Жалағашта каналға суға түсу кезінде бір жасөспірім көз жұмды
Кеше Жалағаш ауданында бір жасөспірім суға кетіп көз жұмды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі берген мәліметке сүйенсек, күндіз сағат 14:53 шамасында №11 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне кент тұрғыны Сырдария өзенінің көпір тұсында М.С есімді азаматтың суға түсіп, батып кеткені жайында хабарлайды. Оқиға орнына барған бөлімнің инженері, аға лейтенант С.Күзембаев 2003 жылғы кент тұрғынының көпір тұсындағы Сырдария өзеніне суға батып кетіп, қайта шықпағанын анықтайды.
Айта кетейік, суға шомылу кезінде қайтыс болған жасөспірімнің қасында №31 мектеп-гимназиясының 3 оқушысыжәне №123 мектеп-лицейден де 3 оқушы болған. Сырдария өзеніне барлығы 7 оқушы суға түсуге барғаны белгіліл болып отыр.
Өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына дейінгі ара қашықтық 5 шақырымды құрайды. Оқиға орнына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 3 қызметкер, 1 автокөлік, аудандық полиция бөлімінен 5 қызметкер 1 автокөлік, «ӨСжАҚЖҚ» ММ-ның №11 өрт сөндіру бөлімінен 8 қызметкер, ЖАО-дан 5 қызметкер 2 техника жұмылдырылды. Қайғылы жағдай орын алған жерге облыстық ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ «ЖҚЖ» қызметкерлері шақыртылды (5 қызметкер, 1 бірлік техника моторлы қайықпен, топ басшысы Федосияди Андрей). 18 сағат 23 минутта жұмысын бастаған Жедел құтқару жасағының қызметкерлері 18 сағат 49 минутта мәйітті судан шығарды. Қазіргі таңда зардап шеккен жасөспірімнің 123 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы екені белгілі болды.
Биыл суға түсу маусымы 1 мамырдан басталған болатын. Әзірге бұл Жалағашта суға шомылу кезінде тіркелген алғашқы жағдай болып отыр, лайым соңы да осы болғай. Былтырғы маусымда да 1 бала суға кетіп, қайғылы жағдай орын алған еді. Ал 2018 жылы екі адам суға кетсе, 2017 жылы Жалағаш суға түсу маусымы кезіндегі адам шығынымен аудандар арасында көш бастаған болатын.