Тұтқынның тағдыры
Нью-Иорк әуежайы. Төр жақтағы орындықта қазақтың қара шалы отыр. Азия жақтан оралған әрбір ұшақтың жолаушыларын көзбен сүзіп, жан-жағына жалтақтап қояды. Біреуді күткен кісіге ұқсайды. Әуежай қызметкерлеріне жақсы таныс адамның күнделікті күйбеңі осы. Таңертеңнен кешке дейін тапжылмай осылай отырады да қараңғылық түскенде орнынан қозғалады.
Тоқсаныншы жылдары тоқырау заманын бастан кешіп жатса да Қазақстаннан бір топ ғалым мен студент Америкаға аттанды. Ішінде ҚазМУ-дың студенті, досым Дос Сарбасов та бар еді. Халықаралық ғылыми симпозиумға қатысушылар қатарында ол әуежайда қара шалға кезікті. Жата қап жабысқан қария жағдай сұрасып болды да көзіне үйірілген жасты үлкен орамалмен сүртіп алды. Сосын: –Шырағым, мен атаңмын. Жетісайдың қазағымын. Қоңыратпын, – дей бергені сол еді, Дос онымен бір атаның баласы екенін білді. Екеуі шүйіркелесіп тұрып қалды. Ол үйіне қонаққа шақырды. Бірақ симпозиумнан босай алмады. Кездесу орындалмады. Дос әліге дейін бара алмағанына өкінеді, соны жиі еске алады.
Бұл – соғыс ардагері, азап лагерінің тұтқыны Күнтуған Бәзілбайұлы еді.
Ия, ол туралы бала кұнімнен естігенім бар. Әрине, әкемнің әңгімесінен. Бірде ол: –Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары немістің қолына тұтқынға түскен Күнтуған деген көкеміз қазір Америкада тұрады. Сол кезгі саясаттың құрбаны болып, елге келуге тыйым салынған. Жетпісінші жылдары Ташкентке туристік сапармен келмек болды. Оған рұхсат тимеді. Әке-шешесі баласын бір көруге зар болып, ақыры көз жұмды. Оны такси жүргізуші дейді, әуежайда келген-кеткенге түркітілдес бауырға телміріп қарап отыратын көрінеді. Бір қазаққа жолықсам, елге деген сағынышымды бассам деп. Сол кісі тоқсаныншы жылдары ғана туған жерге, Жетiсайдың Құрбан ата ауылына келді. Небәрі үш сағатқа рұхсат алған. Қысқа уақытта ата-анасының қабіріне барды, дұға оқыды, ағайынмен кездесті, кеудеде өртенген өксігін басты. Әлі азат заман болар, мүмкіндігі тисе сол атаға сәлем берерсің, – деп еді. Мен бара алғаным жоқ, алайда аманатты Америкада оқыған Айжан қарындасыма тапсырғанмын.
Күнтуғанның артынан «қара қағаз» келгенде анасы оның өлгенiне сенбеді, тірі дейтін. Тіпті кешеге дейін, 1973 жылы дүниеден өткенiнше сенбедi. Оның тірі екенін алдымен Мұхтар Әуезов арқылы білді. Ол 1960 жылы Америкаға барғанда үйiнде қонақта болған. Содан кейін жалғыз шешесi жанарының жасы кепкенше жолға қарап күттi.
Жетпісінші жылдары анасына «Ташкентке туристік сапармен келем» деген хабар тиді. Бірақ кездесуге емес, сырттай көруге ғана. Әуежайдан шығар ауыздағы тор қоршаудан өтер тұстан ғана назар салуға болар еді. Бір ғана мүмкіндік осы. Бұл жерде тыныш тұрып, байқамаған болып бақылайсын. Атын атауға тағы болмайды. Заң қатал, үш әріп тұтқындап кетуі мүмкін. Өкінішке орай, Күнтуған келе алмады. Жолын таппады, қадағалауы күшті қатал жүйеден қарсылық болды.
Белгілі қаламгер Мыртықбай Ерімбетовтың «Қайран Күнтуған көкем» деген эссе шығармасы да жазылды. Біршама дүниені жазушы көтерді.
«... Жақында “Аттан” халықтық штабы Нью-Йоркке барды. Нью-Йоркте Күнтуған ақсақал қазақ бауырларымен жылап көрiстi. Орта бойлы, қара сұр жүздi, жүрiс-тұрысы ширақ, мақалдың майын ағызатын Күнекең соғыс кезiнде тұтқынға түскен. Атақты Мұстафа Шоқаевтың Түркiстан легионында болған. Тұтқынға ауыр жараланып құтыла алмайтын болғандықтан амалсыз түскен. Өз қайғы-қасiретi өзiнiң iшiнде жатқан қарияның айтары көп. Оның бiрi былай: – Соғыс аяқталған 1945 жылдары Германиядағы тұтқындарды елге қайтару жөнiнде әңгiме шықты. Бiздi елiмiз кешiредi. Сондықтан мыңдаған қазақ, қырғыз, өзбек жiгiттерi атып жiберсе де Отанға қайтамыз деп шештiк. Бiрiншi эшалондағы мыңдаған тұтқын Брестке жеткенде “сатқындар” деп әдейi өртеп жiберiлдi. Өртке жартылай күйiп одан қашып шыққандар бiзге қайта келiп: “бәрiбiр сендердi де өртейдi, одан да жандарыңды сақтаңдар. Елге әйтеуiр бiр қайтарсыңдар”, – дедi. Германияда қалдық. Күнтуған немiс қызына үйлендi. Жиырма жылдан астам уақыттан берi Нью-Йоркте тұратын Күнекеңнiң үйiнде Америкаға аяғы жеткен қазақ зиялылары болған. Атақты өнер қайраткерi Шәкен Айманов дастарқанынан дәм татқан. Дәлелдеуi қиын бiр шындық, Күнекең “Америкадағы ашықтығы үшiн Шәкеңдi КГБ тыңшылары авто апат ұйымдастырып Мәскеу өлтiрдi” деп отыр. Кеңес үкiметiнiң 30-шы жылдардағы сойқаны, орыс шовинизмiнiң зұлымдығы, репрессия қырғыны туралы айтар әңгiмесi бiр кiтап. Сексенiншi жылдарда атамекенiне келiп кеткен Күнекең дiнiн, тiлiн ұмытқан жоқ. Қайда жүрсе де орысша сөйлейтiн қазақ жастарын, кәрi, жасына қарамай арақ iшетiндердi көрiп көңiлi қалыпты. Халықты мәңгүрт қылған коммунистiк тәртiптiң заңдарынан шошыпты. Дегенмен тәуелсiз Қазақстан күштiлерге жем бола бермей ертерек ел қатарына қосылса екен. Ол үшiн Америка, Жапония, Германия сияқты елдерден мәдениеттi үйренсе екен дейдi» деп сөзбе-сөз келтірді.
Күнтуған сексенге жақындаса да машина рөлiнде отырып “Аттан” штабының жiгiттерiне көп жәрдем бердi. Әдептi, сұлу немiс әйелi екеуi қазақстандық қандастарын қонақ етiп күттi. Жиһазға толы, ыдыс аяқтары жап-жаңа, дастарқаны бай оның үйiнде алты-жетi адам дәм татып, iшiмдiксiз қонақ болыпты. Бизнес қуған екi ұлы бар. Бөлек тұрады. Үйленбеген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлына Нью-Йоркте қазақ қариясы Күнтуған Бәзiлбекұлы жолықты. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты көргенде көзiне жас алды. “Талай рет тұлғаңды теледидардан көрiп, сыртыңнан қорған тұтушы едiм. Ендi құлыным, өзiңдi жүзбе-жүз көрiп тұрмын. Қазiр өлiп кетсем арман қайсы!” деп егiлген сонда.
Екеуара шешіліп әңгімелесті. Қария болған жәйді ептеп баяндады. «Соғыс бiткен соң одақтастар азат етiп, бізді тұтқынна босатты. Бiрақ, негiзiнен қазақ, өзбек, қырғыз сияқты түркi халықтары тиелген алғашқы екi эшалонды кеңестер жағы Чехословакия жерiнде өртеп жiберді. Осыдан соң елге оралудан үмiт үзілді. Осылайша Германияда қалып қойдық. Кейiн қауіпсіздік комитеті маза бермеген соң, тәуекел деп мұхит асып кетуге мәжбүр болдық. Содан берi Құрама Штатындамын.. Соғыста қолға түсiп, ақыры АҚШ-тан шыққан қазақ әскери тұтқындардан қазiр үш шал ғана қалдық. Бұл жүздесуге жете алмай қалған Кәрiбай Мұхтар ақтөбелiк, ал Сұлтанбек қария Жайық бойынан едi» деді. Осы кездесу кезінде Елбасының қасында Салық Зиманов, Серiк Әбдiрахманов, Жiбек Әмiрханова болды. Кездесу соңында Күнтуған көңілдегі күпті ойын да жеткізді. “Бiрнеше рет АҚШ-қа келген Қазақстанның үкiмет адамдарымен тiлдеспек болып едiм. Солардың iшiнде өздерi қазақ, бірақ ана тiлiн бiлмейтiндердi көргенде жағамды ұстадым. Жиырма жыл Алманияда, отыз жыл Америкада тұрып, мен қазақ тiлiн ұмытқан жоқпын. Атамекенде жүріп өз тiлiн ұмытқаны қалай?” деді сонда. Бұл –Халықаралық журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты, Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықтың иегерi Қайнар Олжайдың “Президент пырағы” атты кiтабынан үзінді.
Хасен Оралтай “Азат” газетiнде 2005 жылдың күзінде Күнтуған Бәзілбайұлының қаза болғанын жазып, көңіл хошын білдірді.Қайран Күнтуған көкемнің жамбасы туған жерге тимеді. Өле-өлгенше армандаған ой еді, бір уыс топырақ әдіре қалды. Іште қалған құсалық өзімен кетті.
Нью-Иорк әуежайы. Төр жақтағы орындық бос тұр. Ол –Күнтуған қарияның күнделікті орны еді. Сол әлі бос тұр ғой...
Қ.Құрбан