Әкесіз ұрпақ неге көп?
Қазір әкесіз өскен ұрпақ көбейді. Әрбір отбасы үшін әкенің орны бөлек. Десе де, бүгінгі заман кезінде асқар тау деп бағалайтын сол бір ардақты жандардың беделін түсіріп жібергендей. Шаңырақта олардың жолы қашанда биік. Анамыздың «Әкеңмен ақылдасайық, шешімін сол кісі айтады» деуінің өзі отағасына деген сыйластықтың, құрметтің бір белгісі.
Бүгінде бұл көрініс өзгеріп барады. Өйткені, жетіліп келе жатқан әкесіз ұрпақ көп. Кейбір қаракөздеріміз баланы әкесіз жеткізуге тырысады. Ер бала үшін сол бір ардақты жан міндетті түрде керек. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Қоғам не болып барады?
Статистика бойынша Қазақстанда әр үшінші ресми некенің соңы ажырасуымен аяқталады. Азаматтық некеде болғандардың жағдайы жақсылықпен аяқталып жатпайды.
Жақында көптен көрмеген бір танысымды кездестірдім. Ол екі балалы болған екен. Отбасын, жағдайын сұрағанымда: «Бір баладан кейін ажырасып кеттім. Некеміз ұзаққа бармады» деді. Құшағындағы екінші сәбиін көріп, іштей тағы отбасын құрған екен деген ой болғаны рас. Бірақ, олай емес екен.
– Мына кішкентайды дүниеге әкелдім. Үлкеніме серік болсын дедім. Екеуінің әкесі – екі адам, – деп танысым төмен қарады.
– Сонда екеуінің тәрбиесі қалай болмақ? Ержеткен соң «Әкеміз кім?» деп сұраса, не айтасың?, – деп сұрауыма тура келді. Бұлай сұрағаныма өзім де ыңғайсыздандым. Себебі, ол әлгі адамның жеке өмірі. Ол да сәл ойланып барып жауап берді.
– Тәуекел, болары болды. Қос балам – өзіме олжа, – деп қысқа қайырды.
Әңгімеміз ұзаққа бармады. Бірақ, сол сәттен бастап маған осы ой маза бермеді. Осындай тағдырлар неге көп? Жалпы, отбасында екі адамның да өзіндік орны бар. «Әйел – үйдің шырағы, еркек – үйдің пырағы» деген. Осы құндылықтың құны неге арзандап кетті? Жауапкершілік қайда қалды?
Қазақта бұрыннан келе жатқан көне сөз бар. «Төрт құбылаң түгел болсын» деген. Бала үшін де оның отбасы толық қанды болуы өте маңызды. Бұл – көпбалалы, ақжаулықты ана Сәлім Әбуованың сөзі. Сәлім апа қоғамдағы осы жайтқа мүлдем қарсы.
– Әке – әрқашан отбасының асыраушысы. Ал, әйел адам бала тәрбиесімен айналысып, үйдің ұйытқысына айналуы тиіс. Қазіргі таңда көп қыз-келіншектер кішкене қиындық немесе келіспеушілік болса ажырасамын деп шыға келеді. Ал, оның салдарын жете түсінбей, жан-жақты ойланбайды. Мен ана ретінде айтар болсам, ажырасқанды емес, баланы аяймын, – деді көпті көрген кейуана.
Ол кісінің айтуынша, әкесіз өскен балаларда өз-өзіне деген сенімділік, табандылық, таңдау, шешім қабылдау қабілеті төмен. Көбіне жасқаншақ келеді. Кейде анасының айтқанынан шыға алмайтын балалар кездеседі. Міне, олар әкенің тәрбиесін, қамқорлығын сезінбеген бала екенін бірден аңғара аламыз, – деді Сәлім апа.
Расымен ойланатын жайт... «Әкеміз қайда?» деген сұрақ ауыр естіледі.
Ал, оның жауабы да салмақты болмауы тиіс. Демек, екі жастың арасындағы сыйластық, түсіністік, жауапкершілік мықты болуы абзал. Сонда ғана әр бала толық отбасында әке-ана бақытын сезініп өседі.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.