Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Киелі ай

Әрбір мұсылманды ораза амалымен, садақа пітірімен қуанышқа бөлейтін қасиетті Рамазан айы жұманың сәтінен бастау алды. Алайда, төтенше жағдайға орай, кейбір міндет қадамдарға біршама шектеу енгізіліп, өзгерістер орын алды. Мәселен, тарауық намазын мешітте емес, үйде оқу, көпшілікке негізделген ауызашарды шаңырақта ұйымдастыру секілді тыйымдар биылғы Рамазан айындағы ерекшелікке айналғалы тұр. Пандемия кезіндегі сақтық шарасы дегенмен, көпшілік әлі күнге бұл ақпараттың нақтылығы мен маңыздылығына сенімсіздік тудыруда. Ендеше, қасиетті айда жасалатын құлшылық төңірегіндегі сұрақтың жауабын ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Абуовтен білген едік.

Айырықша амал
Алдымен елді алаңдатқан мәселе – пандемия кезінде ораза ұстау жайы еді. Көбісі «Індет жағдайында ораза ұстау иммунитеттің әлсіреуіне әкеле ме?» деп сенімсіздік білдірген. Содан болар, қауіптің қайдан келерін аңдап болмайтын сәтте тәуліктің жарымын аш құрсақ өткізуге сенімсіздік танытқандар де көп болды. Алайда, дін мамандары қасиетті айдағы киелі амалдың денсаулыққа зияны жоғын, сауапты істен құр қалу бекершілік екенін айтып, барша мұсылманға парыз болған оразаны құлшылықпен өткеруге үндеуде.
–Дінімізде жолаушы, науқас адамға, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелге ораза ұстамауға рұқсат етілген. Сол секілді, карантин уақытында жұқпалы дертке шалдыққан адам ораза тұтса әлсіреп, дерті асқынар болса, оған да уақытша ауыз бекітпеуге болады. Бірақ олар кейіннен тұтпаған оразасының қазасын өтеуі тиіс. Сонымен қатар жасы үлкен, ораза ұстауға шамасы келмейтін, денсаулығы нашар қарт кісілер мен созылмалы ауруға душар болған азаматтар да ораза ұстамауына болады. Мұндай кісілер сенімді дәрігерге жүгініп, кеңес алғаны дұрыс, – дейді бас имам.
Сондай-ақ, бас имам қасиетті парызды орындай алмаған азаматтарға оразаның ақысын өтеуінің өзіндік жолы барын айтып өтті. Ол үшін 30 күн бойы бір міскінді тамақтаныруы немесе сол көлемдегі ақшасын беруі керек. Дінде бұл өтемді «фидия» деп атайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылға кісінің бір күндік тағамының ең төменгі бағасын шығарып, фидия мөлшерін 1700 теңгеге бекіткен. Осыны отызға көбейтіп төлесе, оразасының ақысы өтеледі. Сол себепті, парыз амалдың баламасын пайдалана білсеңіз, сауапты іске ұйтқы боларыңыз анық.
Өз үйім – құттыхана мешітім
Әрине, құлшылықты – мешітте, сауапты істі – жамағатпен өткергенге не жетсін! Алайда ондай жағдайды бүгінгі күй, төтенше жағдай көтермейді. Басты құндылық адам өмірі екенін ескерсек, карантин талабына бағыну да орынды. Сондықтан, қалған амал – ауыз ашарды үйде өткізу, тарауық намазын шаңырақта өтеу болып табылады.
–Тарауық намазын әркім үйде оқиды. Мешітте жамағатпен оқылмайды. Үй жағдайында отбасымен оқуға болады. Сондай-ақ, көрші-қолаңды ауызашарға шақырып немесе біреудің үйіне қонаққа барудың да қажеті жоқ. Қауіпіздікті қаперден шығаруға болмайды, – дейді бас имам.
Адамзатты жақындастыр, мейірге бөлейтін шақта карантиннің салдарынан көпшіліктің басы қосылмайтыны өкінішті. Алайда, әрбір істің қайырын күтер халық емеспіз бе? Бұл да болса, отбасының бірлігін арттыруға, жақын адамның жанында болуға берілген ұлы мүмкіндік деп қабылдаған дұрыс секілді.
Онлайн садақа
Жылда пітір садақаны мешітке табыстауға дағдыланған халықтың көкейінде көп сауал қордаланды. «Мешіт жабық. Үйден шықпасақ, пітір садақаны қалай береміз?» деген ой мазалап, мүфтият мамандарына ораза басталмай сауал жолдаған. Бүгінде мәселенің шешімін ҚМДБ оңтайлы тауып, тиімді жолын ұсынды. Заманауи технологияның игілігін қолдануды жөн көрген дін мамандары, пітір садақаны банктердің мобилді қосымшасы арқылы төлеу жөн деген пікірде.
–Елдегі төтенше жағдай кезеңінде әрбір адамның үйде болғаны маңызды. Сондықтан, азаматтарға жеңіл болсын деген мақсатта мүфтият тарапынан банктерге ұсыныс жасалды. Нәтижесінде, «Halyk Bank», «Kaspi Bank» арнайы мобилді қосымшасы арқылы пітір садақаны қабылдауға мүмкіндік туды. Тіпті, ешқандай комиссиялық төлем да алынбайды, – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Қазіргі таңда мобильді қосымшаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоттары енгізілуде. Яғни, әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақа мен зекетін үйден шықпай-ақ, онлайн режимде аудара алады. Пітір садақаның да мөлшері анықталған. ҚМДБ-нің төралқа жиынында пітір садақа бөлшері 370 теңге көлемінде белгіленген. Ол 2 келі ұнның бағасына негізделді. Ал ауқатты азаматтарға 2 кг мейіз немесе құрма құнындай көлемде беру абзал дейді.
–Жыл сайын мешіттерге түскен пітір садақа қайырымдылық шарасы мен мұқтаж жандарға көмек негізінде жұмсалады. Бұл жерде мешіт үйлестіруші қызметін ғана атқарады деуге болады. Мәселен, өткен жылы пітір садақадан түскен қаржыға аймақтағы тұрмысы төмен жандарға киім-кешек, азық-түлік алынды. Оған қоса, мұқтаж отбасына баспана алынды. Бұл жұмыстардың барлығы атымтай жомарт азаматтар мен пітір садақаның қаржысынан жасалуда, – дейді ол.
P.S: Рамазан айы – құлшылықтың бастауы, сауаптың еселенер шағы. Сондықтан, қасиетті Құран түскен киелі айда уақытты босқа өткізбей, көңілді кірден тазартып, сананы сәулелендірер білімге құлшыну ләзім. Бұл айда иесі сұраған жанның дұға-тілегін кері қайтарылмай, үстемелеп береді. Сондықтан, Жаратқаннан елімізге тыныштық пен бейбітшілік, аты жаман індеттен арылуға күш-жігер мен ынтымақ тілейік! Ораза қабыл болсын!
Е.ШАМШАДИН
25 сәуір 2020 ж. 690 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам