Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұршығым, сені қолға алам

Ұршығым, сені қолға алам


Төрт түлік малмен етене жақын қазақ халқы етін, сүтін ас етіп, жүнін киім-кешекке қолданған. Жүнін бұйым ету жұмыстарымен әжелер, аналар, әйелдер қауымы айналысқан. Мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері екен. Ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні, шудасын да пайдаланған. Дегенмен, ең жиі қолданыста қой жүні болып табылады. Бүгінде әжелеріміз қажеттіліктен емес, «ермек етіп отырмын» дейтін ұршық иіру жайына тоқталайық.
          Алдымен қой қырқу жұмыстары жүреді. Биязы және биязылау жүнді қойлар жылына бір рет көктемде, ал ұяң не қылшық жүнді қойлар екі рет көктемде (жабағы) және күзде (күзем) қырқылады. Ұршық иіруге жабағы қойдың жүні қолданылады. Ал күзем жүннен киіз басады екен. Жаңа қырқып алынған  жүнді жақсылап жуып, тазалайды.  Жыңғылдан немесе бұтақсыз жас талдың қабығын кептіріп сабау таяқ дайындайды. Жері тегіс аула сыртына тулақты жайып жүнді сабайды. Сабар алдында жүн 2-3 сағат күн көзінде жатса тіпті жақсы. Әдетте тулақты айнала отырып сабайды. Жүн үлбіреп көпсіп, біріккені жазылған сәтте сабауды тоқтатады. Енді оны түтіп майда қоқыстан тазартып, шүйкелейді. Шүйкенің көлемі ауыр болмауы керек. Өйткені көлемі үлкен болса, ұршық иіргенде қол тез шаршайды. Ал, ұршық ауырлап кетсе жіп үзіліп, қол байлау болады.
Төрт түлік малдан алынатын жүнді иіруге арналған құрал-ұршық деп аталады. Ұршықтың басы қорғасыннан құйылып, ағаштан, түйенің ортан жілігінің айдар басынан ойып, не тастан қашап жасалады. Салмағы жіпті үзіп кетпейтіндей болуы керек. Ұршық тым жеңіл болса, иірілген жіп ширыға береді. Сондықтан оның басының қалыпты салмағы болуы тиіс. Ұршық басының дәл ортасына тесік тесіліп, оған ұршықтың сабы өткізіледі. Сабын жұмырлап жонып, ұшын үшкірлейді. Сабы ұршық басынан 10-11 см шығып тұрады, оған жіп жүретін ойық жол салынады. Оны бұрмаша деп атайды. Төменгі жағы жіңішке келеді. Ол жүннің сырғып кетуіне ыңғайлы етіп жасалған. Ұршық жасау кез-келген ер азаматтың қолынан келген.
« Қазір ұршық иіріп, тоқыма тоқитын біздер ғана. Бұл нағыз еңбекпен келетін дүние. Қой қырқу, оны тазалау, жұмсақ күйге жеткізу, оны жіпке айналдыру керек. Сонан соң, көз майыңды тауысып, керек бұйымыңды тоқып аласың. Дегенмен еңбегіңе татырлық мықты дүние шығады. Көбіне балам төрт түліктің қамымен далада жүретіндіктен жылы жүргені маңызды. Өз қолымнан шыққан кеудешелерді ұзақ әрі жып-жылы деп киіп алады. Қалалық өмірде қой жүнінен тоқылған киімдер киілмесе де, ауылда киеді. Бұл төрт түлік малдың жүнінен жасалатын бұйымның барлығы ауызбіршілікке шақырады. Бәріміз жиналып жүн сабаймыз. Бұрын күн сыз еткеннен ұршық иіретінбіз. Бүгінде бұл үрдіс халық арасында толық сақталып қалмағанымен өзіміз сияқты бірең-саран үйдің үлкендері тастай қойған жоқ. Қазір жұмысбастылықтың ықпалы ма, әйтеуір, көрген-білгенін үйреніп, кәдеге асыратын келіндер қатары аз. Кейде қаладағы  балаларым: «Өзіңізді әуре-сарсаңға салып қайтесіз, дүкенде мұндайдың түр-түрі тұр ғой» деп жатады. Ал, тоқып берсең, қыстай аяқтарынан тастамай киіп шығады. Расында, қазір маусымына қарай базарда көздің жауын алатын ондай дүниелердің сан түрі шығады. Десек те, жүн түтіп, ұршық шиыра еңбектенудің де өз рахаты бар», – дейді Кеңескүл Байділдаева есімді ақ жаулықты әжеміз.
«Оймышты ұшқат,ырғай сап,
Ұршығым, сені қолға алам.
Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ,
Жез бұйдалы – желмаям», –  деп Ілияс Жансүгіров жырлаған ұршық ертеректе қолдан түспеуші еді. Дамыған заманда ұршық иіріп, оны киімге айналдырыңыз демеймін. Тек ұрпақтан ұрпаққа жалғанса, ұмыт қалмаса игі.
           
                                                  Наргиза НАРТАЙҚЫЗЫ
23 мамыр 2020 ж. 926 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 593 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам