Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жігерлілік жігітке тән

Жігерлілік жігітке тән

Бабалар жолы - өшпес өнеге, тағдыры - тарих. Ел - ерімен еңселі екені сөзсіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», – деген дана халқымыз. Бала бойындағы асыл қасиет, алдымен ана сүтінен, екінші өскен ортаның тәрбиесінен беріледі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің негізгі бөлігі – әскери тәрбие. Отанды сүю алдымен ата-анасын, туған-туысын жақсы көруден басталады. Туған елін сүймеген, құрметтемеген, қадірлемеген адам өз елінің патриоты бола алмайды. Жастарды Отан қорғауға даярлау жас азаматтардың үлгі боларлық мінезін қалыптастырудан басталады. Жастардың дүние танымын, білімін, көзқарасын қалыптастыруда әскери оқу орындары шешуші рөл атқарады. Ол үшін жастар өкілі батырларымыздың Отан қорғау жолында жасаған ерлігі мен ұлылығын жете түсіну қажет. Сол арқылы еліміздің ертеңі жолында табанды күрескер болады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айдос Қожамұратов 2013 жылы қоңыр күзде әскери борышын өтеуге ҚР Ұлттық комитетінің  №2086 Шекара қызметіне шақырту алды. Жалағаш ауданы Бұхарбай батыр ауылында өскен балаң жігіт 2 күн жол жүріп, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы «Шағанақ» шекара заставасында жүргізуші болып, шыға келеді.
– Әскери өмірге бірден біте қайнасып кеттім десем артық болар. Басында әрине қобалжу болды. Ауылда жүргенде алдыңғы толқын ағалардан әскери өмір жайлы естігенімізбен онда не болатынын, не ішіп, не жейтінін білмейсің ғой. Облыстан 7 жігіт бір отрядқа түстік. Сондағы әскери бөлім қызметкерлері күтіп алды. Үш ай оқу - жаттығу орталығында болдық. Сосын Қытай мемлекетімен шекарада автокөлік жүргізушісі болдым. Алдымызда жаңа – жыл келді. Жігіттер жиналып атап өттік. Айта берсең қызықты сәттеріміз көп. Оны көзбен көріп, жүрекпен сезіну керек,- дейді жауынгер жігіт. Айтпақшы, әскерде жазылған хаттың ауаны да, аурасы да бөлек болады. Сағыныш сезімге толы сырлы хатты Айдос алғаш рет 2 айдан соң жазды. Әже-көкеге, ата-анаға, елге, бауырға деген жүрек тебіренісін өлеңмен өрнектеп, жауабын тағатсыздана күтіп жүрді. Тағы бір айта кетер қызықты сәті, әскерге кететіннен бір күн бұрын Алтынай атты сұлуға сөз салады. Кейіннен хат арқылы хабарласып тұрып, әскерден келгесін екеуі отау құрып, бүгінде Асылмұрат есімді кішкентайлары бар. Жары ағылшын пәнінің мұғалімі. Ал, Айдос заңгер-кеңесші мамандығын иеленген. Келешек көкжиегіне көз қадаған жас жұбайлардың арманы асқақ, мақсаты биік. Екеуінің де елге қызмет ету басты қағидалары.
Қазір жасыратыны жоқ, жастардың басым бөлігі әскерге баруға бейім емес. Отбасында оларға үгіт-насихат айтып, азаматтың «Отан қорғауы – міндет» деген мағыналы сөз айтылмайды-ау деп ойлаймын кейде. Ал біздің жауынгер жігіттің жолы мен жөні бөлек. Әкесі мен ағаларына қарап бой түзеген бозбала әскерге баруды бұлжымас парыз санайды. Бала арманы бақытқа айналып, шыңдалды, шынықты. Нағыз сарбаз болып сапқа тұрды. Ізінен ерген Азат, Асқар есімді інілерін де әскерге баруға үгіттеді. Олар да Отар қаласында Отанға қызмет етіп, есен-сау елге оралды. Міне, «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» деген. Шекарада шеп құру оңай іс емес. Сауысқаннан сақ, қыраннан қырағы болуды талап етеді. Мәселен арнайы дабыл соғылған сәтте сарбаздар 3 минутта әзір болса, мұның міндеті 2 минутта мәшинесімен даяр болу керек. Онда секундттің өзі санаулы.
– 35 участокке қараймын. Кезекшілікпен дем аламыз. 2 км жерде Бақты деген ауыл болды. Застава сол ауылдың ішінде орналасқан. Ауылдың жоғары сынып оқушылары экскурсияға кеп тұрады. Әскерде өзің тамақ пісіріп, өзің киім тігесің. Мен елімді, жерімді қорғап жүрмін деген мақтаныш сезім көңіліңді кернейді. Әр шекарашының арасы 10 – 15 метр болады. Арнайы бекетте қатаң түрде үзіліссіз қас қақпай күзетшілер қызмет етеді. Әскерде де тамақ ішу режимі үш мезгіл. Азанғы 6-да тұрып күніне 3 км жүгіреміз. Келіп дене жаттығуын жасаймыз. Бұл сарбаздардың айнымас әдеті. Әскер азаматтық мінез қалыптастырады. Жігітті жігерлілікке тәрбиелейді, – дейді Айдос жылы жүзінен азаматтық айбары аңғарылып.
Сырдың сырбаз ұлы 2014 жылы сарбаз болып елге оралды. Ауылға келгесін де әскери саладан жырақ кеткен жоқ. «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ облыстық филиалының төрағасы болып, жастарды отансүйгіштікке баулып, елін, жерін қорғайтын нағыз жауынгерлік жолға бағыттауда байыпты істер атқаруда. Атап айтар болсақ, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық орталығы арқылы облыс көлемінде 309 әскери-патриоттық клуб, 1 жас сарбаз сыныбы жұмыс жасауда. Сонымен қатар, орта білім беру мекемелерінде физика-математика бағытында тереңдетіп оқытылатын сыныптарда «SMART SARBAZ» жобасы қолға алынып, 22 робототехника құрастыру үйірмесі бар. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде "Кәусар" мамандар орталығы қоғамдық бірлестігімен жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділігін арттыру бағытында әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылуда. Мұның барлығы сайып келгенде жасымас жігер мен қажымас қайратты талап етді. Бұл тұрғыдан алғанда біздің кейіпкердің жастарға берері мол. «Қазір қоғамда сең соққан балықтай сенделіп жүрген жастар көп. Соларға айтарым – әскерге барудан қашпаңдар. Ол орта адамның азамат болып қалыптасуына тікелей байланысты. Ойланып сөйлеуге, уәде де тұруға үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулиды. Жексенбі күні теледидар көресің, үйіңе хат жазасың. Айына 3500 теңге ақша беріп тұрады. Соған өзіңе керек заттарыңды аласың. Сарбаздар жиналып мерекелік күндерді, туған күнді атап өтеміз. Ән айтамыз, би билейміз. Әскердегі сезім, достық қарым-қатынас шынайы болады», – дейді А.Болатұлы бізбен әңгімесінде.
Марапат – мерейіңді өсіреді. Еңбегіңді бағалап, құрмет көрсетіп жатса, еңсең биіктей түседі. Айдос 2013 жылы «Сыр үміті» сыйлығын иеленіп, 2017 жылы Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығына лайық деп танылады. Расыменде бүгінгі жас толқынның көшбасшысы болып, оларды рухы бекем болуға үндеп келеді. Ал рухы мықты елдің ертеңі жарқын екені шүбәсіз. 
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
05 мамыр 2020 ж. 670 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам