Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Нұрислам неге жылады? Немесе мектепті сағыну...

Нұрислам неге жылады? Немесе мектепті сағыну...

Кеше мектеп оқушылары үшін IV тоқсан басталды. Мектеп айналасы жым-жырт. Тыныштық. Бұл жолы мектепке асыққан, ақ бантигі желбіреген оқушы көзімізге түспеді. Себебі белгілі. Төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары биылғы оқу жылының соңғы тоқсанын үйде отырып, қашықтан оқиды.
Жақында әлеуметтік желілерде таралған мектеп оқушысы Нұрисламның жылап тұрып, мұғалімін, мектебін сағынғанын, анасының үйде сабақты дұрыс түсіндіре алмайтынын жеткізуі бір қарағанда күлкілі сияқты көрінгенмен, күлкінің ар жағында аяушылық сезім болғаны рас. Бұл бір ғана Нұрисламның басындағы жағдай емес, талай Нұрисламдар үйде отырып мектебін сағынды. Талай бала ата-ананың сабақ үйреткеніне түсіне алмай, тіпті көндіге алмай, өзінің ұстазын сағынғаны рас. Әлеуметтік желідегі бұл көрініс Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті де бей-жай қалдырмапты. Министрдің «Педагог ретінде ол видео менің жүрегімді елжіретті. Менің айтарым: Нұрислам, анаң сені өте қатты жақсы көреді. Саған тек жақсылық ойлайды. Сабақты жақсы оқығаныңды қалайды. Сондықтан оны ренжітпей, тыңдағаның дұрыс», – деген сөзі үйде баласын оқыта алмай жүйкесі жұқарған ата-анаға, ұстазын сағынған оқушыларға да дем берді.
Төтенше жағдай басталғалы бері соңғы тоқсанның онлайн түрде өтетіндігі айтылып, дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл да ата-ана, мұғалім, оқушы үшін оңай болған жоқ. Алдын ала дайындық сабақтары барысында кедергілер болмай қалған жоқ. Ата-ананың түсінбеуі, техникалық құралдардың жетіспеушілігі, интернет желісінің көп жүктемені көтере алмауы және тағы басқа мәселелер алға шықты. Осыған орай Білім және ғылым министрі сынақ сабақ кезінде бір мезетте онлайн сабаққа қанша баланың қосылуын интернет көтермей, ыңғайсыздықтар болғанын атап айтып, қашықтан оқыту арқылы сабақ болатынын айтты.

Сыр елінде 161 779 оқушы білім алады

Аймағымызда оқушылардың қашықтан білім алуына дайындық барысын, жалпы білім беру жайын өңірлік коммуникация алаңында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов айтқан болатын.
– Облыс бойынша 293 мектепте 161 779 оқушы білім алады. Мектептердің 78 пайызы ауылда орналасқан. Барлық педагог саны – 21 705 мұғалім. Оқушылардың электронды құрылғылармен қамтамасыз етілуіне және интернетке қосылуына мониторинг жүргізілді. Электронды құрылғылары жетіспейтн отбасыларына мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Кашықтан оқыту Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығына сәйкес әдістер арқылы ұйымдастырылады. Алғашқысы бойынша «Бапапан» және «Еларна» телеарналары арқылы қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Бүгінгі күні білім министрлігі тарапынан бейне сабақтар дайындалуда. Жалпы 3000 мыңнан аса сабақ көрсетіледі. Әр сабақтың ұзақтығы – 10 минут. Арнайы сабақ кестесі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат беттеріне жарияланады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Телеарналар арқылы оқыту форматына облыстағы 73 847 оқушы қамтылады. Бейне сабақтарды барлық облыс оқушылары қосымша пайдалануға болады. Министрлік тарапынан теле сабақтар интернетке жүктелетін болады.
– Екінші әдіс негізінде «Қазақ» радиосы арқылы оқыту. Бейне сабақтардың аудио нұсқасы таратылатын болады. Бұны да балалар қосымша тыңдап, мағлұмат алады. Ал үшінші әдіс бойынша интернет арқылы оқу. Мұғалім өзіне ыңғайлы интернет платформаларды пайдаланады. Мысалы, «Электронды күнделік», «Дарын Онлайн» «Білімлэнд» интернет ресурстарында оқушылардың білім алуына қажетті контенттер жеткілікті. Онда бейне сабақтар, тестілеулер, әдістемелік нұсқамалар жүктелген. Пайдалану тегін. Бұл жерде мына мәселеге назар аударсақ, қашықтан оқыту дегенді онлайн оқыту деп шатастырмауыз қажет. Қашықтан оқытуда мұғалім кері байланысты электронды почта, электронды күнделік, уатсап мессенджерін пайдаланады. Электронды күнделік журналын пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда әр мұғалім қағаз түріндегі журналды қолданады. Интернеті және ұялы байланысы жоқ елді мекендерде кері байланыс алдын ала дайындалған тапсырмалар үйлеріне санитарлық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып жеткізілетін болады. Облыста бұндай елді мекендер саны 25-ті құрайды. Ондағы мектептерде 2 696 оқушы білім алады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

P.S. Дүйсенбіден бастап әлеуметтік желілерде жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндердің суреті жариялана бастады. Күндегіден ерте тұрып, теледидар алдында отырған олардың жүзінен шынында да мектебін, мұғалімін сағынғаны сезіледі.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА







07 сәуір 2020 ж. 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам