Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЗЫРЫЛДАП ЖҮГІР, ҰРШЫҒЫМ...

ЗЫРЫЛДАП ЖҮГІР, ҰРШЫҒЫМ...

   Бала күнімізде әжелер ауылдағы кемпіршуақта отырып, әңгіме-дүкен құратын. Өткен-кеткенді қозғап, әріден сөз бастайтын. Көненің көздері қолдары құр босқа отырмайды. Қаһарлы қысқа тоқыма киімдерін қамдап отыратын. «Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды» демекші ұршық иіретін әжелер бас қосқан сол бір сәт әлі де жанымызға шуақ сыйлайды.
Әжелер саусақ басымен қыл-қыбырдан түгел тазартқанда тегіс иірілген жіп ұзынынан ширатыла қалатын. Сондықтан шығар, тоқылған киім де зауыттан шыққандай мінсіз көрінеді. Айта кетерлігі, ол кезде дүкеннен қыстық киім сатып алатындар ілеуде біреу. Онда да қолы іс білетін ақ жаулықты үлкен апалары жоқ үйлер ғана баласына дүкеннің дайын шұлық-қолғабын тұтынуға мәжбүр болатын. Себебі, күз айы хабар берісімен әжелеріміз жаппай ұршық иіріп, тоқыма тоқу маусымын бастап кетеді. Сөйтіп, алғашқы қар түскенше қолы жылдам ісмер апалар барлық бала-шағасын жүн шұлық, тоқыма кеудеше, қолғаппен толық қамтамасыз етіп қояды. Тіпті, артылғанын ет-жақындарына сый етіп те ұсынып жатады. Осындай дарқан даладай көңілі кең апаларымыз бір жағынан өз қажетін өтеп отырса, екінші жағынан бабадан қалған текті қолөнерді өскелең ұрпақ арасында насихаттап жүруші еді-ау.
Өзім де бұл кәсіпке әжемнің, кейін анамның айналысуымен біраз қанық болып алдым. Сырттай қараған жанға оңай болып көрінгенімен, бір таяқтың бойына иірілген жіпті ұқыпты жинай білу де өнер екенін ұғынғанмын сол кезде. Өзге өнер түрі секілді өз заңдылықтары бар бұл өнердің де иіру, жүнді шүйделеу, дайын болған жіппен тоқыма тоқудың өз заңдылығы бар.
– Бұрын күн сыз еткеннен ұршық иіретінбіз. Бұл үрдіс бүгінде халық арасында толық сақталып қалмағанымен өзіміз сияқты бірен-саран үйдің үлкендері әлі оны тастай қойған жоқ. Қазір көрген-білгенін үйреніп, кәдеге асыратын келіндер қатары аз. Кейде маған да үйдегі балаларым: «Жоқ нәрсеге құлдық ұрып, өзіңізді әуре-сарсаңға салып қайтесіз, дүкенде мұндайдың түр-түрі тұр ғой» деп жатады. Ал, тоқып берсең, қыстай аяғынан тастамай киіп шығады. Сонда әлгі сөздері ұршық иіріп, ине түртпеуге сылтау ма деген ойға келемін. Расында, қазір маусымына қарай базарда көздің жауын алатын ондай дүниелердің сан түрі шығады. Десек те, жүн түтіп, ұршық шиыра еңбектенудің де өз рахаты бар. Ол өлмейтін кәсіп болып қалуы тиіс, – дейді Үрпатша Тәңірбергенова есімді ақ жаулықты әже бізбен әңгімесінде.
Шындығында, сонау заманнан көненің көзіндей боп жеткен мұраны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақ арасында насихаттау бүгінге парыз. Тарих беттерінде ел аумағында бұл дүниені шаруашылықта пайдалану неолит заманынан бастау алғаны айтылады. Тіпті, қола дәуіріндегіескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған оның қалдықтары да көптеп табылған. Ал, тарихшы мамандардың айтуынша, ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған көрінеді. Демек, бұл біз көріп жүрген дүниенің тарихы тереңде жатқандығын аңғартады.
Аңсарымыз ауып ауылға асығамыз. Қала тіршілігімен қалжыраған біз елдің кешегі күнгідей бет-бейнесін көз алдымызға келтіргіміз келеді. Күншуақ. Ақ жаулықты әжелер. Кейуана қолыңдағы шыркөбелек айналған ұршық. Өкініштісі, туған топыраққа қадам басқан сәтте бұл көрініс көз алдымыздан көріне бермейтін болды. Ескінің адамдары еске түседі мұндайда.


Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.    
30 шілде 2018 ж. 1 617 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам