Білім сапасы бәсеңдеген жоқ
Мемлекет басшысының төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі сөйлеген сөзі көпшіліктің көңіл құсын көкке шарлатты. Екі айдан бері карантин режимінде отырған отандастарымыз үшін бұл қуанышты хабар болды. Корнавирус – толық жойылмағанымен шарықтау кезеңінен өттік. Бұған халықтың ауызбірлігінің арқасында қол жеткіздік.
Білім саласы қызметкерлері де бұл жаңалыққа қуаныштарын жеткізуде. Карантин кезінде оқушылар мен студенттер онлаин режимі негізінде оқуларын жалғастырып, білім сапасының бәсеңдеп кетпеуі үшін ұстаздар қауымы бар күш-жігерлерін жұмсауда. Өйткені бұл уақытша өтетін қиыншылық. Ал, балалардың білім алуы күн тәртібінен түспеуі тиіс түйткіл. Еліміздегі төтенше жағдайдың уақытылы аяқталуына дәрігерлер мен әскери сала мамандарының және полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Карантиндік шектеулер ретімен жеңілдетілетінін Президент ерекше атап өтті. Ауруды толығымен еңсермей еркіндік танытуымызға болмайды. Осындай сын сағатта сабыр сақтап, талапқа түсіністік танытқанымыз жауапкершілікті сезінгеніміз. Бұл өзгенің саулығы үшін өзімізді сақтауымыз қажетті дүние деп білемін.
Биылғы оқу жылының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан ұстаздар мен шәкірттерге жыл соңында сабақты межелі тұрғыда табыс пен үлкен жетістікпен бітіріп шығуына тілектеспін. Елдің болашағы білімді жастардың қолында осыны ұғынып, ұмытпауымыз абзал.
Гүлшат ІЗТАЕВА,
№257 мектеп мұғалімі