Бақыт қайда барасың?
Отбасы құндылығының айшықты бейнесін баяндағанда «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – Президент, сен – премьер» деп жырлаған жалынды ақын Қасым Аманжоловтан артық жеткізу мүмкін емес. Бірлесіп құрған некелік одақтың туының құламауы, сыйластығының мызғымауы, діңгегінің беріктігі, бақытының баяны ерлі-зайыпты екі адамға да байланысты. Алайда тарих тереңіне бойласақ, бала бойынан батырлық рухты оятуға себепкер әке бейнесі жіті көзге түседі. Отбасында отағасының рөлі ерекше. Сол себепті ұлтымыз «Әке – асқар тау» деген даналық қалдырған. Асқар тау қандай биік болса, әкенің болмысы рухани биіктікте болуы керек.
Ер азамат – шаңырақтың иесі, әйелі мен бала-шағасының қорғаны. Қазақта отағасы болған ер-азаматтан «бала-шаға, мал-жан аман ба?» деп сұрайтын болған. «Әйел, бала» деген сөз тіркесі «бала-шаға» түсінігімен алмастырылып, ер азаматтың биіктігін көрсеткен. Әке сипаты бір сөзділік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, әділеттілік, адалдық қасиетпен шендесіп тұрады. Нәтижесінде, әкені айрықша құрметтеу сезімі отбасылық дәстүрді бекітеді. Әкенің алдында қалай болса солай сөйлемеу, бейәдеп күлмеу қағидасы қалыптасады. Қазақ даналығында «әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген тағылым бар. Ол «өзіңді өмірге әкелген кісілерді құрметте, олардың алдында оғаш қылық көрсетпе» деген кеңесті мегзейді. Отбасы мүшелері арасында жарастық тамырын жайғанда ғана мерейлі шаңырақ шаттыққа кенеліп, қоғамға сыйлы болады.
Алтын құрсақты ананың да шаңырақтағы орнын ешкім алмастыра алмайды. Отбасындағы сәби ана алақанының жылуымен, ыстық мейірімімен өсіп-жетіліп, қоғамның толыққанды мүшесіне айналады. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналықтың астарында үлкен мән бар. Адамзатты өмірге әкелген ана өзінің ақыл-парасатымен әлемге шуағын сеуіп, тыныштық пен бірліктің, бақыт пен берекенің шамшырағын жағып, өз отбасының сүттей ұйыған ынтымағын жарастырады.
Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, алайда бес саусақ бірдей емесі қынжылтады. Кейбір отбасыларда күнде жанжал шығып, ақыры ажырасумен тынып жатады. Ақырында екі оттың ортасында олардың бейкүнә перзенттері қалады. Бұл қазір қоғамның бітеу жарасына айналды. Шаңыраққа шуақ төгіп отыратын әжелер, аналар, әкелер мектебі осындай сәтте даналық мәйегіндей жас жұбайларға бағдаршам болуы тиіс.
Ынтымағы жарасқан, ризығы Алладан сый болған бәзбір отбасыларға көпшілік қызыға қарап, сыртынан таңдай қағысып, риза болып жатады. Оларда да ыдыс сылдырамай тұрмайды. Бірақ ерлі-зайыптылар ортадағы дауды ұшықтырмай ақылмен дер кезінде шешеді.
Ертеде бір жас жігіт отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болатынын іздейді. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, білсе солар біледі бақытты тұрмыстың сырын, өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастархан басына қонақты жайғастырып отырғызады. Кемпірі дастарханға бір қауын әкеледі. Отағасы қауынға бір қарайды да, кемпіріне «Бұл қауын онша піспегенге ұқсамайды, ауыстырып әкелесің бе?» дейді. Әйелі «жарайды» деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі. Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі «жарайды» деп, тағы алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа «Әйелім онша таңдай алмаса керек, кеттік бірге барып таңдап келейік» деп екеуі бірге ас үйге кіреді. Онда бір ғана қауын тұрады. Қарт кісі қонаққа қарап «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» деп сұрайды. Жас жігіт «түсінбедім» деп жауап береді. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен білетінмін біреу ғана екенін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, «жарайды» деп әкетіп дәл соны қайта әкелді. “Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың” демеді. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтқанында мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс те болмайды. Отбасы бақытының сыры осы» дейді.
Міне, көрдіңіздер ме? Қарапайым ғана мысал. Түптеп келгенде оның мәні тереңде. Ерлі зайыптылар бірін-бірі көзқарасынан-ақ түсініп жатыр. Ортадағы сыйластықтың алтын көпірі некелескен жұпты мызғымас татулыққа жетелеп отыр. Демек отбасы бақытының кілті жүрек қалауымен ортақ отау құрған жандардың көзқарасы мен сыйластығының бір арнада тоғысуы. Осындайда заманында дүлдүл атанған Қабан жыраудың «Бақыт қайда барасың?» толғауының мәні зор.
Ата-анасын сыйлаған,
Ұйымшылдық ойлаған,
Тату жанға барамын.
Бақыт, қайда барасың?Өсірген жақсы баласын,
Сыйлаған ата-анасын,
Көргенді ұлға барамын.
Бақыт, қайда барасың?
Балбұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын.
Мінеки, бақыт – береке мен ізгіліктің тұрағы, бақытты болу әр адамның мұраты. Бақыт қонақтайтын, сенім мен сезім ұялайтын шаңырақ болайық.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА