Мұндай жағдайда халықтың жүгінетіні – мемлекеті
Әлем індет құрсауында. Күн сайын әлемдің әр бұрышында өмір сүріп жатқан адамзат баласының күн сайынғы тіршілігі бірдей қайталанады десек артық емес. Таңертең ояна сала статистиканы қарап, цифрларға үңілу, індет жұқтырғандар, жазылғандар санына шолу жасау күн сайын қайталанатын жағдай.
Төтенше жағдайдан қандай ой түйдік. Нендей сабақ алдық? Карантиннен кейінгі ел жағдайы қандай болмақ? Осы және өзге де қоғамдағы көкейтесті сауалдар төңірегінде әскери журналист, 2018 жыл қорытындысы бойынша «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Назгүл Кенжетаймен қашықтан сұхбаттастық. Назгүл қазір Стамбулда, Covid-19 инфекциясының әлемге тигізер әсері туралы ірі жоба әзірлеуге атсалысуда.
Коронавирус індеті әлемді алаңдатып отырғаны белгілі. Бүгінде әр ел өз қал-қадерінше қам жасап жатыр. Түркиядағы жағдай қалай?
Жүз жылда бір келетін індеттердің бірі Covid-19 бүкіл жер шарын алаңдатып отыр. Әрине, әр ел бүгінде өз қамын жасап жатыр. Халықаралық ұйымдар, жаһандану деген нәрсенің әлі аяғына тұрмаған теория екені айқын көрінді. Сол себепті әр мемлекет тәуелсіз ел ретінде бұл проблеманы шешуге тырысу қажет деген теориялар қазір қозғалып жатыр. Түркиядағы жағдай да дәл солай. Түркия өзге мемлекеттер сияқты індеттен шығудың өзіндік тәсілдерін қарастырып жатыр. Түркиядағы жағдай қиын жағдайлардың бірі. Күн сайын аурулардың саны артуда. Төтенше жағдайлар қарастырылуда. Әлеуметтік көмек жасалуда. Елдің экономикасы төмендеп кетті. Жағдай мәз емес. Қазіргі таңда халықаралық ұйымдарға, басқа да ұйымдардың көмегіне жүгінудің ешқандай тиімділігі жоқ. Халықтың да мұндай жағдайларда жүгіне алатыны – мемлекеті. Сондықтан да әрбір мемлекет бұл проблеманы шеше алатындай мықты болуы қажет.
Төтенше жағдай қоғамның нағыз бейнесін көрсетті...
Меніңше, төтенше жағдай қоғамның бейнесін емес, мемлекеттік жүйенің нағыз бейнесін көрсетті. Бүгінде екі теорияға жүгіну арқылы біз бұл мәселеден шыға аламыз деген өзара тартысулар бар. Бір жағы – жаһандану десе, екінші жағы – мемлекет дейді. Яғни, әр мемлекет өз ішінде реттеу қажет. Әлемде осындай екі түрлі пікір бар. Ал жаһандануға қарайтын болсақ, әзірге ешқандай нәтиже сезілмейді. Себебі, шын мәнісінде денсаулық сақтау ұйымдары, НАТО, БҰҰ тағы басқаларды атап айтсақ, бұлардың ешқайсысының да індетпен күресуге күші жетпей отыр. Жаһанның жағдайы қазір мәз емес. Шын мәнісінде мемлекеттер мұндай үлкен сынаққа дайын емес еді. Бұл ғасыр – індеттердің дәуірі. Бүгін Covid-19 болса, бұдан кейін Covid-20, Covid-21 болуы әбден мүмкін. Сондықтан да мұндай нәрселерге қазірден бастап дайын болу қажет.
Бүгінде әлем шарасыздарды қаншалықты қорғауға алды? «Күн жаманы кетер» деген ғой. Карантиннен кейінгі жағдай қалай болады? Бұл жағдайдан қандай сабақ алдық?
– Шынында да мұндай індетке әлем дайын болмады. Бірақ мына мәселені айта кету керек. Давос экономикалық форумының 2020 жылғы жиынында ID-2020 деген жобамен таныстырған болатын. Бұл қандай жоба? Бұл жоба әрбір адамға микрочип вакцина енгізу арқылы бүкіл адамзаттың вирусқа қарсы дайындығын өлшеуге болатынын атап көрсетті. Алайда бұл жобаға ешкім құлақ асқан жоқ. Негізі халықаралық жағдайға сараптама жасау үшін мұндай экономикалық форумдарда қозғалған жобаларды жетілдіру керек.
Ал карантиннен кейінгі өмір қалай болмағына келсек. Мына мәселе анық: барлығымыз сандық жүйеге өтуіміз қажет. Өте алмағандар көп нәрсені жоғалтып алады. Жаңа мамандықтарды үйрену, жаңа технологияларды игеру қажет. Себебі кімде-кім сандық жүйеге өте алмайтын болса, бұл ғасырдан кейін қалған болып саналады. Тағы да атап өтейін, бұл – вирустар дәуірі. Адамзат баласы жалпы сандық жүйеге көшем дегенге дейін, бақылауға алам дегенге дейін бұл вирус жалғасын таба береді. Сондықтан да жаңа технологиямен бірге өмір сүру, әлемдегі өзгерістерден хабардар болу, тек қана бірігіп шешім қабылдау қажет. Ең бастысы мемлекетіміз мықты болуы қажет. Себебі, осы жағдай жаһандық ұйымдардың әлсіз екенін көрсетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі дәрі-дәрмек шығаратын алпауыт холдингтердің айтқанынан шыға алмай отыр. ЕуроОдақ десеңіз, ол өз ішінде қақтығысуда. Маскалар соғысы, тыныс алу аппаратына талас-тартыс жүріп жатыр. Батыстың өзінде де қазір осындай мәселелер бар.
Бұл жағдайдан қандай сабақ алдық дегенге келсек, қазір әлемде мемлекетті нығайту теориясы атап айтылуда. Мемлекетті нығайту үшін коррупцияларды азайту керек. Бюджетке бақылау жасау, бюджет қаржысын есеппен қолдану және мұндай жағдайларға дайын болу.
– Дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады дейді. Біз қандай мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек?
– Әрбір дағдарыс үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, балық аулау үшін тыныштықтағы су шайқалады. Сол сияқты біз де судың шайқалған жағдайындамыз. Осыған орай өзіміздің проблемаларды шешу жолдарын жетілдіру арқылы әлемге сабақ боламыз. Мұның бірден-бір мысалы – Оңтүстік Корея. Бұл мемлекет бүгінгі күнге дейін технологияны игеруге, мемлекетті нығайтуға көп қаражат жұмсады. Қазір соның жемісін жеуде. Оңтүстік Корея технологияларын тиімді пайдалану арқылы коронавирусты бақылай алды.
Төтенше жағдай көрсеткен әлсіз тұсымыз да сол, біздер технологияны тиімді қолдана алмадық. Біздер сандық жүйеге бөлінген қаражатты ақтай алмадық, жүйені қалыптастыра алмадық. Әрбір адамның құқы болып саналатын қарапайым білім беру жүйесін де қалыптастыра алмадық.
– Жырақта жүрсеңіз де туған жерге алаңдайтыныңыз белгілі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда халқы төтенше жағдай кезінде нені ескеру керек?
– Әрине, әркім де өзінің елі үшін алаңдайды. Төтенше жағдай кезінде нені ескеру керек десеңіз, тек қызылордалықтар ғана емес, еліміз бойынша төтенше жағдай талаптарын сақтамау жайттары бар. Мұндай індеттің болғанын әркім де қабылдап және күресу керек. Індетпен күресу – төтенше жағдай ережелеріне бағыну, үйде отыру, тазалықты сақтау. Әрине, «үйде отыр» деген ескертпе бәрін де шаршатты, жалықтырды. Алайда, бұл біздің басымызда ғана емес, әлемдік мәселе. Сондықтан тек бірге өткеру керек.
Қазір Covid-19 мемлекеттер жүйесіне, халықаралық ұйымдардың келешегіне, жаһандық жүйеге әсерін қалай тигізеді деген тақырыпта үлкен жоба жасаудамыз. Бұл жобаға шетелдік ғалымдар қатысып, өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда осындай жобалармен шұғылданып, тезірек қорытынды шығарып мемлекеттерге ұсынуымыз қажет. Себебі тығырыққа тірелген мемлекеттердің саны аз емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА