Байрақ – биік, абырой – асқақ

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар кешені ел аумағында жүйелі жүргізіліп келеді. Осындай ауқымды шараның бірі – И.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесін аймақ бойынша табыстау эстафетасы. Осы орайда, «Біз – Жеңістің мұрагеріміз» атты республикалық әскери-патриоттық эстафетасы Сыр өңірінде жалғасын тапты.
"Мәңгілік алау" аллеясында өткізілген эстафетаға ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешов, облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қатысып, жиылған қауымға Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтады. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары:
–Ұлы даланың қаһармандық үлгісін әлемге танытқан бабалар ерлігі қашан да жадымызда. Қан-қасап соғыс жылдары отандастарымыз майдан даласында ғана шайқасып қойған жоқ, тылда да еңбек етіп, сарбаздарды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысты. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 21-і жерлесіміз олар біз үшін батырлық символы. Осындай Ұлы Жеңістің 75 жылдығы бүгінгі ұрпаққа өнеге, өмірлік сабақ екені сөзсіз. Мереке құтты болсын! Қазақстан жауынгерлерінің даңқы асқақтай берсін, – деген тілегін жеткізді.
«Біз – Жеңістің мұрагеріміз» атты республикалық әскери-патриоттық эстафетасы аясында И.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі Шымкент қаласынан Қызылорда қаласына табысталды. Сондай-ақ, қаладағы әскери бөлімдердің офицерлері мен жауынгерлері салтанатты сап түзеп, ардагерлерге құрмет көрсетіп, Отан үшін күрескен майдангер батырлар рухына тағзым жасап, мәңгілік алау жанына гүл шоқтарын қойды. Эстафета соңында атақты дивизияның жауынгерлік туының көшірмесін қабылдаған 5547 әскери бөлімінің сарбаздары ұлт рухын асқақтататын эстафетаны Атырау қаласына жолдады.
Ерсін ШАМШАДИН