Гүлшара Әбдіқалықова бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесті
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрағасы, «DALATEX» ЖШС директоры Д.Әбізов және «Фирма «Best-Service LTD» ЖШС диреторы А.Махамбетовты қабылдады.
Кездесуде аймақтың кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар мен ауқымды жобалар талқыланды. Өңір басшысы экономикалық көрсеткіштерді тұрақты деңгейде ұстап тұру, өндірісті бәсеңдетпеу, жұмыссыздықты жою бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
«Өңірдегі егістік жұмыстарына 10 750 тонна дизель отыны қажет болады. Жанармайды жеңілдетілген бағамен сатып алу мәселесі шешіледі.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 36,9 млдр. теңге облысқа беріледі. Бұл қаржы құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, елді мекендерді абаттандыру және көлік инфрақұрылымын дамыту сынды бағыттарға жұмсалады. Бұған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Конкурсты жүргізу тәртібі жеңілдетіліп жатыр», – деді облыс әкімі.
Жиында облыс әкімі аймақ бойынша 308 шағын және орта бизнес субъектісіне қатысты төлемдерді кейінге қалдыру жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың мемлекет алдындағы салықтық міндеттемелеріне жеңілдік жасалғанын атап өтті.
«Сіздерге айтар өтінішім, осы жеңілдіктерді кәсіпкерлерге жеткізу. Бизнес өкілдеріне конкурсқа қатысу, несиеге қол жеткізу талаптарын түсіндірсеңіздер. Тағы бір маңызды мәселе, әрбір кәсіпкерлік субъектісі мүмкіндігіне қарай аз қамтылған отбасыларға көмектесуі керек. Одан бөлек, экономикамызды тұрақтандыру, өз деңгейінде ұстап тұруымыз қажет. Сондықтан сіздермен жұмыс істейтін боламыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында өңір кәсіпкерлері толғандырған мәселелерін көтерді. Карантин талаптарына байланысты қалаға кіріп-шығу жолдары кеңінен түсіндірілетіні айтылды. Қазіргі таңда облысқа арнайы экономикалық аймақтың қажеттігі де атап өтілді. Осы ретте, өңір басшысы жобаның тұжырымдамасын әзірлеп, нақты істерді қағазға түсіруді тапсырды. Ал қалыптасқан жағдайға байланысты кәсіпкерлерге азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау қажеттігін атап өтті.