енгізілген басты өзгеріс ол – ең жоғарғы табыс көлемі. Яғни, талапқа сай табыс мөлшері займ алатын отбасының әр адамына бөлгенде 62 366 мың теңгеден келуі керек. Осыған дейін табыс көлеміне байланысты бұл мүмкіндіктен қағылған отбасылар осы жолы қоныс тойын тойлай алады, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы басшысының орынбасары Ильяс Журунов.
Бағдарлама аясында азаматтар өзі қалаған жерден жаңа немесе қолданыстағы пәтерді, жер үйді сатып алуына болады. Бірақ, жер үй құрылысы талапқа сай келуі тиіс. Ал қолданыстағы пәтерлердің мерзімі 50 жылдан аспағаны дұрыс. Сондай-ақ, жер үй міндетті түрде сақтандырылуы қажет болса, пәтер иесінен ол талап етілмейді. Сөз барысында маман, банк тарапынан көрсетілетін қызметтерге ешқандай комиссия ұсталмайтынын атап өтті. Тек нотариалды бекіту мен бағалау қызметінің ақысын тұрғындар өздері төлейді.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ