Бірегей тәртіпті белден басқан кімдер?

Сала мамандарының айтуынша, бүгінде төтенше жағдай режимін бұзушылықтың 176 фактісі тіркелген. Оның ішінде кафе мен мейрамханада - 40, жеке үйлер – 22, дүкен – 41, қонақ үй – 5, компьютерлік –7, басқа да тәртіп бұзушылықтар – 61. Олардың 51-не әкімшілік айыппұл салынса, 58-не әкімшілік қамау шарасы қолданылған. Міне, цифрларды сөйлетсек, біздің әлі мәселеге мәнсіз, жауапсыз қарап жүргеніміз байқалады. Әлеуметтік желіде елге сыйлы, сөзі үлгілі зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары өздерінің келелі пікірін бейнеқоңырау арқылы жеткізіп, жолдап жатса да құлақ аспаймыз.
Ақпарат құралдары да жарғақ құлағы жастыққа тимей, дендеген дертті науқастардың ортасында жүріп, тікелей хабар таратып жатқаны да осы кісілерді селт еткізбегені ме қалай? Тіркелген науқастардың 60-70 проценті – жастар болып шықты. Қатар-құрбылар көңіл көтерудің жолын іздеп, сауық кешін ұйымдастырған. Нәтижесінде олар ауруды бір-біріне жұқтырған. Облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, аймақтың бас санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, осындай топтық жағдай көптеп тіркеліп жатқаны белгілі болды.
–Осының салдарынан бір ауылдан 25 сырқат шықты. Аурудың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған жаңа қаулы жарияланды. Ол бойынша топтасып көшеде жүруге тыйым салынып отыр. Үй карантинін сақтаңыздар! Қонаққа бармаңыздар, қонақ шақырмаңыздар, – деді бас санитар.
Қауіп сейілгенше өлім-жітім жағдайына жиналуға шектеу қойылып жатырғанын да ескертті ол. Қазіргі кезде Қызылорда еліміз бойынша ауру саны жөнінен алдыңғы үш облыстың қатарында тұрғанын ескерсек, біздің әлі де сырқаттың сырын түсінбегеніміз сезіледі. «Сақтансаң сақтаймын» дейді дана халқымыз. Қалғып кетіп, қалтарыста тұрған науқастың қақпанына түспейік. Ойнақтап жүріп от басқандар өздеріңді ғана емес, үйдегі ата-ана бауырларыңа қиянат жасайтындарың естеріңде болсын. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегендей, төрт көзіміз түгел, дендеген дертті дарытпай, келісіммен, ортақ тәртіппен мәмілеге келіп, жарқын болашақ үшін тәртіпке көнейік, ағайын!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА