Ұлы дала ұлағаты
Ғасыр қойнауына көз жүгіртсек, Әнет баба, Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің, тіпті, жау жағадан алғанда тапқыр ой, тұщымды, хас дұшпанды мірдің оғындай сөздерімен қан төгіссіз тізе бүктіргенін көріп, сол заманда сөз қадірінің салмақты болғанын мойындап, бас иеміз.
Шынында да, толғауы тоқсан қызыл тілмен ел ішіндегі, сыртындағы дауға араласқан шашасына шаң жұқтырмас билеріміз бен шешен, батырларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жеңгісі келіп өршеленген сыртқы адуынды күшті кемеңгер сөз семсерімен тұқыртып отырған. Қазақтың шешендік өнерінің дамыған уақыты 17-18 ғасырға дөп келеді. Бұл дәуір қазақ халқының қоқан, жоңғар, қалмақ басқыншысына қарсы ел тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылымен тұспа-тұс келеді. Осы кезеңде Сырым, Жәнібек батырдың аттары шығып, алқалы топтың назарына іліккен кезең. Қазақ елі мен Ресей өзара мәмілеге келіп, арада елші жүре бастаған кезде бір ханның ордасына келген орыс елшісін қайырмайық деген сөз болады. Сонда бүкіл қазақ елінен Ұлы жүзден Төле, орта жүзден Қазыбек, кіші жүзден Әйтеке билер төбенің басына шығып кеңеседі. Келелі кеңесті бірінші бастаған Төле көлге қарап:
– Алар ма еді мына көлдің қуын атып? – дейді. Бұл сөз тіркесін іле-шала жалғай сөйлеген Әйтеке: – Оғың шығын болмасын суын атып, – дейді. Мағыналы сөздің мәнін бұзбастан Қазыбек би ешбір тосылмастан?: – Құтылмастай пәлеге қап жүрмейік, құс екен деп перінің қызын атып, – дейді. Осындай шешендік жұмбақ сөзбен бұл мәселе оң шешіліп, көршілес елдің елшісіне тимейік деп ұйғарысқан екен.
Ғаламтор болмаған, кітаптың тапшы кезінде ұстараның жүзіндей тіліп түсетін өткір сөзге, әсем биязы мәнерге отбасындағы әке мен шеше, ата мен әже, халық даналары баулығаны – сол заманның үлгі алар тұсы. Көпті көрген ел ағалары, ақ жаулықты аналар көңілге тоқығанын құймақұлақ жастарға үйретуден жалықпаған. Мұның өзі елге сана ілімін үйрететін ерекше дарын мектебі болған. Сол тар кезеңде дүниеге келген қайсыбір қазақтың марқасқасы мен жайсаңын алсақ та, осындай туып-өскен мекеннің тәлім мектебінен өмір мектебіне жолдама алған.
Қазыбек бидің әкесі Келдібек те, үлкен әкесі Шаншар да ақылдылығымен қатар, тілмар шешендігімен де елге мәшһүр болған. Бірақ, Қазыбек ата-бабасынан алған тәрбие деңгейінде қалып қоймай, қайда көп білетін кәріқұлақ қария бар десе соны іздеп тауып, тағылым алған. Бұқарда оқыған кезінде ғұлама ғалым Әнет бабаның қасына көшіп барып, айлап, жылдап жатып, қазақтың әдет-ғұрып, шариғат заңын үйренгені оның зеректігі болса керек. Бірде Әнет баба алдына ақыл сұрай барған Төле биге садағының алты оғын біртіндеп сындырып, екі бүктеп, он екі шыбық етіп ортасынан буып:
– Енді сындырып көрші, – дейді. Төле бірден бір бума шыбықты сындыра алмайды. Сонда Әнет баба мынадай өсиет айтыпты: – Төлежан, сен көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тыңдасаң, көп те сенің айтқаныңды істейді. Ал көп болсаңдар, өзара ынтымақты болсаңдар, сендердің белдеріңді де ешкім сындыра алмайды, – деген екен.
Міне, ескіден қалған есті сөзде өшпейтін тағылым, өлмейтін өсиет бар. Ұлы дала ұлағаты осыны аңғартады. Ашық аспан мен шаңырағын күн әлдилеген киіз үйде де шешендік мектеп қалыптасып, оның сарапшысы да, тыңдаушысы да қарапайым халық болып, сөз бағасы көз мөрімен бекітілген. Мұның өзі қазақ деген қайсар ұлттың қай ғасырда болсын өзгелерге үлгі-өнеге боларлық кемеңгерлік тұсы сөз даналығында да көрініс тапқандығы марқайтады.
Г. Молдасәми