Қызылордада полицейлер жоғалып кеткен балаларды тауып берді
Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында полицейлер жоғалып кеткен 7-8 жастағы екі баланы ата-аналарына тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі бала есік алдына түскі уақытта ойнауға шыққан. Содан кейін ата-аналары олардан хабарсыз қалған. Бұл жөнінде полицияға хабарланды. Аудандық полиция бөлімі тарапынан арнайы топ құрылды. Алғашқыда балаларды ата-аналарының өздері іздеген. Полицияға жергілікті уақытпен сағат 23:00 шамасында хабарласқан. Учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Сариев, арнайы топ мүшелерінің қатысуымен балаларды іздестіру жүргізілгендігін айтты. «Аудандық полиция бөлімі тарапынан құрылған топ мүшелері балаларды түнгі сағат 03:00 шамасында Шіркейлі каналының тұсындағы шабындық ішінде ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Оларды ата-аналарына аман-есен табыс етті. Екі баланың ата-аналарына төтенше жағдай кезіндегі карантин режимінің талаптарын сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды. Мұндай келеңсіз жағдай орын алмас үшін олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстар жүргізілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ, Қызылордада полицейлері өрт ішінен төрт баланы құтқарды.