Мал семізі - малшыдан ал, ауырғаны кімнен?
Халықтың негізгі шаруа көзі төрт түлік мал екені белгілі. Бұл ретте өңірдегі мал шаруашылығында өсім байқалады. Мал басының көбеюі халықтың ризық-несібесінің артуына, соған сәйкес тұрмыс жағдайының жақсара түсуіне әкеледі. Мұнда аса қауіпті ауруларға қарсы егу-диагностика жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуге де тікелей байланысты екенін ескерген жөн. Осы орайда біз Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы мамандарына хабарласып, бұл бағытта атқарылған жұмыс жайын сұраған едік.
Биылғы жылы облыста эпизоотиялық іс-шараға 5552,4 мың доза ветеринариялық препарат қажет. Ол аса қауіпті сібір жарасы, аусыл, құтырма, оба сияқты 14 түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін. Бүгінде оның 42,9 проценті облысқа жеткізілді. Яғни, бекітілген 3 айлық жоспарды орындап отыр.
Сарып қауіпті індет
Көктем, жаз айларында күрт өсетін сарып (бруцеллез) ауруы болып отыр. Бұл малдың төлдейтін кезеңіне тікелей байланысты. Аурудың алдын алу мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілді. Дәрігерлердің айтуынша, көбіне түрт-түліктен бруцеллез және туберкулез аурулары анықталып жатады екен. Сондықтан да, уақытылы мал дәрігерлеріне тексертіп, екпе жасау керектігін қатаң ескертеді. Қой мен ешкі сарыппен жиі ауырады. Сондықтан олардың зәрі, тезегі, қиы және тағы басқалары арқылы оны бағатын немесе етін жеп, сүтін ішкен адамдарға жұғады. Ауру мал төлдегенде (бұзаулағанда, қоздағанда, лақтағанда) күніне жетпей іш (төл) тастағанда, төлдің денесінде, малдың шуында, қағанағында да қоздырғыш болады. Бұл өте бір қауіпті кезең. Шала-жансар туған және іш тастаған, өлген төл сарыптың қоймасы. Өлексені ұстаған адам және оның етін жеген хайуанат көбінесе жазғытұрым жұқтырады. Бұл малдың төлдейтін маусымы. Мамандар 57,9 мың бас МІҚ, 112,4 мың бас уақ мал тексерген. Нәтижесінде ауру 16 бас мүйізді ірі қара, 2 бас уақ малдан анықталды. Мамандар ауру малды ветеринариялық-санитариялық ережелерге сәйкес сойған.
Жануарлардың энзоотиялық ауруларына қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен тұрақты қаржы бөлініп келеді. Бүгінде МІҚ тейлериоз, жылқының сақау, гастрофилез, уақ малдың фасциолез ауруларына қажетті ветеринариялық препараттар жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Қалған ауруларға (МІҚ пироплазмоз, түйенің трипанасомоз) қажетті ветеринариялық препараттар сәуір айының соңына дейін сатып алынып, жеткізіледі деп күтілуде.
Бірдейлендіру жұмысы
Өңірімізде бірдейлендіру жұмыстары жүргізілуде. Яғни дерекқорға жануар туралы мәліметтерді енгізу және жануарға ветеринариялық паспортты беру. Онда жапсыру, чиптеу, таңба салу, жолымен жануарларға жеке нөмір беріп, есепке алу жүргізіледі. Биылға ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары 95,2 мың бас мүйізді ірі қара, 248,8 мың бас уақ мал, 32,9 мың бас жылқы, 7,9 мың бас түйе, 8 мың бас шошқа, 139 бас тақ тұяқтылар жылдық жоспары бекітілген. Осы бекітілген жоспар бойынша 18,8 мың бас мүйізді ірі қара, 24,8 мың бас уақ мал, 264 бас түйе, 3,5 мың бас жылқы, 0110 бас шошқаны бірдейлендірген.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор жүйесінде 342,7 мың бас мүйізді ірі қара, 663,5 мың бас уақ мал, 2,5 мың бас шошқа, 147,5 мың бас жылқы, 47,8 мыңбас түйе, 774 бас тақ тұяқтылыр тіркелген.
Сонымен қатар облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін биылғы жылға 96,8 мың бас мүйізді ірі қара, 93,1 мың бас түйе, 236,8 мың бас уақ мал, 1,2 мың бас шошқаға қажетті құлақ жапсырмалары сұратылуда.
Жануарларды чиптеу әдісі
Бұл жануардың электрондық паспорты саналады. Егер де жан-жануарлар жоғалатын болса немесе белгілі бір жағдайға тап болса осы чип арқылы тауып алуға болады. Мал дәрігерінің айтуы бойынша чиптеу процесі ірі қараның санын білуге, екпеден өткен-өтпегенін білуге жәрдемдесіп қана қоймай, аурумен күресте өз септігін тигізеді екен. Өңірімезде чиптеу әдісін жылқы малына пайдалануда. Чип әдісін жүргізу тиімділігін жеке және заңды тұлғалар пайдалануда. Бүгінде өтініш арқылы 3880 бас жылқы жануарларына чип нөмірлері берілген. Бірақ чип нөмірлері бергеннен кейін, чипті жасату жеке және заңды тұлғалардың өз қаражат есебінен жүргізіледі.
P.S:Үйдегі малды жыл сайын тексертіп, аса қауіпті ауруларға қарсы егіп отыру – оның өнімін күнделікті пайдаланып отырған отбасының, бала денсаулығының кепілі. Сондықтан, мал иелері, шаруа қожалықтары өздерінің иелігіндегі төрт түлік мал есебін аудандық ветеринариялық мекеме мен оның округтердегі пунктіне дер кезінде мәлімет беріп, жаңадан әкелінген жануарлар туралы уақытылы хабарлап, сырғалап, түрлі ауруға қарсы толық ектіріп отыру қажет. Мұндай шаралар уақытылы, сапалы жүргізілсе қауіпті індеттен сақтану, мал шығынын азайтуға болады. Бұл өз кезегінде шаруалардың да, қарапайым тұрғынның да зиян шекпеуі үшін қажет.
Наргиза НАРТАЙҚЫЗЫ