Бірлікті елдің бағы жанар
Коронавирус пандемиясына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан, қайырымды жандар есебінен халықтың әлеуметтік әлсіз санатына жататын жандарға, көпбалалы, мүгедек тәрбиелеп отырған отбасыларға 50 мың теңге беру науқаны басталып та кетті. Біздің аймақтағы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бүгінде 6313 отбасы осы көмекті алып үлгерген. Оның 4913-і аз қамтылған, 1887-і жетім, 1213-і зейнетақысы төмен тұрғындар. Бұл төлемдердің 4288-і «Халық», 29-ы «ВТБ», 58-і «Жусан» банкі филиалы арқылы тұрғындардың жеке шотына аударылған.
Бұл санаттағы тұрғындар ешқандай карточка ашпайды, ешқайда бармайды. Ол кісілер туралы мәліметті бізге қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміұсынады. Сол тізім арқылы біз материалдық көмекті автоматты түрде екінші деңгейдегі банк арқылы карточкасына немесе есепшотына аударамыз. Ешбір уайымдаудың қажеті жоқ. Тағы бір айта кететіні, одан ешқандай комиссия мен несиелік қарыз ұсталмайды. Оның оңай жүзеге асатын тетігі іске қосылған. Осы санатқа кіретін қарапайым халықтың еш алаңдауына негіз жоқ, –дейді ол.
Шынында осындай карантиндік шектеу кезінде беріліп жатқан бұл қаржыдан бөлек, азық-түлік те үйді-үйге таратылуда.
«Осындай қиын кезеңде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, қолдағы мүмкіндігін аямай, қаржылай да, азық-түлік түрінде ұсынып жатқан атымтай жомарттарға елдің алғысы шексіз. Қазір он екі миллионнан астам қаржыға алынған азық-түлік өз тұтынушысына жетті. Осы орайда «Мейірім – Қызылорда» ерікті жастарының еңбегі ерекше. Ал, қомақты қаржыны ұсынған жергілікті жомарт жандар халыққа өздерінің атын атап, түсін түстеуді қажет деп таппай отыр. Бұл да болса, қазақ деген халықтың дархан мінезді жайсаң азаматтарының бекзат болмысы болар. Олардың арасында депутаттар, меценаттар, кәсіпкерлер бар» дейді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов.
Ал, біз өз тарапымыздан газет оқырмандарына осы санатқа енген-енбегені жайлы білу үшін жуырда қаламызда мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қолдауға арналған GALL-CENTER ақпарат жүйесі іске қосылып, өз жұмысын бастағанын еске саламыз. Ол үшін мына байланыс нөміріне хабарлассаңыз 8-(7242)271000. Ол жерде арнайы мамандар жұмыс жасауда.
Осы әлеуметтік төлемді, азық-түлік пакетін алып, Елбасының сындарлы шақтағы жәрдеміне риза болып жатқан қала тұрғындары бар. Жанар Елеусінова, көпбалалы ана:
Елде болып жатқан індеттің ауыртпалығы сыр еліне де оңай болып тұрған жоқ. Мен 7 бала тәрбиелеп отырмын. Шүкір «Елде болса, ерінге тиеді» деген. Балаларымның несібесі шығар, ешқайда әуре болып барғаным жоқ. Есепшотыма 10 сәуір күні 50 мың теңге «Birgemiz» қоғамдық қорынан түсті. Балаларымның қуанғанын көрсеңіз. Елбасының қамқорлығын қарапайым халық сезініп жатыр. Ол қаржыға бірінші кезекте үйге азық-түлік алдым. Сабырлы адам ешқашан ұтылмайды. Мен сияқты аналарға айтарым, дүрлігіп есік жағалаудың керегі жоқ. Бұл науқандық жұмысқа барлық мамандар тартылған. Біз тек балаларымызбен үйде болайық. Елдің қауіпсіздігі үшін күні-түні еңбек жасап жатқан азаматтарға алғыс білдіремін. Сыр елінің халқы бұл дерттен аман шығатынына сенемін. Өйткені, біз осындай сындарлы шақта бірлік пен мейірімділік көрсетіп жатырмыз. Бұл жақсы ырымның нышаны.
Әсел Салқынова, көпбалалы ана:
Менің жуырда жолдасым өмірден өтіп, 5 баланы жалғыз өсірудемін. Бір қызым – студент. Қалғаны әлі кішкентай. Үкіметтен азық-түлік, жәрдемақы алып тұрмын. Осы карантин басталғаннан бері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы маған алдымен азық-түлік көмегін берді. Жуырда «Birgemiz» қорынан 50 мың теңге алдым. Хабарлама келді. Алып ең қажет деген заттарымды алдым. Үйден шықпай, бала тәрбиесімен айналысып жатырмын. Сабағын оқытамын, көркем әдебиетпен жұмыс жасаймыз, бақшаға тал егеміз. Кішкентай қызыма тақпақ жаттатып жүрмін. Теледидардан ауруға қатысты маман кеңесін тыңдаймыз. Әйел кісіге үйде айналысатын тірлік көп. Кішкентайларға торт, түрлі тәтті пісіремін. Дәмді ас әзірлеймін. Сіздерге де үйде болуға кеңес беремін. Бұл дүрбелең өтіп, еркін өмірге қайта оралу үшін үйден шықпай, тәртіпке бағынайық. Мәрт жандарға Алла разы болсын!Ақ халаттылардың еңбегін бағалайық. «Бірлік түбі – береке» екенін ұмытпайық.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ