«Мен үшін науқастың айыққаны – мереке»
Түннің қай уақыты екенін белгісіз, ол шыр ете қалған телефон дабылынан шошып оянды. Күні бойы ауыр науқаспен арпалысып, көзі ілінгені сол еді. Трубканы құлағына тосып еді, кішкентай Азаматының дауысы естілді былдырлаған. «Анашым, мен ұйықтай алмай, сізді сағынып жатырмын.
Өзіңіз де абайлаңыз. Біздің қасымызда әжеміз бар. Сізді уайымдап жатырмын. Өзіңізді сақтаңыз. Бізге керексіз, анашым...». Әсел өз-өзіне келіп, дауысын жұмсартып, мейірімге толы үнмен ұлымен тілдесті. Жанарына толған жасты сүртіп жатып, «Айналайын, балапаным, сабағыңды жақсы оқы. Тәртіпті бол. Мені уайымдама. Мен мұнда дәрігер болған соң, ауырып қалған аға-апаларды емдеп жатырмын. Олардың да сен сияқты балалары бар. Ол кісілер де жазылып, үйлеріне баруы керек. Көп ұзамай ораламын, ботам!Бетіңнен сүйдім.» деп ұялы телефонмен ұлын жұбатып жатты. Күнде бұлай мезгілсіз уақытта хабарласпайтын ұлы шынында сағынған екен. Бүгінде оның отбасынан бөлініп жатқанына табаны күректей 1 айдан асып барады. Бірақ жұдырықтай жүрегі мейірімге толы Әсел дәрігерлік мамандықты таңдағанына еш өкінбейді. Адам өмірін сақтап қалу – ең үлкен жауапкершілік. Оның үстіне осындай сын сағатта сыр бермеу керек.
Міне, қарбалас жұмыс күні басталып та кетті. Мамандығы дәрігер- инфекционист болғанмен, мұндай аса қатерлі науқаспен 12 жылдық жұмыс өтілінде бетпе-бет кездесіп көрмепті. Біз журналист ретінде ұялы телефон арқылы Әселден қазіргі жатқан науқастардың халын білдік. Бұл – түскі үзіліс сәті екен.
Наурыздың 29-ы күні алғашқы науқас түсіп, 30-нда провизорлық емге кеткеннен бері дәрігер, медбике, санитаркыге дейін жарғақ құлағы жастыққа тимей күндіз-түні жұмыс жасауда. Әрине, бұл күллі әлемді дүр сілкіндірген кесел екені белгілі. Сондықтан онымен күресте мүлт кетсең, кеселдің меңдеуі күшейеді. Басында қорыққанымыз рас. Қазір бізде 10 науқас емделуде. Үлкені – 87, кішкентайы – төрт жаста. Олардың қазір ауруының беті қайтып келеді. Бізде дертті жандардың жүзіне күлкі үйіріліп, қуанса, бізге кәдімгідей мейрам секілді. Сыртқы ортадан оқшаулануға үйрендік. Біздің міндетіміз – науқастарды дертінен тезірек айықтырып, аман-есен отбасына қайтару. Еңбегімізді ескеріп, айлығымызға қосымша төлемақы төлеуге шешім қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына сала қызметкерлері атынан зор алғыс айтамыз. Менің наурыз айындағы жалақыма қосымша індет жұқтырған науқастарды емдеуменайналысып жатқаным үшін 248 000 теңге үстеме төленгеніне қатты қуандым. Бұл көмек бізді жұмысты аса жауапкершілікпен атқаруға қанаттандырады, – дейді дәрігер. Бұл мылтықсыз майданның алғы шебіндегі дәрігерлер шынында, адамды қорғау үшін жанын қатерге тосып жүрген бейбіт заманның жауынгерлері. Біздің кейіпкеріміз – Әсел Сейілова Жаңақорған аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-инфекционист. Ол – отбасылы. Жұбайы Дәнекер Ахметовпен екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде оның отбасы Әселдің еш алаңдаусыз жұмыс жасауына қолдау білдіруде.
«Үйдің ырыс-несібесін тасытып, сүттей ұйыған шаңыраққа шуақ төгіп отырған ақ жаулықты анамызға мың алғыс. Мен сол кісінің арқасында елге қызметімді еселеп жасап жатырмын. Арудың беті қайтса, бейбіт еңбекке араласып, отбасымызбен қайта қауышамыз» дейді ақ желеңді дәрігер.Шынында, дендеген дерттің дауасын дәрігер ғана табады. Сондықтан дәрігерлер, сіздер аман болыңыздар!Отбастарыңызға тезірек оралыңыздар. Дүйім елдің тілегі сол ғана!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА