Ұяда не көрсең...
Карантин режимінде отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы артып, ата-аналар өз балаларымен көп уақыт бірге өткізуге мүмкіндік туған сәтте Кызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналары ұл-қыздарымен мақал-мәтелдердің мазмұнына талдау жұрігізіп, тарихын зертеуді дағдыға айналдырған.
Қазақтың халық даналығы сипатталатын мақал-мәтелдерді балаға үйрету арқылы олардың сөз шеберлігін арттыру және бала бойындағы адами қасиеттерді тәрбиелеуді мақсат еткен «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы бүгінде зияткерлер мектеп оқушыларының отбасыларында сәтті жүзеге асырылуда. Ата-аналар өз балалырымен бірге тағылымы мол нақыл сөздерге талқылау жүргізе отырып, олардың шығу тарихы мен мазмұнын зерттеу арқылы өмірлік ұстаным ретінде пайдалануға болатынын үйретуде.
«Әлбетте мақал-мәтелдерді, сөз тіркестерді қолданып жүреміз ғой, бірақ оның мағынасына мән бермейді екенбіз. Ата-бабаларымыз бір мақал арқылы бізге қандай асыл сөзді, тәрбиені қалдырғанын ескерсек, оларды естен шығармай кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз маңызды», – дейді 9-сынып оқушысы Досымжан Райымбек әжесімен жүргізген тілдесу барысында.
Қазақ бойына даналық, қанына шешендік сіңген халықпыз деп білетін мектептің тағы бір сөз шебері 8-сынып оқушысы Нұрназар Түрікпен . Оған ата-бабалырымыздың әр ортада шешендікпен, халықты мақал мәтелдермен баурап алатын қасиеті дәлел. Оның айтуынша кезінде ұлт мақтаныштары өмірден жиған тәжірибесін мақал арқылы жеткізген. Оны мақалдың терең мағынасына үнілу арқылы байқауға болады. «Халқымыз «Көре-көре көсем боласын, сөйлей-сөйлей шешен боласын» деп бекер айтпаса керек. Казақта талай би, талай шешен шыққан, ал оларды би-шешен қылған – қаусырма жақтың арасындағы қызыл тіл. Ал қызыл тілге сүйеу болған осы біздің мақал-мәтелдеріміз. Мақал-мәтел – ол қазақ халқының ұлттық, рухани, тілдік құндылығы», – дейді Нұрназар.
Жанұя талқылауына іліккен мақалдар әдетте білім, ғылым, адами қасиеттер тақырыбына байланысты болып отыр. Осы әрекеттерін видеоға түсіріп зияткер оқушылар әлеуметтік желілерде тарату арқылы ата-ата өнегесін өзгелерге насихаттауда.