Қызылордадағы дәріханалардан заңсыз есірткі заттары тәркіленді
Қызылорда облысында 10-13 наурыз аралығында «Допинг» арнайы операциясының бірінші кезеңі өткізілді.
Кең көлемді «Допинг» жедел профилактикалық іс-шарасы есірткінің заңды айналымы саласында құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған.
Аталған шара барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен есірткі құралдарының, психотропты заттардың және прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын дәріханалар мен қоймаларға тексеру жұмыстары жүргізілді.
Жүргізілген шараның 3 күнінде облыста 28 құқық бұзушылық анықталды.
«Іс-шара барысында облыс аумағында орналасқан 7 дәріхана тексеріліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426 бабы (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттармен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша 3 заң бұзушылық анықталды.Заңсыз айналымнан барлығы – 36,25 гр. есірткі заты марихуана, дәріханалардан 22 дана таблеткалар алынып тәркіленді», – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.