Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Майдан хаттары

Майдан хаттары

Ел басына күн туған сындарлы сәтте қан майданға аттанып, туған жерін қорғау жолында жанын қиған батырлар ерлігі – қашанда ұрпаққа өнеге. Сыр өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқан сарбаздар өмірі де жанкешті қадамдар мен қайсарлық қаһармандыққа толы. Сан жылдар өтсе де аңызға айналып, бүгінгі буын жадында жаңырып келеді. Осындай өнегелі тұлғаның бірі – №44 гвардиялық атқыштар дивизиясының 130-гвардиялық атқыштар полкының взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты Сауда Орманов еді.
Жалағаштың топырағында бақытты балалық шағын өткізіп, жалынды жастықтың қызығына бойлай бастаған Сауда Мәдиұлы 19 жасында әскер қатарына алынады. 1941 жылдың желтоқсан айында Қармақшы әскери комиссариат шақыруымен ел қорғауға аттанып, Ақтөбе қаласында кіші командирлер училищесінен арнайы курстан өтеді.
Елім деген ердің Отанға деген риясыз адалдығы мен сенімі ұрыс даласынан жолданған хаттардан ерекше сезілетін. Майдангердің училищедегі дайындықпен қатар, оқуға деген қызығушылығы артқан. Тіпті, өкшелес інісі Сауранбайға жолдаған хатында оқуға қажетті әскери кітаптарды жіберуін сұраған деректер бар. Майдан хаттарының алғы көші де сол кезеңде бастау алған.
1942 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында ұрыс даласына дайындық туралы жаза келе, қарт  әкесі Мәди мен анасы Күлзейнепке, інілері Сауранбай, Төлепберген, Айтбайға алаң көңілін білдіреді. Әрбір хатында елдегі ағайын туыс, замандас, қарындастарының жай-күйін түгелдей  сұрастырып, жүрекжарды өлең жолдарын майдан даласының сағыныштың көгершініндей жолдайды. Көп ұзамай майданға аттанған Сауранбай інісіне жазған хатында: «Командир болып шық. Жастарды тәрбиеле. Неміс фашизміне қарсы соққы бер. Ағаң сержант, жастарды тәрбиелеуде. Ал, жаным, қасыңдағы орыс болсын, қазақ болсын жүрегіңмен сыйлас. Ол – сенің майдандас досың.  Сонымен бірге командиріңді қатты сыйла»,–деген ағалық кеңесін жазады. Кескілескен шайқастың ортасында жүріп, ұрыс толастаған сәтте жанын шүберекке түйе отырып елге жазылған хаттар  майдангердің  туған жерге деген шексіз сағынышын білдіреді. Әрбір хаттан  соғыс демі мен ұрыс даласындағы азапқа толы күндер өршіл перзентті мұқата алмағанын байқаймыз.
1943 жылы 11 тамызында 246-атқыштар дивизиясының кіші сержанты Сауда Орманов Десна өзенінен бірінші болып өтіп, 13 фашисті жер жастандырды. Екі күннен соң фашистерінің  жаудырған оқтарына қарамастан қарсы бетке жүзіп өтіп,  жау шебіне снайперлік соққы бергені үшін полковник Гришко «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады.
          Майдангер қауырт шақта да бауырларымен хабар алмасуды естен шығармайды. Бірде әкесіне жолдаған хатында  ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталғанын жазса, 1944 жылы  23 мамырдағы хабарында  ұрыс даласына бара жатқанын және №44 гвардиялық атқыштар дивизиясының 130-гвардиялық атқыштар полкының құрамында взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты  шенін алғанын жазады. Ал, 1944 жылы  20 маусымда Брест қаласының  солтүстік-батыс жағалауындағы бірінші болып жеткенін және жеңістің жуық қалғанын тілге тиек етеді. Сауда Мәдиұлы кезекті хаттың бірінде: «Көке, алдымызда «Западный буг» тұр. Сталин басшымыз алға десе, өтіп кетуге даярмыз. Екі орденім бар. «Отечественная война» және «Красная звезда». Отан үшін соғыста Сталин жолдастың берген үш Алғысы бар», – деп марқая сүйіншілейді.  Жолданған офицер хатынан өзара бауырмалдықтың үлгісін, халықтар достығының мызғымастығы, тәртіпке бас июдің адами қасиет екенін танимыз.
Ата жәдігерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – жауапты іс. Майдангер жолдаған хаттарды көзінің қарашағындай сақтап, мұражайға тапсыруға туыстары  Айтбай Орманов, Төлепберген Мәдиев және Жалағаш аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Әсия Мәдиеваның еңбегі ерек. Бүгінде сұрапыл соғыс куәсіне айналған хаттар мен «қара қағаз» Жалағаш аудандық мұражайына табысталған.
Майдангер ұрпақтары архив қойнауындағы құжаттарды саралай келе, батырға берілген марапаттарды түгендей білді. Сауда Ормановқа өзге атақтарымен қоса, 1945 жылдың 9 мамырында   КСРО Жоғары Президиумының  «За победу над Германий в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» медалі табысталғаны анықталды. Сонымен қатар, Жұмабай Доспановтың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ  офицерлері туралы зерттеу еңбегіне Сауда Мәдиұлының деректері енгізілген. Бүгінде майдангердің немересі, №116 орта мектептің 9-сынып оқушысы Айтбай Дарханәлі батыр бабасы туралы ғылыми ізденіс жасауда. 
Мария ОРМАНОВА,
 «Өрлеу» БАҰО ақ филиалы
Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы
12 мамыр 2020 ж. 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам