Қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс
Қаланың өсіп-өркендеуі, дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы тікелей қаржыға байланысты екені белгілі. Ел игілігіне берілген ғимараттар, түрлі нысандар, өзге де өзекті мәселелер соның нәтижесінде жүзеге асады. Сондықтан бөлінген қаражатты тиімді игеру, нақты мақсатқа жұмсау – басты міндет. Қала әкімдігінде өткен мәжілісте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тиісті сала басшыларына осындай нақты міндеттерді жүктеді.
Жиында алдымен қала әкімі бұған дейін қала әкімінің орынбасары болған Берік Сәрменбаевты жаңа қызметімен құттықтады. Өндірістік салаға қызмет ауыстырған оған қала әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ, қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы лауазымына Сыздықов Семсер Зұлпыхарұлы тағайындалғаны атап өтілді.
Ал, күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова қаланың жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты екенін тілге тиек етті. Маман жеңіл өнеркәсіп, кен өндірісі, ауыл шаруашылығы саласы мен тұрғын үйлерді пайдалануда бөлінген қаржының толық игерілгенін жеткізді. Оның айтуынша, қала бюджетінде өсім бар әрі жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұл бағытта атқарылған жұмыс жайында қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейітмахан Айменов есеп берді. Ол өз сөзінде ауылдық округтер мен кенттердегі салықтық түсімдер, кірістер мен шығындар, салықтан тыс түсімдер көлеміне талдау жасады. Бұл ретте қала әкімі қаржы мамандарына тиісті бағытта ай сайын талдау жұргізуді жүктеді. Сонымен қатар, бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, уақытылы игеруді, салықтық түсімдердің орындалуына басымдық беруді тапсырды.
Айдана СЕЙІЛ.