Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Зырылда ұршық зырылда

Зырылда ұршық зырылда

   Бала күнімізде ауылдағы кемпіршуақта отырып, әңгіме-дүкен құратын әжелерді жиі көзіміз шалушы еді. Өткен-кеткенді қозғап, әріден сөз бастайтын көненің көздерінің қолы бос болмайтын. Қаһарлы қыстың ызғарында киетін тоқыма киімдерін қамдап отыратын. «Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды» демекші аяқ-қолы тынбай ұршық иіретін әжелер бас қосқан сондай бір уақытта кесектей-кесектей аппақ тоқыма жіптерді әп-сәтте-ақ төгіп-төгіп тастайтын.        
     Әбден ілімін алған әжелер саусақтың басымен қыл-қыбырдан түгел тазартқанда тегіс иірілген жіп ұзынынан ширатыла қалатын. Сондықтан  шығар, тоқылған киім де зауыттан шыққандай мінсіз болып көрінеді. Айта кетерлігі, ол кезде дүкеннен қыстық киім сатып алатындар ілеуде біреу ғана еді. Онда да қолы іс білетін ақ жаулықты үлкен апалары жоқ үйлер ғана балаларына дүкеннің дайын шұлық-қолғабын алып беруші еді. Себебі, тамыз айының ортасы ауып, қоңыр күздің ызғары қылаң бергеннен-ақ әжелеріміз жаппай ұршық иіріп, тоқыма тоқу маусымын бастап кетеді. Сөйтіп, алғашқы қар түскенше қолы жылдам ісмер апалар барлық бала-шағасын жүн шұлық, тоқыма кеудеше, қолғаппен толық қамтамасыз етіп қояды. Тіпті, артылғанын ет-жақынына сый етіп те ұсынып жатады. Осындай дарқан даладай көңілі кең апаларымыз бір жағынан өз қажетін өтеп отырса, екінші жағынан бабадан қалған текті қолөнерді дәріптеп, өскелең ұрпақ арасында насихаттап жүруші еді-ау.
      Өзім де бұл кәсіпке әжемнің, кейін анамның айналысуымен біраз қанық болып алдым. Сырттай қараған жанға оңай болып көрінгенімен, бір таяқтың бойына иірілген жіпті ұқыпты жинай білу де өнер екенін ұғынғанмын сол кезде. Өзге өнер түрі секілді өз заңдылығы бар бұл өнердің де иіру, жүнді шүйделеу, дайын болған жіппен тоқыма тоқудың қаншама әдіс-тәсілі бар.           
        – Бұрын күн сыз еткеннен ұршық иіретінбіз. Бүгінде бұл үрдіс халық арасында толық сақталып қалмағанымен өзіміз сияқты бірен-саран үйдің үлкендері әлі оны тастай қойған жоқ. Қазір көп әйел – жұмысбасты. Содан болар, ұршықты әйтеуір, кәдеге асыратын келіндер қатары аз. Кейде маған да үйдегі балаларым: «Жоқ нәрсеге құлдық ұрып, өзіңізді әуре-сарсаңға салып қайтесіз, дүкенде мұндайдың түр-түрі тұр ғой» деп жатады. Ал, тоқып берсең, қыстай аяғынан тастамай киіп шығады. Сонда әлгі сөздері ұршық иіріп, ине түртпеуге сылтау ма деген ойға келемін. Расында, қазір маусымына қарай базарда көздің жауын алатын ондай дүниелердің сан түрі шығады. Десек те, жүн түтіп, ұршық шиыра еңбектенудің де өз рахаты бар. Ол өлмейтін кәсіп болып қалуы тиіс, – дейді Әзиза Бақтыгереева есімді ақ жаулықты әже бізбен әңгімесінде.                                                         
      Шындығында, сонау замандардан көненің көзіндей боп жеткен мұраны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақ арасында насихаттау бүгінге парыз. Өйткені, бұл өнер түрі мәдениеті дамымаған кезеңдерде-ақ өз өміршеңдігін дәлелдеп қойғандай. Мәселен, тарих бетеріне сенсек, ел аумағында бұл дүниені шаруашылықта пайдалану неолит заманынан бастау алған екен. Тіпті, қола дәуіріндегіескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған оның қалдықтары да көптеп табылған. Ал, тарихшы мамандардың айтуынша, ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған көрінеді. Демек, бұл біз көріп жүрген дүниенің тарихы тереңде жатқандығын аңғартады.                                                                                                               
        Қазіргі таңда тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қосылғанымен, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған кей ауылдарда қарапайым ұршықтың дәурені әлі де өте қоймағандығын мойындаған жөн. Себебі, бұл асыл мұра қашанда өз өміршеңдігін жоймақ емес.  
                                                                                Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.                                                                                                                                                      
26 ақпан 2019 ж. 1 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам