Шертпе күйдің шебері

Әсем ән мен тәтті күй әуелеген кешке Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі мен облыстық филармония әртістері қатысып, оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Әмзе дирижерлық етті. Шара барысында композитор Сыр еліне сапарын шығармашылық іс-шара аясында ғана емес, аймақтың рухани мұрасына қанығумен сабақтастыратынын жеткізді:
–Қорқыт бабаның мекені – Сыр еліне жеке шығармашылық концерт өткізу зор құрмет деп білемін. Себебі, музыка әлеміне үлкен үлес қосқан Қорқыт бабаның табаны тиген топырақ жаңа күш, тың серпіліс сыйлайды, әрі жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі орындалатын шығармалар менің толқынысым, жан-сырым, көңіл пернем. Егер музыкалық құндылық арқылы тыңдарман қауымға ерекеше әсер мен рухани азық сыйлай алсам – мақсатымның орындалғаны, –деді күйші.
Шығармашылық кеште сезім иіріміне толы «Ұлы дала», «Қоңырқаз», «Асыл ана», «Дарабоз», «Жазғы қар», «Мәлгаждар», «Бесік күйі», «Көңіл толқыны» секілді танымал шығармалары оркестрдің орындауында әуелесе, «Тарбағатай», «Қарлығашым», «Қоңыр жел», «Ерке құсым» атты әндері тыңдарман көңілінен шықты. «Жанымнан тәтті өмір» әні мен «Ақ жауын», «Көңіл толқыны», «Салтанат» күйлерін автор өз орындауында ұсынып, шығарманың шығу тарихынан хабар берді.
Сондай-ақ, Ақмарал Ноғайбаева, Гүлназ Нағашыбай, Мақсат Мақұлбеков, Самал Байсейтова секілді жергілікті әншілер композитордың шығармаларын орындап, концертті көңілді нотада қорытындылады.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ