Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Облыстық online жазба айтыс өтті

Облыстық online жазба айтыс өтті

Облыстық Мәдениет басқарамасы мен Шиелі ауданы әкімдігі бірлесіп, қазақтың асыл мұрасы, шоқтығы биік өнері, маржан жәдігері жазба айтысты әлеуметтік желіде өткізді. Әсіресе бұл жазба айтыс Сыр өлкесі үшін төл өнер. Себебі, өмірмен, өліммен айтысқан сонау Қорқыт бабадан бастап кешегі жыраулар арасындағы алты ақынның айтысы, төрт ақынның айтысы секілді айтыстар өтті. Олардың ішінде ең көп дамығанының бірі жұмбақ айтыс болатын. Міне, осы ізді жалғаған бұл айтыс та өз үдесінен шыға білді деп есептейміз. Бес жұп арасында өткен жазба айтыста өтірік айтыс, түре айтыс, қыз-жігіт айтысы, қайым және жұмбақ айтыстар жасалды. Айтысты әлеуметтік желі қолданушылар сол мезетте талдап, өз бағаларын беріп, қолдап-қолпаштап та отырды.
Айтысты саралап, сараптаған қазылар барлық талаптарды, оқырман пікірлері мен ақындардың шама-шарқына қарап бағасын беріп, орындарын анықтады. Айтыс барысы жөнінде өз пікірін білдірген қазылар алқасының мүшесі Кенжебай Жүсіп:
-Айтысқа қатысқан ақындардың барлығы сөз бәйгесін бергісі келіп тұрған жоқ. Әрбірінің өзіне тән сөз өруі, ой тастамы бар. Соның ішіндегі бір жұпты талдасақ. Қайым айтысында Ержеңіс пен Сырым ұйқасты барынша күрделендіріп ойларын ашық білдіре алмағандай көрінді. Сәтті шумақтар екеуінде де бар. Төселген ақын ретінде Ержеңісте мүмкіндік көп көрінді. Сырым қарсыласына құрметпен қарап інілік ізет танытты. Өмірден өткен ұстазымыз М. Тұрсанов қайым айтыстың қас шебері болатын. Келешек бәріміз сол биікке ұмтылуымыз керек. Ержеңістің еңбекқорлығы Сырымның сыпайылығы көп ақындарымызға қажет ақ,-деп, айтыстың ақтаңгері ретіндегі ой ұсынысын жеткізді. Ал, барлық Сыр шайырларының жаһұт жырларын кеудесіне түйіп, сөз қазынасын жинап, жыр мен терменің кені атанған жезтаңдай жырау, қазылар алқасының мүшесі Берік Саймағанбетов болса:
-Жазба айтыс деген біздің қанымызда бар. Сыр шайырларының бізге қалдырған асыл мұрасы болғандықтан бүгінгі лектен көп үміт күткен едім. Алайда, ақындарымыз өз әлдерінше шауып, жүйріктіктерін көрсетті. Дегенмен бір қарпуы кем болғандай. Бәлкім, бұл ұдайы өткізіліп, жолға түспегендік те шығар. Болмаса қыз бен жігіт айтысы ең қызықты болуы керек болатын. Осы айтыста Мөлдір мен Мейрамбек жасаған «Қыз бен жігіт» айтысы өз дәрежесінде болмады. Қыз бен жігіт қағытпасын жасай отырып,.айтыстың негізгі тақырыбы «Алтын Орда» мемлекетінің 750 жылдығын айту керек еді. Бұл ақындарымыздың әттеген-ай тұстары. Мейрамбек алдыңғы айтыста да тақырыпқа соқпаған еді, бұл жолы да сол кемшілік қайталанды. Мөлдірдің ойлары терең, ұйқасы шымыр. Қарсыласты тақырыпқа тартып, ерітіп отыру да үлкен өнер.Сондықтан бұл айтыстың тізгіні ақын қызымыз Мөлдірдің еншісінде қалды,-десе журналист, қазылар алқасының төрағасы Сәкен Алдашбаев:
-Айтыс бірсыдырғы болып өтті. Дегенмен екінші айналымға шыққан ақындарда адуынды шумақтар, теңдессіз теңеулер, ұтқыр ойлар болды. Бұл біздің басты құндылығымыз болған соң Сыр жұртшылығы жақсы қабылдап, қолдау білдірді. Сол айтыстардың ішінде маған ұнағаны өтірік өлең айтысы. Иә, Бекжан мен Бексұлтанның арасында өткен өтірік өлең айтысы өте сəтті шықты. Бекжан алғашқы шумағынан-ақ,ойын айтыс талабы бойынша өріп, анық əрі көркем жеткізді. Теңеулері жалаң өтірікке ғана емес қоғамның беталысын сынап, ақындық сыни көзбен қарай білді. Сонымен қатар осы астарлы əзілмен сынай отыруға қарсыласын тартты. Бексұлтан да ұтқыр жауаптар айта білді. Алайда Бегжанның шабысы таяқтастам алда отырып, айтыс көркін қыздыра білді,-деп бағалады.
Осылайша өз мәресіне жеткен айтыс ұлттық құндылығымызды дәріптеп, рухани санамызды жаңғыртып, сыр жұртшылығына жыр лағылдан шашу шашты. Бұл игі шараны алдағы уақытта жиі ұйымдастыру туралы өтінген елдің қарасы көп болды. Айтыс- Сыр елі мәдениетінің шоқтығы биік, өрелі өнер жанры.
30 сәуір 2020 ж. 689 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам