Блок-постта кезек неге көп?
Алматы секілді миллион халқы бар қалада көлік кептелісі үйреншікті жағдай. Ел оған көндігіп кеткен. Ал, Қызылорда секілді халқы санаулы қала үшін мұндай машақат бұрын-соңды болмаған. Әсіресе, төтенше жағдайға байланысты қойылған қалаға кіру және шығу блок-посты алдындағы кептелісті көзбен көріп, жағдайдың мұншалықты қиындық туғызатынын білмеп едік. Ұзынсонар кезекке тұрып, бір сағаттай уақыт жоғалтқан соң мәселенің ақ-қарасына үңіліп көрдік.
Шындығы керек, қалаға қарасты Ақжарма, Ақсуат ауылдық округі мен Сабалақ елді мекені және саяжай тұрғындары, бірнеше жұмыс орны («Қазгермұнай» АҚ, Автоцон, әуежай, әскери бөлім) қызметкерлері күніне осы посттан неше рет өтуге мәжбүр. Ары-бері өткен сайын кезекке тұрады, күніне бірнеше рет медициналық тексеруден өтеді. Таңғы жетіден қамданып, жұмысқа жедел шықпаса ешкім үлгермейді.Өйткені кезектің бір аяғы көлік базарына тақалды, бір аяғы Наурыз елді мекен тұсындағы көпірдің үстіне шықты. Қалаға кіру постына үш қатар көліктің тұмсығы тіреліп тұр. Полиция қызметкерлері құжат тексерумен қатар көліктің реттілігін сақтауға барынша күш салуда. Бұл жерде ешкімді кінәлауға тиісті емеспіз. Полиция да, дәрігер де өз міндетін жауапкершілікпен атқаруда. Шаруасыз адам жүрмейді, мына орыннан өтуші елдің қарасы қалың. Дәрігерлер нақты санын дөп басып айта алмайды. Есеп күнде өзгереді.
Көлік кептелісі жүйкені жұқартып ғана қоймай алтын уақытым зая кеткеніне күйіп тұрмын. Мұның басқа жолын қарастырмаса тұрғындарға ары-бері өту қиынға соғады, – дейді Сабалақ саяжайының тұрғыны Бикелді Тілеуқұлов.Дәл осындай пікірді Жақыпбек Махамбетов, Наурыз ауылының тұрғындары да растайды. – Медициналық тексеру жасау орынды және қажетті. Мұны қолдаймын. Ал, оны жеделдету жолын табу екінші мәселе. Адамның басында не болмайды, егер шұғыл шаруа шыққан жағдайды қалай шешеді? – дейді жүргізуші С. Жүзеев.
Шыны керек, бәлкім уақытша тәртіпке үйренісе алмай жатқан шығармыз. Кезектің де нәті қайтар. Дейтұрғанмен бір жағдай ескерілуі керек, тағы да қосымша дәрігер маманын іске қоспай кептелістің азаюы неғайбыл. Осы орайда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, 2 сәуірге дейін қала қонақтары мен сыртта жүрген қала тұрғындары кіріп, шығуына мүмкіндік бар. Ал, 3 сәуірден бастап кіру-шығу тоқтайды, тек кен орындарында, тағы басқа тоқтаусыз жұмыс жасайтын кейбір мекемеде жұмыс істейтін сырт жақтан келетін жұмысшыларға жұмыс орнының берген анықтамасы (фирмалық қағаздағы басшының қолы, мөрі) болған жағдайда, полицияға тапсырылған тізім бойынша жүзеге асады. Бір ескере кететін жәйт, Қызылорда қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін кіріп-шығуға тыйым салынады.
Әрине, бәрі де уақытша болар, бірақ мәселенің үлкен-кішісі болмайды. Қай мәселе де дер кезінде шешілсе құба-құп ғой.
«Ақмешіт-ақпарат»