Жасампаз реформалар жемісін береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
«Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз», – деп ерекше атап өткен Президент адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне баса назар аударды.
Ел экономикасының дамуы ең алдымен елдің білімі мен ғылымының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан осы салада жаңа жүйелерді қалыптастырудың маңызы ерекше. Осы ретте Президент 2025 жылға дейінгі білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттікбағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат алты есе, ғылымға бөлінетін қаржы жеті есе өсетінін және 800 мектеп салынып, педагогика саласындағы студенттердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге дейін артатындығын жеткізді.Бұл білім, ғылым саласы қызметкерлері үшін үлкен серпіліс болғаны белгілі.
Әлемнің белді оқу орындары мен ғылыми орталықтарының озық тәжірибесін игеру, білім мен ғылымды дамытудың ең басты көрсеткіштерінің бірі екені белгілі. Ұлттық кеңес отырысында бұл мәселеге де баса назар аударылды. Дарынды жастар шетелде білім алып, жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалмақ. Бұл – өз кезегінде талантты жастарға көрсетілген үлкен қолдау екені сөзсіз.
Мемлекет басшысы: «Білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны 3 есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ. Еліміздің 10 жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керек. Жоғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі осы», – деп атап өтті. Әрине, бұл жоғары білім беретін оқу орындарына аса маңызды да жауаптымәселе болмақ.
Президенттің әрбір бастамасы – ең алдымен адами капиталды дамытуға бағытталған. Осы ретте білім саласын жетілдіру, ғылымды өркендету жолындағы әрбір қадам жоғары оқу орындарының алдына үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны белгілі. Ең бастысы – ел болашағы жастардың әлеуетін арттыру, ел тізгінін ұстайтын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда аянбай еңбек ету біздің басты мақсатымыз болып қалмақ.
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры