"Мүмкіндік болса Америкаға кетер ем": Қазақстандық жастар неліктен шетелге көптеп кетуде
Ашық деректерде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы Қазақстаннан біржола көшіп кеткен азаматтардың саны 40 мыңға жуықтапты. Туристік не оқу визасын алып шетелде заңсыз еңбек етіп жүргендердің саны қаншама?! Кейінгі уақытта талай қазақ баласы Америкаға кетуде. Көбінің көксегені бір: көбірек ақша тауып, тұрмысын түзеу.
Қазақстандық жастардың АҚШ-қа ағылуы тегін емес. Жұмыс табылады, ерінбей еңбек етсең қомақты қаражат жинауға да болады екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
Гүлмира отбасымен 3 жыл бұрын Америкаға аттанған. Чикаго, Сан-Франциско қалаларында тұрып, қазір Нью-Йоркте тұрақтаған. Бұл күнде консалтингтік компанияның қызметкері.
«Америкада қазақстандықтардың саны артқаны рас. Көбі жас қыз-жігіттер. Дені қарапайым жұмысқа орналасқан. Таксист, жеке көлік жүргізушісі, бала күтуші, даяшы, құрылыс саласында еңбек етіп жатыр. Мұнда келетіндердің мақсаты әртүрлі. Бірақ негізгі себеп экономикалық факторға байланысты», - дейді Америка тұрғыны Гүлмира.
Ал Талғат есімді азамат АҚШ-тың ең жылы әрі ең бай, жанға жайлы штаттарының бірі Калифорнияда тұрады. Ол да кейінгі жылдары мұнда жұмыс іздеп келген қазақстандықтардың саны артқанын айтады. Жерлестер Наурыз, Тәуелсіздік күні сияқты мерекелерде бас қосып, бірге атап өтеді екен. Жұмыс бар, бірақ күнкөріс оңай деп айтуға келмейтін көрінеді.
«Жұмыс уақытыңның 99 пайызын алады. Сәйкесінше, істегеніңе қарай ақша төлейді. Бұл жақтың жалақысын Қазақстанмен салысыруға келмейді. Америкаға барамын деген адам бірінші кезекте қиындықтарға шыдай алып, алдына нақты мақсат қоя білуі керек. Әрине, оңай емес. Бірақ мұнда талаптанған адамға үлкен мүмкіндіктер ашылады», - дейді Талғат.
Америкаға барғысы келіп жүргендер жайлы кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде көптеп жазылуда.
«Менде мүмкіндік болса Америкаға кетер едім. Ол жақта жалақы жоғары. Сөз бостандығы бар».
«Қазіргі уақытта белгілі бір жерде тұрамын деген түсінік жоқ сияқты. Бір жыл ана жақта, бір жыл басқа жақта тұруға болады».
Қазақстаннан біржола көшіп кеткендердің мәселесі зерттеліп, біраз сұраққа жауап алынған. Туристік не оқу визасымен шекара асып, сол жақта қалып қойып жатқандардың себеп-салдарын әзір ден қойып зерделеген мамандар жоқтың қасы.
«2018, 2017 жылдары біздің социологиялық орталықтар зерттеу жасаған кезде 3 фактор анықталды. Бірінші, экономикалық фактор. Екіншіден, жастардың өзін табуы, жұмыс табуы деген сияқты. Үшіншіден, саяси фактор. Адам ол жақта қалып қойғысы келеді немесе қайтып келеді деген сияқты. Егер еңбек миграциясы болса, оған қиыншылықпен, проблема ретінде қарап керек емес деп ойлаймын. Себебі ол ақша бізге қайтып келеді», - дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.
Әлеуметтанушының «бұл жайттың позитивті тұсы да бар» дегені АҚШ-қа білік арттырып, білім алу үшін кеткен жастардың ұмтылысын меңзегені. Жалпы, бұл үрдіске біржақты жақсы не жаман деп баға беруге болмайды. Біраз жыл шетелде тұрып, оқып келген Шыңғыс Мұқан осындай пікірде.
«Бір жақсы жағы, ол жаққа барған жастар бізде жоқ өндірісті, бізде жоқ кәсіпті, бізде жоқ білікті бойына сіңіреді. Ал жаман жағы, әрине, Қазақстанда олардың жастық жалынын, қуатын еліміздің экономикасына пайдалануға болар еді. Қазақстанда таксист болып жұмыс жасағаның басқа, ал Америкада бұл жұмыстың еңбекақысы, айталық, он есе көп», - дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегіШыңғыс Мұқан.
Жаз келе студент жастарға Америкаға барып еңбек етіп әрі тіл сындырып қайтуға мүмкіндік беретін Work and travel бағдарламасының жұмысы қызады. Біздің қыз-жігіттер қызыл-жасыл түстермен көмкеріліп жарқырап тұрған Нью-Йоркті, жағалауы көрген адамның көз жауын Калифорнияны және басқа да штаттарға аттанады. Олардың қаншасы қалып қойып, елге оралмай қалады екен? Белгісіз.