Баспасөз – болашағыңыздың бағдары
Қазақ пен сөз синоним сияқты көрінеді маған. Қазақ қай кезде де сөзге аса мән берген халық. Бабаларымыз «Сөз сүйектен өтеді» деп бір ауыз сөзбен салмағын саралап берген. Тойға барсаң да сөз сөйлеуге таласып, талпынып тұрғандарды көресің. Бұл сайып келгенде қара сөздің құнарлы, қастерлі екенін халықтан асып ешкім баға бере алмайтынының бір дәлелі.
Ал, осы таңғажайып сөз тіркестерін баспасөзден басқа жерден байқамайсың. Өйткені, онда қолына қалам ұстаған әрбір журналист сөйлемдегі әр әріптің қадірін жан жүрегімен сезінеді. Мәселен, «құрылғанына» сөзін жазып жатып, абайсызда «қырыл-ғанына» болып кетуі әбден мүмкін. Сон¬дықтан бұл жерде сөзге аса мұқият болып, сауысқаннан сақ, қыраннан қырағы болуың міндетті.
Баспасөз қашан да қоғам жүгін көтеріп келеді. Сондықтан болар жұрттың қаламнан ауыр нәрсе жоқ дейтіні. Оның мойнына бес батпан жауапкершілік жүктелген.
Газет – ақпараттың тәрбиелік мәні һәм эстетикасы. Тегінде Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен сөзді ескерсек «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ендеше ол халықпен бірге болуға тиісті, жұртшылыққа ақпарат беруші, елдің сауатын ашушы құрал. Осы қастерлі құндылығымызды өз деңгейінде құрметтеп жүрміз бе?
«Сыр медиа» серіктестігі құрамына біріккен баспасөз басылымдары заман талабына сай жаңа көзқараста дамып келеді. Басты мақсат – оқырман көңілінен шығу. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайларды қаз-қалпында уақытылы оқырманға ұсыну.
Қазіргі таңда, газет оқитын оқырман тек елу жастан әрі асқандар мен ерекше қызығушылығы бар адамдар. Болмаса жаппай оқу үдерісі жоқ секілді. Аптасына немесе айына шығатын баспасөздің орнын әлеу¬меттік желі басты. Ақпаратын сағат сайын жаңалап, жұртшылықты еріксіз елітіп отырған желінің әшейін құр желік, ертеңі беймәлім екенін бірі білсе, бірі білмейді. Алайда, танымдық-ақпараттық сипаты көз¬қарасы бар, руханият негізі газетте. Ол өңірлік ақпарат беруімен қатар шынайы мәлімет жеткізетін мерзімді басылым. Газеттің өзіндік иісі болады. Ол тарихтан қалған тектіліктің табы. Ең бастысы газет күн сайын таңертең сіздің шай үстеліңізде жатады.
Тілшілерімізде ізденімпаздық пен жаңашылдыққа ұмтылу үдерісі басым. Адам газетті қолына алған кезде ең бірінші «кеше немесе осы аптада не болды екен» деп ашады. Одан кейін «Әлем не дейді, қоғам ше?» деген екінші ой келеді. Сонымен бірге, танымдық не қызықты дүние іздейді. Ал, бізде екеуі де бар.
Оқырманын қызықтыратын газеттің жаңашылдық көзқарасы. Газеттің халық арасындағы үстемдігін көріп отыр¬мыз. Айналып келгенде газет керек. Технологияның дамыған заманында адамдардың бір жапырақ қағаз болса да руханиятын сақтап қалуы өткір мәселе. Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Қаламмен мәнерлеп жазу – тәрбие. Апта сайын әр шаңыраққа сәлем беріп тұратын газет қоғам үнжариясы.
Биыл жарыққа шыққанына 26 жыл толып отырған «Ақмешіт апталығы» антына адал, сертіне сергектік танытып келеді. Газет – халықшыл. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Сол үшін де ол көпшіліктің көзайымына айналды. Осы уақыт бедерінде беделі биіктеді. Абыройы өсті. Онымен бірге қаламгерлердің де құлшынысына қанат бітірді. Бұл бүгін айтылған жаңалық емес. Бұған жиырма алты жылға жуық уақыт бойына жинақталған газет тігінділері куә. Осы уақыттары қалалық баспасөз бетінде жарық көрген қаншама құнды маңызды материалдар қазақ баспасөзінің қатпарлы тарихына айналып үлгерді. Әлем әлме-әл мың құбылып, сан-саққа өзгеріп тұр. Бізге ел іргесінің бүтіндігі қымбат. Бұл тұрғыдан алғанда біздің басылым ел бірлігін ту етіп татулық тұтқасынан ұстай білді.
«Ақмешіт апталығы» газет бетінде түрлі тақырыпта маңызды мақалалар беруімен ерекшеленеді. Бұл оқырмандарға бергенінен берері көп басылым. Мерзімді баспасөздің қашаннан оқырман санын арттыруы оңай болмаған. Осы ретте «Ақмешіт апталығы» газетінің өріс алуына сіз де өз үлесіңізді қосыңыз, құрметті оқырман.
«Ақмешіт апталығы» рухани діңгегімізді нығайтып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді қадір тұтып, қастерлеп отырған тәрбие мектебі. Ел руханиятына айрықша еңбек сіңіріп, ұрпақтар сабақтастығына дәнекер болып келеді. Ендеше ұйымшыл ұжымның жұмысының жандануына бір ауыздан қолдау көрсетіп, баспасөзге жазылыңыз. Журналистер жарғақ құлақтары жастыққа тимей халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Міне, осының бәрінде сіздің де зор үлесіңіз бар, құрметті оқырман!
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ