Өзіңді сақтау – өзгені қорғау
Бүгінде жаһанды жайлаған коронавирус індетін ауыздықтау – адамзат алдындағы басты мәселеге айналуда. Әлем бойынша індетті жұқтырғандар саны 500 мыңға жетсе, Қазақсатанда бұл көрсеткіш 250 адамнан асқан. Ауруға шалдыққандар күн санап артып келеді. Сондықтан, ҚР Президеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен енгізілген төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтау, қауіпсіздік шараларын назарға алу – қоғамға ортақ іс, жалпыға міндет екені белгілі. Осы орайда, арнайы құрылған мобильді топ қаладағы сауда орталықтарын аралап, төтенше жағдай талаптарын орындау барысымен танысты.
Бұл жолғы рейдтік шараның басты мақсаты – сауда орнындағы медициналық талаптар мен төтенше жағдай бойынша бекітілген нұсқаулықтың жүзеге асуын қадағалау. БАҚ өкілдері, қалалық прокуратура және полиция мен тауарлар сапасын бақылау басқармасының мамандарынан құралған мобильді топтың алғашқы нысаны «Атамекен» сауда орталығы болды. Сауда үйіне кіргеннен әкімшілік тарапынан қажетті шараларды уақытылы орындалғаны байқалды. Кереберісте антисептик құралдары қойылып, тазалау жұмыстары мұқият жүргізілген. Мобильді топ сатушыларға азық-түлікті қолқап арқылы ұстауды, тұтынушымен байланыста масканың міндетті түрде болуын ескертіп, арнайы жадынама таратты.
–ҚР Президентінің Жарлығында көрсетілген нұсқаулықты орындау бойынша қала аумағындағы сауда үйлері мен базарлардың тиісті талаптарға сәйкестігін тексерудеміз. Қала әкімдігі жанында арнайы штаб құрылып, құзырлы сала мамандарынан арнайы мобильді топ жұмыс жасауда. Сондай-ақ, түнгі және күндізгі рейд жүргізудемін. Сауда орталықтары, кафе-асханалардың белгіленген уақыт аралығында жұмыс жасауын қадағалап отырмыз, –деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов.
Айта кетейік, бүгінде барлық сауда орны, көпшілік нысандар, базарда антисептик болуы, залалсыздандыру жұмысын жүйелі жүргізілуі, ауа тазарту секілді сақтық шараларын орындау негізгі міндетке айналған. Бұл талаптарды орындау мекеме басшыларына жүктеліп, тиісті әкімшілік тарапынан қадағалауға алынып келеді.
–Күнделікті жұмыс барысында маска мен медициналық қолғапты пайдаланамыз. Әрбір 3-4 сағатта қолымызды антисептикпен тазартып отыруға дағдыландық. Тұтынушыға да қауіпсіздік шарасын сақтауды сұрап, маска тақпаған адамдарға ескертіп келеміз. Қауіпсіздік бәрімізге ортақ міндет екенін түсінуіміз қажет, –деді сатушы Күлзипа Жақсылықова.
Мобильді топтың кезекті бақылау нысаны «Ескі базар» маңындағы сауда орнында жалғасты. «Асбол», «Талғат», «Жайна», «Сыбаға» сауда үйлері орналасқан көпшілік нысан болғандықтан жіті бақылауда болды. Мамандар асхана жұмысын, азық-түлік тауарларының талаптарын, ғимараттың желдету-тазалау жүйесін тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлер де әкімшілік өкілдерімен кездескеніне ризашылығын білдіріп, көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. «Базар жұмысы тоқтап, карантинге алынады ма?», «Жалдау бағасын төмендету болады ма?» деген сауалдарға ресми жауап алуға асықты. Аталған сұрақтарға қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов нақты әрі толымды жауап беруге талпынып:
–Ойын-сауық нысандары уақытша тоқтайтыны рас. Алайда, базар, азық-түлік дүкендері жабылмайды. Тек ғана жұмыс уақытында өзгеріс болады. Мәселен, киім-кешек тауарын сататын сауда орны таңғы 11:00-ден кешкі 17:00 аралығында сауда жасаса, 2000 шаршы метрден асатын сауда үйлерінің жұмыс уақыты 10:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Жалдау бағасына келер болса, қазіргі таңда сауда үйлерінің иелерімен келіссөз, жиындар жүргізілуде. Жақын арада шешімі болады деген ойдамын, –деді.
Сонымен қатар, мамандар жағдайға бей-жай қарап, жауапсыздық танытқан кәсіп егелері де көп екенін ашына айтты. Бүгінде сақтық шарасын сақтамай, жұмыс уақытын белгіленген межеден асырып немесе уақытша жабылуға тиіс нысанды тоқтатпаған кәсіпкерлерді жазалау да жолға қойылған. Қазіргі таңда қалалық полиция және әкімшілік мамандарының тексерісі нәтижесінде, төтенше режим талабын сақтамаған 21 азамат анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 3 азамат қамауға алынса, қалған азаматтарға айыппұл салынған.
–Басты мақсатымыз халықты құлақтандыру. Жалаң қолмен азық-түлікті ұстауға тыйым салынады.Сатушы сақтық шараларын ұстану, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерінен өзге азық-түлік тауарларын буып-түйіп, қаптамада сақтау, тұтынушыға қызметті арнайы қолғаппен көрсету секілді міндетті білуі қажет. Сондай-ақ, ҚР Бас санитарының қаулысымен кәсіпкерлерге жадынама таратылды, – деді қалалық көрсетілетін қызмет сапасын бақылау басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Қалкөзова.
P.S. Бүгінгідей дүрбелеңде сақтық танытып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір азаматтың борышы. Себебі, індеттің зияны – ауырған науқаспен шектелмей, айналаға таралады. Сондықтан, қауіпсіздік басты міндет екенін естен шығармаған жөн.
Ерсін БАЛТАБЕКҰЛЫ