КӨНЕ АҚМЕШІТТІҢ КЕЛБЕТІ
Екі ғасырлық тарихы бар қаламыздың қалыптасу тарихында белгілі тұлғалар аз болмаған. Қала тарихының үшінші онжылдығында, яғни 1840-1850 жылдар аралығында үш патшалықпен бір мезгілде қатар соғысқан, үшеуімен де жаралы көкжалдай арпалысқан ұлттық күрестің екі қаһарманының алар орны ерекше. Оның бірі – Кенесары Қасымұлы, екіншісі – Жанқожа Нұрмұхамедұлы.
1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің атынан жиналған ықпалды билер мен сұлтандар Кенесары Қасымұлын ата салт бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкіл қазақ халқына билігі жүретін хан етіп сайлады.
Кенесары Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келгеннен кейін 1841-1842 жылдары Қоқан хандығының қол астындағы қазақ жерлерін азат ету үшін күрес жүргізді. Бұл күрестің нәтижесінде Ақмешіт, қаласы қоқандықтардан азат етіліп, Түркістан қоршауға алынды. Осыдан кейін Қоқан хандығы Кенесарымен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды.
Қоқандықтарды талқандауда Жанқожа бастаған қалың қолдың Кенесарыға қолдау көрсетіп, шайқастарға белсенді қатысуы үлкен рөл атқарды. Баһадүр бабамыздың қпйраткерлігінң арқасында еліміз еңсе тіктеді, азаттық жолында арпалысқа түсті.
Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары өктемдігі ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде қатты тиді. Малын бағып, түтінін түзу ұшырып отырған бейқам елге жасаған қысым шектен шықты. Мал барымталанып, жан талауға түсті.
1845 жылы Жанқожа батыр Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ әскери бекінісін басып алуға қатысты. Қоқан хандығының өз ішінде басталған билік үшін саяси текетірес кезінде қоқандықтар басып алған Сыр бойындағы бекіністерді Кенесары ханның да кері қайтару жоспарлары болды.
Бекіністерге шабуыл жасауға қазақтардың өзі ұсыныс жасады. 1845 жылы орыс әскеріне қолға түскен Кішкенбай Бекбасаров Сыр бойындағы қазақтарға қатысты «Қоқан ықпалынан қысым көрген қазақтар Кенесарыдан көмек сұраған. Олардың өтініштеріне орай, Кенесары 4000 адам жинап, Қоқан хандығына аттанды. Ол төрт бекініске шабуыл жасады: Жөлек, Жаңақорған, Бабайқорған, Тұрсынбайқорған. Сонымен бірге Ақмешітті төрт күн қоршап тұрды» деп хабарлады.
Бекіністе тараған ауруға байланысты, қоршауды тастап, Сарысуға оралуға мәжбүр болды. Шабуыл кезінде Кенесарының бірнеше адамы ауруға шалдығып, қайтыс болды» деген деректерді айтады. Алайда, 1845 жылы желтоқсанда Түркістаннан Ақмешітке дейінгі аймақта және Кенесары ауылдарында тырысқақ індеті тарап, Ақмешітті қоршау кезінде Кенесарының баласы Жапар сұлтан да ауруға шалдыққан.
Кенесары мен Жанқожа батырдың арман-мақсаты бір еді. Екеуі де халыққа зәбір-жапа шектірген көршілес елдерге тойтарыс беру жолында тынымсыз еңбек етті. Ал Жанқожа батырдың Қоқан хандығымен көп жылға созылған тартысты оқиғалары күшейе түсті. Қоқандықтар 1851 жылы қазақтардың көп малын күшпен айдап алып кеткеннен соң, Жанқожа батыр Ақмешітке дейін жорық жасады, қоқандықтардың әскери жасағын талқандады. Нәтижесінде Қосқорған бекініс-қамалын басып алды. Осылайша жергілікті қазақтар Қоқан езгісінен азат етілді.
Ақмешіт осылайша сол бір кезеңде айтулы оқиғалардың ортасы болды. Қала тарихының үшінші онжылдығында, яғни 1840-1850 жылдар аралығында орын алған бұл оқиғалар қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлерінің тұлғаларын ашып көрсетті.
Биболат Сағындықұлы