Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Филателист

Бір-бірімізді кей-кейде көріп жүрсек те ескермейді екенбіз. Айтжанның ашылмаған қыры мені мойындатты. Толағайдай тұлға иесі студент шағында бабындағы балуан болғанын білетінмін. Өйткені көрші жатақханада тұрды. Корпусқа жолымыз бір, асханада түйісеміз, әйтеуір жүзі таныс еді. Онан бергі уақытта ғылым жолына түсіп, кандидаттық диссертация қорғады. Қазір Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің "Тарих және құқық" факультетінде кафедра меңгерушісі. Бізге белгілісі осы ғана. Ал, оның "құпиясы" өте көп.
Университетте Қазақстан халықтары достастығына орай ұйымдастырылған шарада ол өз көрмесін ұсынды. Ондағы қазақтың әдет-ғұрпы, егенмен еліміздің наградалары секілді жан-жақты бейнелейтін маркалары барша қауымды баурап алды. "Ерінбеген етікші болады" дегендей, осынша марканы жинаудың өзіне төзімділік пен жинақылық керектігі айтпаса да түсінікті. Мұншалықты әуес болмаса, әрине бөлшектен бүтін құрау неғайбыл-ау. Оны шыдаған адам ғана шегіне жеткізеді. Айтжан сол талапты бағындырыпты.
– Марка жинауды 1975 жылы бастадым, – деп әңгімесін Айтжан өзі жалғады. – Мектептегі кезім, ықылас айрықша ауды. Кеңес уақытында жүздеген марка шығатын, ретімен іздестіреміз. Бір қызығы, поштадан құны 10 тиын тұратын марканы арнайылап мөр басып бір тиыннан сатады. Ол кездің басты талабы бала тәрбиелеу болғандықтан осылай істелді. Тіпті одақта филателистер қоғамы құрылған еді. Соған сай атаулы мерекелер қарсаңында көрме ұйымдастырылып тұрды. Мұның пайдасы орасан болатын. Себебі, ой-өрісті өсіруге, пәндік білімді көтеруге ықпалы ерекше еді. Кейбір суретке қарап, энциклопедия ашып, оқуға талпынады. Қысқасы, сана сарайын семіртеді, – деді ол.
Филателистер өзі қызыққан бағытқа қарай марка жинақтайды. Айтжанның негізгі бет алысы тарихқа басым болғандықтан сол бағытқа көңілді көп бөлді. Мектеп қабырғасында да, ҚазМУ-дағы студенттік шағында да тарих ол үшін ең сүйікті пән ретінде жоғары тұрды. Марка оған мол мүмкіншілік сыйлады.
– Әлі есімде, апайым Қызылордадағы іргелі мектептің бірінде биологиядан мұғалім еді. Бірде ол: – Айтжан, мен шаршаңқырап жүрмін. Оқушылар бұзықтау. Айтқан тілді ала бермейді. Сенің маркаларың бәлкім, оларды қызықтырар, бір амалын тапшы. Жәрдемің өте қажет, – деп қолқа салды.
Мен өтінішті құп алып, апайымның алғашқы сабағына жануарлар әлемін, сосын құстар, балықтарды, жойылып бара жатқан аңдарды кезек-кезегімен апарып отырдым. Оқушылар арасында қызығушылық туып, өзара қызу пікірталасқа ұласты.
– Мынау біздің каналда бар балық – десе, екіншісі, көкемнің аулаған аңы, – деп ақбөкен туралы ойын ортаға салды.
Сабаққа деген ынта артты. Оқушылардың қатысуы толық болды. Биология олар үшін басты пәнге айналды. Сондағы апайымның маған деген алғысы шексіз еді. Міне, марканың маңызы қандай!
Студент кезімде өндірістік практиканы Алматыдағы №12 орта мектепте өткізуге тура келді. Байқаймын, кілең басшылардың, қайраткерлердің балалары оқиды. Мұғалімнің өзін менсіне қоймайтын оқушыға практикант кім? Бірақ, міндет мойында, орындау қажет. Оның үстіне талап күшті. Балаларды оқулықтың жаттанды сөзі жалықтырған секілді. Мұндай ортадан мені маркаларым құтқарды.
Тарих кітабына түспеген Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери техникалар жөнінен жинақтаған маркаларды жайып салғанда сыныпта тыныштық тына қалды. Өздеріңізге белгілі, соғыстың алғашқы жылдарында кеңес үкіметі Америкадан 9600 зеңбірек, 18700 ұшақ, 10800 танк, 400000 автокөлік алған. Бұл туралы балалар беймәлім еді. Марка арқылы таныса отырып, оқушылардың ой-өрісі кеңейе түсті. Мұнымен қоса батыр қалалар, Кеңес Одағының батырлары секілді циклді суреттер тіпті баурап алды. Практика үшін белгіленген уақыттың қалай біткенін білмей қалдық. Сондағы оқушылардың қимас сезімдерін айтсаңшы. Қазір ойласам, көп мәселе мұғалімге қатысты екен. Қосымша методикалық құралдар пайдалану тапшы. Сондықтан оқушы құр кітапқа үңіле беруге зауқы соқпайды. Оның үстіне ізденіс те аз. Мысалы, қазір мен тарихты оқыту әдістемесі, Ресей және кеңес тарихы ортағасырлар тарихы пәндерінде осы маркалар арқылы сутудентке мол мәлімет беруге тырысамын. Атап айтақнда, ортағасырлар тарихы пәнінде қайта өрлеу кезеңіндегі мүсінші, сәулетшілердің суретін көре отырып, сол заманның мәдениетін реалистік көзқараспен таниды. Ал, ұлттық үрдістер арқылы патриоттық сезім оянады десем артық айтқандық емес. Десекте алдағы уақытта Қазақстандағы тарихи оқиғалар, ұлттық тарихи тұлғалар туралы сериялы суреттер жарияласа қандай ғажап болар еді.
Айтжан Оразбақов маркамен қатар ақша үлгілерін жинауды да қолға алыпты. Ол да тарих үшін өткеннің ұмытылмас айғақтары сияқты. Соған сай сабақ барысында оның да қажеттілігі көп. 1961 жылғы ақша реформасынан бері де банкноттарға аз өзгеріс енбеген. Алпысқа тарта юбилейлік тарихи тұлғалар бейнесі бейнеленген ақша айналымға түсті. Тіпті Горбачев заманында әр республика өкілдеріне де мән берілді. Қазақстан егемен алған жылдардан бастап 60-70 түрлі ақша шықты. Солардың барлығы дерлік Айтжанның қолында бар. Негізінен ақша жинаумен айналысатын адамды нумизмат деп аталады. Коллекционердің көмбесінен өткен ғасырдың отызыншы жылдары айналымға шыққан ақшаларды көріп, үкімет қай бағытқа қатты назар аударғанын аңғару қиын емес. Себебі әр бесжылдықтың бағыттары купюр бетінде бейнеленді. Студенттерге қосымша методикалық құрал ретінде мұның да мүмкіншілігі мол.
1980 жылы Мәскеуде жазғы спорттық олимпиада ашылды. Сол жылы Айтжан Қызылордадағы механикалық жөндеу зауытында жұмыс жасайтын. Айтулы мерекеге орай олимпиада символы ретінде төсбелгілер шықты. Дүңгіршектен осыны байқаған жас жігіт көңілі қатты ауып, жинақтауға кірісті. Содан республиканың түкпір-түкпірінен алынған төс белгілері 300-ге жетіп құлапты. Жуырда оның коллекциясына жаңа сый қосылды. Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатының жаршы – төсбелгісін ғалым әріптесі сыйлапты. Оған шексіз қуанған Айтжан Оразбақов келешекте де толықтыра беретінін айтты.
– Мен үшін бұл бұйымдар жастардың тәрбиесіне, таным-біліміне жараса деймін. Сондықтан әрбір сабағымда методикалық құрал ретінде қолданамын. Бір өкініштісі, осындай әуесқой соңғы жылдары көрінбей кетті. Қазір Қызылорда қаласында екі филателист ғана қалды. Мүмкіндігіне қарап болашақта біздің қатарымыз молая түссе деген ойым бар, – деді ол.
Әрине, ол ойы орындала жатар. Бізге оның көмбесі құндылығымен қызықтыра берді. Оның осы методикасы басқа да ұстаздарға ұлағат болса дедік іштей.

Қаныбек Әбдуов

06 сәуір 2020 ж. 588 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 436 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам