Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қашықтан жасалған қызмет үйден басқарылып отыр

Қашықтан жасалған қызмет үйден басқарылып отыр

Өнер, білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Жылдам хабар алғызды, – деп Ыбырай Алтынсарин жырлағандай, технологияның дамыған тұсында өмір сүріп жатырмыз. Жылдам хабар алғызатын дүние жетерлік. Қазіргідей төтенше жағдай кезінде, карантин режимі тұсында осының барлығы ел игілігіне жарап-ақ тұр. Қажеттінің бәрін қазір онлайн арқылы шешуге дағдыланып қалғандаймыз.
          Онлайн демекші, елдегі барлық мекеме онлайн жұмыс режиміне көшкелі де айдан асыпты. Үйінде компьютер құрал-жабдығы барлар үшін бұл түк те қиын емес. Десе де тек компьютер алдында ғана отырмай, қосымша телефон қоңырауына жауап беретін оператор мамандары үшін нағыз қауырт тірлік жүріп жатыр. Бір адам бірнеше міндетті қоса атқарып, халыққа қызмет көрсетуде. Бұл – аты айтып тұрғандай халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының маңдай тері. Әрине, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы қызметкерлерінің еңбегін елегеніміз абзал.
          Халыққа қызмет көрсету орталығы жәй күндері халықтың басым бөлігі шоғырланатын, ең қажетті құжат рәсімдейтін орын. Қарапайым жұрттың сандық жүйені біле бермейтіні анық. Содан да болар, бұл мекеме онлайн жұмыс жасайды дегенге біраз адам түсінбестік танытқан. Сондықтан төтенше жағдай кезінде көпшіліктің ондағы мамандарға иек артуы қалыпты жағдай. Бүгінгі күні бұл мекеменің 100 маманы 1414 колл-орталығында, 34-і  бейнебайланыс арқылы тұрғындарды мобильді азаматтар базасына тіркеуде. Солардың бірі – Бақытжан мен Әйкерім Шайхисламовтар. Ерлі-зайыптылар ХҚКО-да 5 жылдан аса уақыт жұмыс істейді екен. Екеуі де орталықтың білікті маманы. Елдегі ахуалға байланысты қазір олар халыққа қызметті қашықтан беруде. Бақытжан бейнебайланыс арқылы мобильді азаматтар базасына енгізсе, ал Әйкерім 1414 колл-орталығында сауалдарға жауап береді.
          – Алғашқыда қауіпті инфекцияның елімізге таралғанын, соған сәйкес төтенше жағдай жарияланғанын естігенде үрейдің болғаны рас. Артынша барлығың қашықтан жұмыс істейсіңдер дегенде үйреншікті әдет болмағасын, «қалай болар екен?» деп те ойладық. Жұртшылықпен тікелей байланыс жасайтын мекеме болғасын, қиындықтар болады ғой. Дегенмен, бәрі уақыттың ағымымен қалыпқа түсті. Қазір үйде отырып қызмет көрсеткенге де үйрендік. Бастапқы кездері тұрғындар білместіктің салдарынан қиындыққа кезіккен сияқты. Себебі, біздің орталықтың басым қызметі электронды түрде болғандықтан, мәселен, электронды қолтаңба, анықтама алу, базаға тіркеу сынды қызметке мамандар көмек беретін. Көпшілік

«Egov.kz » порталы арқылы қызметтерге қол жеткізе алмаған болуы керек. Әсіресе, 42500 теңге жәрдемақы тағайындалған кезде аталмыш сайтқа кіру мүмкін болмады. Сол уақытта колл-орталыққа хабарласушылардың да саны артты. Көпшілігі электронды қолтаңба алу керегін айтты. Сайтқа кіре алмағанын айтып, назын білдіргендер де болды. Алайда, оның барлығына түсіністікпен қарап, сауалына сыпайы жауап беру, түсіндіру – біздің міндетіміз, – дейді Әйкерім бізбен әңгімесінде.

          Жасыратыны жоқ, тілін түсінбеген дүниемізді «құртып аламыз ба?» деп қорқа соқтайтынымыз бар. Осындайда кәнігі мамандардың қадірі айрықша сезіледі. Әйкерімнің айтуынша, күніне 200-ден аса қоңырауға жауап береді. Оның ішінде мобильді үкімет базасына тіркелу, электронды қолтаңба, туу туралы куәлік алу, 42500 теңге жәрдемақыға өтініш тастау үшін хабарласады екен. Әсіресе, соңғы жағдаймен қоңырау шалатын басым болыпты. Осының барлығына олар азанғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін орнынан тапжылмастан, ашу-ызаға ерік берместен, кей тұрғынның дөрекілігіне ренжіместен жауап беруге тырысады.
          Қыз-келіншектер үшін үйде отырып жұмыс істеу қиынның-қиыны. Әуелгі де, әйелдер қауымының көбі осыған алаңдаған шығар. Үйде отырып, бәрін ысырып қойып, тек жұмысбасты болу отбасылы келіншек үшін оңай шаруа емес. Қанша дегенмен, әйел, анасың ғой. Оған қоса, балабақша бүлдіршіні, мектепке баратын оқушы, бәрі үйде отыр. Кейіпкеріміз де қазақы салтымызға сай ата-енесімен бірге тұрады. Олардың алдындағы келіндік міндеті бар. Десе де, бұл жағдайда кейіпкерімізге ата-енесі қолдау білдіріпті. Бәрінен бұрын елдің алдындағы міндетін абыроймен атқаруға сеп болған. Соның арқасында жұбайы Бақытжан да, өзі де алаңсыз жұмысын істеуде.
          Бүгінде Әйкерім ауызбірлігі жарасқан үлкен ұжымын сағынып жүр. Әріптестерімен қайта қауышып, жауапкершілік жүгін жұмыла көтерісетін күндерге тезірек жетсек деген тілегі бар. Бұйыртса, тәжді тажалды жеңдік деп сүйіншілететін күннің де ауылы алыс емес болар.
Айдана СЕЙІЛ
01 мамыр 2020 ж. 366 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам