Карантиндік режим қатаң бақылауда
Қазіргі таңда жалпы елімізде, оның ішінде облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралу жағдайы тұрақты. Ахуал тұрақты болған соң төтенше жағдай тоқтағаны белгілі. Алайда карантиндік шектеу жалғасатыны жөнінде талай рет ескертілді. Себебі, халықтың денсаулығы бәрінен маңызды. Сол үшін де сақтық шарасын сақтау басты міндет.
Еліміздегі індеттік ахуалға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде қаламыздағы бірқатар кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын тоқ¬татқан еді. Бүгінде олар өз жұмысын бастады. Осыған орай, қайта іске қосылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысу мақсатында қалалық мәслихат депутаттары арнайы рейдке шықты. Қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова және «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Шәріп Әбдірахманов бастаған топ алдымен «Мирас» сауда орталығына бағыт алды. Мұнда кәсіпкерлермен пікірлесті. Сауда орталығында тәртіпке сай карантиндік режим қатаң сақталған. Кіребесте антисептик қойылған және келушілерден бетперде тағу талап етіледі.Дүкен иелерімен тілдесе келе, оларға санитарлық талапты қатаң ұстану және бағаны негізсіз көтермеу керектігі ескертілді.
Кәсіпкерлік нысандары ғана емес, қаланың әрбір тұрғыны қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауы қажет. Бүгінгі шарада қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Г.Сыздықова түсіндірме жұмысын жүргізді. Дәлірек айтар болсақ, сатушыларға сауда нүктесінің ішіне тұтынушыларды бетпердесіз кіргізбеу керектігін қатаң ескертті. Бұл талап базар маңында орналасқан банк бөлімшелері мен шаштараз және сұлулық салондарына да ортақ.
– Шара барысында кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Нысандағы санитарлық талапты сақтау бойынша ескерту жасалды. Өз ретінде кәсіпкерлер жеміс-жидек, ет өнімін сататын сауда орны, көтерме сауда нүктесінің жұмыс жасау уақытына өзгеріс енгізу туралы, яғни ашылу уақытын 10.00-ден 8.00-ге ауыстыру, базар аумағынан жүретін маршруттық автобус қозғалысына қатысты және басқа ұсынысын жеткізді. Бұл мәселе бойынша қалалық мәслихат тарапынан қажетті шара қабылданатын болады, – деді қалалық мәслихат жанындағы тұрақты комиссия төрағасы М.Кәрімбаев.
Қалалық мәслихат депутаттарымен кәсіпкерлік нысандарын аралау барысында бірқатар санитарлық талаптың, төтенше жағдайға байланысты ереженің орындалмай жатқанына көз жеткіздік. Дәл қазіргі уақыт бейберекет жүретін кез емес. Себебі, көріп отырғанымыздай аймақта жағдай күн өткен сайын өршіп келеді. Сол үшін де әрқайсымыз жауапкершілікті сезініп, карантин ережесінің талаптарын қатаң сақтап, бетперде, арнайы қолғап киіп, антисептикалық құралды қолдануды ұмытпайық. Өзіміздің және жақынымыздың өмірі біздің қолымызда. Қарапайым тұрғын ретінде осы ережелерді орындап, індеттің таралуына жол бермегеніміз абзал. Ел басына күн туған шақта біз бірге екендігімізді дәлелдей түсейік. Ол үшін тек қана қауіпсіздікті күшейтіп, тәртіпке бағынайық!
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ