Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Дерттің беті қайтты

Дерттің беті қайтты

Коронавирус туралы естігенге етіміз үйреніп кетті. Басында бұл не бәле деп тіксіне қалғанымыз жасырын емес. Еңселі Еуропаның өзін есеңгіретіп жіберген індет әлі күнге айылын жимай отыр. Алғашында Қытайдың Ухань қаласында басталған ауру уақыт өте келе дүниежүзіне дендеді. Дамыған елдерді де діңкелетіп, күллі жер бетінде белең алды. Әлемді әбігерге салған вирус біздің елімізде алғаш наурыз айында тіркелді
Кейіннен «Анау аймақта бар екен, мына облыстың тұрғыны жұқтырыпты» деген пікірлер құлаққа түрпідей тиіп жатты. «Осы аурудан алғашқы адам қайтыс болыпты» дегенді естіп есімізді жия алмай қалдық. Алайда, сабырды серік етіп, одан қорғану жолдарын қарастырдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен республика көлемінде карантин жарияланды. Әрбір отандасымызға өз отбасында оқшаулану белгіленді. Сонда ғана індеттің таралуына тосқауыл қоятынымыз айтылды. Қош. Сонымен адамнан адамға жұғып, өкпені қабындыратын дерттің емі мыңның біріне дариды. Өкінішті, әрине. Бұл кезеңде індетке шалдыққан адамда ең алғаш үш белгі пайда болады. Бірінші жөтел және тамақ ауру, екінші дене қызуы, үшінші тыныс алудың қиындауы. Осы кезеңге дейін аталмыш ауруға шалдыққандардың басым бөлігінде бұл белгілер он күннен аса уақытта білінген. Ал, кейбір адамдарда екі күннен кейін байқала бастаған. Алайда ауру байқалған уақытқа дейін адам вирусты өзге біреуге жұқтыруы ықтимал екені айтылуда.

Кінәні өзгеден емес, өзіңнен ізде
Әсілінде ата-әжелеріміз «Алланың бұйрығынсыз қурай да сынбайды» деп айтатыны бала күнімізден құлағымызда қалып қойған. Басыңа не түссе де адамның көңіліне байланысты деп естиміз осы. Көрші тұрмақ бірге туған бауырды құшағыңа баспақ түгілі, қол беріп, сәлемдесуге рұқсат жоқ. Вирус жұғуы әбден мүмкін. Оның қай ортада болып, кіммен араласқанын білмейсің. Ата-әжесі немересіне келе алмай, әкелген ағарғаны мен бауырсағын босағаға  қойып кетуге мәжбүр. Қаланы асып, ауылға жеткен жұқпалы дерт жұртты әбігерге салып, есеңгіретіп бітті әбден. Қоғамды түзеймін десең алдымен өзіңді түзе дейді данагөй қариялар. Көрінгенге өкпелеп, тонымызды теріс  киіп жүргенде бір шекпеннен шыққан бауырды бір көруге мұң болдық.  Мұны өзімізден көрмесек өзгенің қатысы қанша? «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр салды дегенді, шығарамын сөзімнен», - деп Сұлтанмахмұт Торайғыров тауып сөйлеген.

Қоғамды өзгерткен адам
Бұл бізге келген тәңірдің сынағы. Ақырын сабырмен күтіп, Алладан амандық тілеу. Көшеге тасталған сәби, қоқысқа салынған нан күнделікті естіп, көріп жүрген жағдайлар. «Аза бойым, қаза болды» дейді атам қазақ мұндайда. Бұрын қандай едік, қазіргі күйіміз қалай, қателік кімнен кетті? Өз ойыңызды сараптап көріңіз. Елдің ертеңі саналатын қызда иба, ұлда ұлағат кеміп бара жатқандай. Үлкенге ізет, кішіге қамқор көрсетіле бермейді. Бір-біріне талтүсте төніп жатқан жастар. Бес саусақ бірдей емес әрине. Барлығын кінәлауға болмайды. Шежіре тарқататын қарттарымыздың кейбірі шарапхана жағалап, картаның қызығын қуалап, қыздың жүрісін сөз етеді. Бұл ащы да болса қоғамның келеңсіз тұсы.

Тілші түйіні
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – көрінгенге бейтарап өкпелеп жүріп, өкпе ауруын асқындырып алған жоқпыз ба деген сауал сананы сансыратады. Осындайда байырғы бабаларымыз «Сатып алған аурудың емі болмас» деп айтып жатады ғой. Қазір кімнің де болса жағдайы шүкір етерлік. Екі ұртыңның бірі май болып тұрған заман. Тек бізге қанағатшылық жетіспей жататын сияқты. Болмаса тулақ шайнап, туырлық төсеніп жүрген ешкім жоқ. Астымызда мұнайымыз бар, жер байлығын игеріп жатқан жасампаз елміз. Келешек көкжиегімізге көз қадап, бағытымызды байыптаған бағаналы жұртымыздың көші көлікті. Қазір еліміз екі айға жуық уақыттан бері карантин құшағында. «Үйде болған үйдей бәледен құтылады» деп отбасында оқшауланып отыр. Аз-маз аурудың беті бәсеңдеген сыңайлы. Жұртшылық мамырда мамыражай тіршілігімізге қайта оралармыз деп үмітті. Соған сенейік. Осы індетті еңсерсек, енді қайтіп ешкімге ретсіз өкпелемейік. Өйткені өкпең қабынып, тынысың тарылса, жүрісің шектеліп, жолың жабылады.  Біз бұны бастан өткердік. Қандай қиын екенін көзбен көрдік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бабалар өсиетімен ойымызды қорытындыладық.
Т.ШАЙДІЛДАҰЛЫ
16 мамыр 2020 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам