Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әкім оқыған мектеп

Әкім оқыған мектеп

Міне, мамыражай мамырдың мазасыз соңғы күндері де таяп келеді. Қызылорда мектептерінде сындарлы сәт жақындап қалды. Оқушының ойы сан-сақта, ұстаздың ұғымы ҰБТ-ның баллында. Бірінде уайым бар, бірінде тілеулестік ниет тулап жатыр. Он бір жылдың безбені алшы түсе ме, бүк түсе ме, пешенеге жазғаны болады. Әзірге тәуекел!
Біз қаланың қақ ортасында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектеп ауласына келдік. Баяғы шулы кезең жоқ, қазір тып-тыныш. Оқушы біткен қашықтан оқытуға көшкен. Төтенше жағдай талабы солай. Қашықты жақындатқан қазіргі технология білім сапасын бір мысқал кем етпеді. Мектептің елу алты жыл тарихында 100-ден аса түлек «Алтын медаль», «Күміс медаль», «Үздік аттестат», «Алтын белгі», «Ерекше үлгідегі аттестат» алғаны терең білімнің тағылымы ғой, сол үлгілі үрдіс жалғасын тауып тұр.
Уақытында несін айтасың, бұл дүрілдеген мектеп-ақ еді. Аралас оқытылған ұядан кім ұшпады? Менмін дегеннің баласы осында оқыған дейді. Бәлкім солай шығар. Оның да кезегі келер. Қазіргі ойымыз басқа, жөніміз де басқа. Біз білгеніміздей, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осы мектептің түлегі. Озық оқушымен, қайраткер қызымен мектеп ұжымы мақтанады, үнемі үлгі тұтады. Оны мектеп директоры Алмат Бақытбекұлы да баян етті, мектептің елу жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Самғатқан сан қыранды алтын ұя» кітабынан да оқыдық. Әрине, әкім оқыған мектеп туралы әркім-ақ білгісі келеді, соңғы қоңырау салтанатында оны қаперге алғанымыз да жасырын емес. Сол үшін Гүлшара Наушақызының сонау сексенінші жылдары оқытқан ұстаздарын, қатар жүрген құрбыларын іздестірдік және таптық. Ендігі сөзді солардың өз аузынан естісек жөн болар. Әзірге өткенге де ой жіберіп алайық.
Соңғы қоңыраудың сыңғырын сағынған адам алтын ұя мектебі туралы толғанып, сонан соң балалық шақтың бал сезіміне бойлап, бір тебіреніп алады. Оқушы мектептің құдіретіне, мұғалімнің мәртебесіне мойынұсынса,  ұстаз шәкірті шыққан биігімен мақтанады. Иә, дәл солай. Оны неге айттым?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектебінде болып, «Үшқоңыр ұшырған үміт» атты көлемді эссе жазғанмын. Әрине, әлемдегі ең беделді, ірі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағын, оқушылық өмірін кім болса да білгісі келетіні анық. Біздің сапардың мақсаты сол болатын. Бір қабат болса да бес жұлдызды қонақ үй секілді үйлесімді, ауласы көкпен көмкерілген көне ғимаратқа кіргенбіз. Нағыз антиквар дерсің. Бұл – бұрынғы мектеп, қазір тарихи-өлкетану мұражайы. Мұражай директоры Мәрия Қожанова өзі бас болып, бізге Елбасы тұтынған заттарды түгелдей таныстырды. Ал, мектеп директоры Баян Мұхамедиярова мектептің 1958 жылғы журналын көрсетіп, Тұңғыш Президенттің үздік оқыған білімпаздығын баяндап берген еді. Бүгін дәл сондай күй Сәкен Сейфуллин мектебіне жетеледі. Мұнда сынып журналы сақталмаған. Есесіне, көзі тірі ұстаздар естелігі меселімізді қайтармады.
Ұлағатты ұстазы
Алдымен сол кездері мектепте биология пәнінен дәріс берген, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Күлбарам Сәдуақасқызын іздеп бардық. Апай әлі тың, ескінің есті естелігін төкті дерсің.
– Мен отыздан жаңа асқанда Сейфуллин мектебіне жұмысқа орналастым. Қаланың элитасы баласын осы мектепке беруге ықыласты болды. Себебі кіл таңдаулы мұғалім, өз мамандығының майталманы осында. Соған сай оқушылардың да бәсі биік, білімге құштар келетін.
Мектеп 1964 жылы пайдалануға берілді. Алғашқы директор Қасымбек Ыбыраев болатын. Қатал кісі, майдангер. Талапты тікесінен қояды. Оның «учитель на уроке – как солдат на войне» дейтін тұрақты тіркесі бар. Директормен бетпе-бет келу жоқ, көзіне түспеуге тырысамыз.
Шәкірттерімнің ішінен көптеген белгілі тұлға шықты. Гүлшара Наушақызы сол шоғырдың шоқтығы. Ол бала күнінен сүй­­кімді, өте мәдениетті, аз сөйлеп, көп тың­дайтын. Үздік оқыды. Сүйегі текті ғой, қан­ша уақыт өтсе де мінез-құлқы ешбір өз­гермеген, сол қалпы. Мектеп бітірген соң Жам­был технология институтының эко­но­мика факультетіне оқуға түсті. Онан кейін­гі қыз­меттік өсу баспалдағы өздеріңізге бел­гілі. Мемлекеттік хатшы кезінде Гүлшара менің 75 жылдық мерейтойыма байланысты құт­тықтау хат жолдады. Қатты қуанып қал­дым. Шәкіртімнің ұмытпай ұстазын құр­меттегені мен үшін бақыт, –деді Күлбарам апай.

Сынып жетекшісі
Гүлшара Наушақызының бастауыш сыныптағы алғашқы ұстазы Айша  Үсенова апай екен. Ал, жетінші сыныпқа дейін жетекші болған Үміткүл Айманова аналық, ұстаздық мейірімін төккен. Сегізінші сы­ныптан бастап бүгінде «Болашақ» уни­верситетінің  оқытушысы, филология ғы­лымдарының кандидаты, доцент Сара Тайманова жетекшілік жасаған.
Біз ол кісімен телефон арқылы бай­ланыстық.
– Гүлшара өзі бойшаң, соңғы партада отыратын. Зеректігі оған кедергі келтірген жоқ. Сабақты кілең бестікке оқыды, түрлі білім сайыстарында есе жібермейтін ұш­қырлығы, ой тереңдігі, қабілеттілігі ерек­ше еді. Мінезі тұйық, кішіпейіл, сы­нып­тастарымен емен-жарқын араластығы жоғары болатын. Ұстаздарының қай-қайсы да оның озат орнын биік қойды, сосын жақсы көрді. Мұғалімдер Спандияр Дүйсеков, Камила Абиловалар аузынан тастамай айтатын. Гүлшара оқыған 10 «Г» сыныбы туралы қан­ша айтсам да таусылатын тақырып емес. Өйт­кені өте ұйымшыл, бір-бірімен сыйлас еді және сабақ үлгерімі жақсы сынып болды, –дейді Сара апай.
Дауасыз дене шынықтыру
1983 жыл. Майталман мектеп директоры Евгений Васильевич Конның кезі. Қатал уақыт. Сабақтан себепсіз қалу жоқ, оқушының басты міндеті – оқу болса, ол талқылаусыз орындалатын.
Ұмытпасам, Гүлшара Наушақызы мектеп бітірер жылы бір мәселе туындады. Негізгі пәннің бәрі бестік бола тұрып, қырсыққанда дене шынықтырудан төрт қойылды. Ұмытпасақ, Тхя Анатолий Ефремович болу керек, қайдағы дене шынықтырудың бағасына келгенде қадалды да қалды. Соның салдарынан «Алтын медаль» бұйырмай тұр. Бұған Гүлшара Наушақызы көңілін түсіріп, іштегі қыжылын білдірген жоқ. Өзін байыпты ұстады. Тектілігін таныта білді.
Дәл осындай жағдай Елбасыда да болған. Химия пәнінің мұғалімі Асқаров: «Өзім беске білмеймін. Сосын саған да бес қоя алмаймын» деп төрт қойған. Сөйтіп «Алтын медальдың» ауылы алыстады.
Сыныптастар
Бұлар сыныпта жиырма бес еді. Өрімдей қыз-жігіттерге мектеп формасы жарасып тұратын. Кеңестік кезеңдегі сол сурет мек­тептің де сәні болатын. Сыныптастар әліге дейін бір-бірін іздеп, сағынысып қалады. Олардың ішінде Ақбөпе Әбілдаева, Сәуле Оспанова, Гүлсім Бисенова, Құралай Сариева, Жанар Досаева, Қанағат Сақтағанов, Сәкен Әбенов, Талғат Төлегеновтерді атай кеткенді жөн санадық.
Ақбөпе Әбілдаеваның естелігінен: «Гүлшара екеуміз пәндік олимпиада – орыс тілі, математика, физика, химиядан сайысқа барамыз. Жеңбей қайтпаймыз. Ортамызда Үміткүл апай. Сонда ол: «Біреуің ұзын, біреуің қысқа, мен ортада жүріп, баспалдақ болайық» дейтін. Гүлшараның бойы да, ойы да бар бөлек жан ғой. Оның суреті мектептің Құрмет тақтасынан бір түскен емес. Мен – топ жетекшісі, ол – комсорг. Құрбымның әке-шешесі де алтын адамдар. Үйіне жиі қонаққа барамыз. Бала демей бауырмал құшағын ашып қарсы алады».
Сәуле Оспанованың естелігінен:«Біздің сыныптың барлық оқушысы жақсы оқыды. Сонау бірінші сыныптан. Ішімізде 15-і озат. Бәріміз де жоғары оқу орнына түстік. Мектепішілік мәдени-көпшілік шараларда бас жүлде бізге бұйыратын. Гүлшара идеал қыз, барлық жағынан үлгі болды. Білімі, мінезі, түр-тұлғасы түгелдей тұнып тұрған бөлек әлем».
Құралай Сариеваның естелігінен: «Мен бұл сыныпқа төртінші сыныпта Шиелі ауданынан ауысып келдім. Алғашқыда үйренісе алмай жылаған сәттерім есімнен шықпайды. Сонда Гүлшара сезімтал ғой, менің қиналғанымды біліп, өзіне жақын тарта бастады. Көп көмектесті. Ол О.Кошевой, мен Пушкин көшесінде тұрамыз. Сабаққа бірге барып, бірге қайтамыз. Кезекші болғанда кешке жанымда болып, еденді де жуысатын. Гүлшара өте тиянақты, уақытқа мұқият болатын.
Бізге орыс тілінен Ирина Иннокентьевна дейтін кәріс апай берді. Ауылда өскенбіз, орысшаға шорқақпын. Біреуден сұрауға жасқанамын. Мазақтайды деп. Сол кезде Гүлшара ғана көмекке келіп, орысшаны жетік білуге ықпалы тиді. Тіпті оған арқа сүйегенім сонша, қиналғанда сүйеу, деміккенде демеу болғанын қалай жасырайын».
Олар мектеп бітіргеніне 25 жыл болғанын жоғары деңгейде атауды қолға алған еді. Оған Гүлшара Әбдіқалықова келе алмады. Мемлекеттік жоғары лауазым иесіне сыныптастары ыстық, бірақ ел мүддесі одан да жауапты. Сондықтан сыныптастары түсіністікпен қарайды, сәттілік тілейді.
Сөз соңы
Иә, туған жерге оралып, ел мен жерге перзенттік парызымды қосамын деген облыс басшысына өңірдің әрбір адамы, бір уыс топырағына дейін ыстық. Сол үшін күн-түн демей аянбай қызмет етуде. Қазіргі қиындықтарға қарамастан құрылыс жұмыстары, ша­ғын және орта бизнесті өркендету барысы екпін алып жатыр. Ел-жұрттың алаң көңілі басылды. Елімізде нәзік жандардан тұңғыш рет облыс басшысы болған Гүлшара Наушақызы үшін 25 мамырдың соңғы қоңырауы, өзі оқыған Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектеп  қашанда ерекше деп білемін. Өйткені мектеп мерейін өсірді, мұғалім мейірімін төкті, содан қанаттанып, ол биікке самғады.

Қаныбек Әбдуов
23 мамыр 2020 ж. 3 054 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам