ЕЛ ҮШІН ТУҒАН ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ
Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының негізін қалаушы, еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың туылғанына биыл 120 жыл толды. Есімі тек қазаққа ғана емес, тұғыры биік түркі жұртына мәлім Т.Қараұлы Орта Азиядағы қаламы қарымды, сыншы-көсемсөз иесі саналады. Қазақ жастарының білім алуына күш салып, ұлт мәдениетінің дамуына аянбай еңбек еткен оның дара жолын бүгінгі ұрпақ үлгі тұтуы тиіс.
Осыған орай 25 қазан күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Алаштың арда азаматының мерейтойына орай «Рухқа тағзым» атты мерекелік концерт өтті.
Алдымен жиылғандар Темірбек Қараұлының ерен еңбегі мен оған Кеңес үкіметі тарапынан жасалған әділетсіздікті суреттейтін бейнероликті тамашалады. Бұдан соң Өнер академиясының өнерпаздары ағартушының көрген қиындықтарын монологтар арқылы көрерменге жеткізе білді. Сондай-ақ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов пен бір топ өнер тарландары дәстүрлі әндерді шырқады.
Салтанатты шарада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының уақытша міндетін атқарушы Шәріпбек Әмірбеков сөз сөйледі. Ол Ұлы тұлғаны өскелең ұрпаққа дәріптеуді жандандыру керектігін айтты.
– Біз бұған дейін де қазақтың сүйікті перзентінің атына мүшәйралар мен көптеген шаралар ұйымдастырдық. Сіздердің назарларыңызға солардың үздіктері ұсынылды. Елінің еңсесін тіктеймін деп жазықсыз «халық жауы» атанып, оққа үшқан арда азаматтың ұлтжандылығы мен батылдығы баршамызды бей-жай қалдырмайтыны рас. Сондықтан оның рухына тағзым ету бәріміздің азаматтық парызымыз, – дей келе Сыр еліне арнайы әкелген мерекелік тартуын табыстады.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сәле Бапанованың мерейтойға дайындаған «Көшпенділер арулары» атты сән топтамасы кеш көркін еселей түсті. Ұлтық ерекшелік пен заманауи сән үлгілері үйлесім тапқан бұл туындыны халық зор қошеметпен қабылдады.
Мерекелік концерт соңында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ұйымдастырушылар мен жиылған жұртқа алғысын білдірді.
Бұдан басқа, қайраткердің туғанына 120 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды. Театр қабырғаларына Темірбек Қараұлының тұлғасы бейнеленген Қорқыт Марина, Дүзелхан Ағымсалы мен Төлеген Сүлейменовтың төл туындылары ілінген. Ә.Сәрсенбаевтың «Сайдағы жайлау», «Мұстафа Шоқай», С.Ахметовтың «Құмкөл», Қ.Үмбетованың «Аманат», Қ.Каметовтың «Қара жорға» атты еңбектері де көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, Дәубай Естайдың білезік, сырға, белдік, сылдырмақтан тұратын зергерлік бұйымдар тотамасы таныстырылды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ