Оралдан ақын келді көрісуге...

14 наурыз Қауышу күніне орай қалалық Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, журналист Асантемір Қаршығаұлының «Оралдан ақын келді көрісуге» тақырыбында жыр кеші өтті.
Ақынның туған топырағына жазған жыр жолдарымен басталған өнер кешіне ақын Дүйсенбек Аяшұлы, ғалым Серікбай Қосанов, ақын, режиссер Оңталап Нұрмаханов, еңбек ардагері Сәпен Аңсатов, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы қатысып, мерейтой иегерінің мәртебесін паш етті.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжанов:– «Жайық пен Сырдың арасын жырымен жалғастырып, көктемнің алғашқы айында көпір салып келген ақын қадамына сәттілік тілеймін. Қауышу күні дәстүрімізде өткенге салауат айтып, бүгінге берекет тілеу. Осындай айтулы күнде тарихымызды жаңғыртып, дәстүрімізді дәріптеген таланттың тұғыры биік болсын. Ақын тағдыры – елдің тағдыры. Халқымыздың ынтымақ – бірлігін қаламына арқау еткен ақынға Сыр жұртшылығының атынан алғыс білдіремін» деп ізгі лебізін жеткізіп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Мөлдір сезім мен ауылдың қоңыр тіршілігі бейнеленген шығармалар желісін қалалық жастар театрының өнерпаздары сахналады. А.Қаршығаұлының «Ақжайық» толғауын жыршы Марат Сүгірбай жырласа, «Мінәжат», «Жоқтаушың менмін бәріңнің» шығармаларын Сырдың мақам-сазымен Бекзатхан Әбдімажитов, Жәнібек Жақсан жоғары деңгейде орындап шықты.
Ақын кешіне Атырау облысы Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин келіп жылы лебізін білдірді.
Кеш қорытындысында А.Қаршығаұлы «Тәңірге хат» кітабынан өлеңдер оқып, елге риясыз көңілін білдірді.
Ақын өлеңдерінде Махамбеттің мәрттігі, Ақұштап пен Фаризаның өлеңге деген пәк махаббаты анық аңғарылып тұрды. Өлең кешінен біз осыны байқадық.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.