Болашаққа бағдар жасайтын сәт
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау қиын-қыстау кезде халыққа жариялаған үндеуі қойнауына сан ұлт пен ұлысты бір ту астына ұйыстырған Қазақстандай тәуелсіз ел үшін керекті насихат болды.
Шынында мұндай зұлматты бұрын бастан кешпеген қарапайым халыққа бұл тосыннан келген індетпен күрес оңайлыққа соқпай отыр. Білім саласы да айтарлықтай қиындықпен бетпе-бет кездесті. Алайда бұл тығырықтан шығудың жолдары табылды. Өзімнің білім саласындағы тәжірибем бойынша ұстаздар қашықтықтан оқыту сабағын бастап та кетті. Қазіргі технология заманында интернетпен оқушыға дәріс беруге мүмкіндік бар. Ол әлі де жетілдірілу үстінде. Елбасы айтқан кемел сөздің жаны бар. Құр байбаламға салынбай, ғылым мен біліммен терең айналысатын кезең келді. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген тамаша тәмсілін тілге тиек еткен Тұңғыш Президент Қытай елінің бұл дертті ұйымшылдық және темірдей тәртіп арқылы жеңгеніне тоқталды. Расында төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары мен дәрігерлер талабын орындап, үйде отырған сәтті пайдаланып білімімізді жетілдірейік. Кітап оқып, жан сарайымызды байытып, болашағымызға бағдар жасайық. Біздің заманымызға келген тосын қиындық асыл армандарымыз бен айқын міндеттерімізге тосқауыл бола алмайды. «Кемедегінің жаны – бір» дегендей баршамыз жұдырықтай жұмылсақ, Елбасы пайымдағандай бұл өткелден де өтіп, елдің өркендеуіне қалтқысыз қызмет ететін боламыз.
Гүлмира Сүлейменова,
№257 мектеп директоры