Газет – өзі бір күндік, сөзі мың күндік
Сөз – құдірет иесі. Сөз сүйектен өтеді. Ал, сол сүбелі сөздер ойдың тұнығынан шығады. Асан Қайғы бабамыздың «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады... Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады» дейтіні сондықтан шығар.
Адамзат баласы әуелде жаратылғаннан сөз арқылы тәрбиеленіп жетілді. Оның киесін ұғынып, қадірін түсінді. «Жақсы сөз-жан азығы» екені тағы мәлім. Ал, енді осы сөз арқылы өзімізді де, өзгені де түзету үшін не істемек керек. Оны қайдан, кімнен алмақ жөн. Ендеше мен айтайын. Сіз іздеген ізгі ой мен көркем сөз баспасөз бетінде.
Жалпы мерзімді басылымның міндеті оқырманға ойлы мақала ұсыну. Мұны біздің тірі жәдігеріміз десе болады. Кешегі қазақ даласының ділмарлары мен шешен тілді шайырлардың шежіре дастаны, ақын, батырларымыздың архивнамасы, тарихи құнды дүниелер газет бетінде үздіксіз жарияланып тұрады. Бұл тұрғыдан алғанда «Ақмешіт апталығы» ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасауда.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айдар таққан Ахмет Байтұрсынұлының жалынды сөзі бар. Халыққа қажетті дүниелерді дер кезінде ұсынып отыру ұтымды әрекет. Биыл жұртымен жүздескеніне жиырма алты жыл толған газетіміздің толайым табыстары аз емес. Бұл біріншіден оқырманның олжасы.
Бүгінгідей технология дамыған заманда ақпараттар ағыны толастар емес. Оның өтірік шынын айыру тіптен қиындап кеткен сыңайлы. Өйткені әркім ойына келгенін жазады. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Сол интернетке түскен жаңалық әрі кетсе үш күн оқылар содан соң ғайып болады, яки болмаса қызығушылық төмендейді. Ал, газетке жазылған мақала қанша қолдан өтіп, ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп барып жарияланады.
«Ақмешіт апталығы» жігіт жасына жетіп отыр. Адам өмірімен салыстырса жиырма алтыдағы жігіт оң солын танып, қоғамдық көзқарасы қалыптасқан азамат. Бойында жастық жігері, жүзінде жылылық бар. Білімі мен білігі, қажыр-қайраты бір арнада тоғысқан тұлға. Халқына бергенінен берері көп.
Басылым аптасына екі мәрте елмен етене сырласып отырған Сыр елінің сүйікті газеті. Мұнда қабырғалы қаламгерлердің қолтаңбасы қалған. Талай танымдық материалдар жарыққа шығып, жалпақ жұртшылықтың жүрегінен орын таба білді. Әрбір саланың мың қатпарлы иірімдері мен маңызды мәселелері, дәстүрлер сабақтастығы назардан тыс қалған емес. Халықтың ортасында жүріп, ойындағысын жазады. Замана ағымын тамыршыдай тап басып, жастарды білімге баулып, ізгілікке үндейді. Тілшілік тіршілікті жанына серік еткен жалпы журналист қауымы үшін өмірдің өзекті тақырыптары күн тәртібінен түскен емес. Олар өзгенің өмірін өзінің жан жүрегімен сезініп, көңіл сүзгісінен өткізіп барып қағазға түсіреді. Өз сөзін өзгенің аузына салып беріп, өбектейтін өрендер осылар. Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Журналистер ел ішіндегі елеулі жаңалықтарды елеп екшеп, уақытылы ұтымды жеткізіп жүрген жандар.
Қазір жаһандану заманы салғырттықты емес алғырлықты талап еткен кезең. Газет баспаханадан шыққан сәттен енесіне еміренген құлындай елге жетуге асық тұрады. Оқырмандар үшін бізде барлық мүмкіндіктер молынан қарастырылған. Газет тек қағаз жүзінде емес, интернеттегі электрондық нұсқалармен де шығарылуда. Соның арқасында баспасөз өнімдері бүгінде бүкіл дүниежүзіне таралып жатыр. Сізде сыртта жүріп Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін білгіңіз келсе E-maiI: akmesһіt.kz@maiI.ruсайты https://old.aqmeshit-aptalygy.kz/ қызмет көрсетуге әзір.
Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Дегенмен газеттің ішкі аудиториясының да өзіндік қиыншылықтары мен қызықшылықтары бар. Мақала тақырыбына үлкен мән беріледі. Себебі ол басылымның бөркі іспетті. Ал, жауапты хатшы көліктің маторы секілді газеттің жүрегі болып саналады. Қай материалды қай жерге орналасуын нақты белгілейтін білгір маман. Редактор көліктің жүргізушісі секілді. Тура тегіс жолмен жүруін қадағалап отырады. Сөйлемдегі бір әріптің маңыздылығын тілшілерден артық ешкім түсіне бермес десем артық айтқандық емес.
Әйгілі француз қолбасшысы Наполеон Бонапарт «Төрт дивизияң болғанша, төрт газетің болсын» деген екен. Сәл өткенге көз жіберсек ұлт зиялылары өз дәуірлерінде баспасөз арқылы халық санасын оятуға бағытталған дала қоңыраушысындай болып, елдік санаға әсер етті.
«Ақмешіт апталығында» қазіргі таңда редактор «Қияндағы танымал қандастар», «Еңбек етсең ерінбей» (Абайға арналған), «Қала тынысы», «Оймақтай ой», «Сүйінші», «Мың бояудың тағдыры», «Шежірең қандай?» (қала тарихына арналған), «Жан азығы» (кітап оқуға насихаттау), «Денсаулық» тақырыбында тұрақты айдарлармен материалдар жариялап тұрады. «Сыр медиа» ЖШС құрамына біріккен басылым нәтижесіз емес. Ел руханиятына зор үлес қосып, оқырмандардың жансерігіне айналған аймақтың бірегей басылымы.
Қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыға бастағанына биыл 26 жыл толып отыр. Бұл мерзімді басылымның мәртебесі. Ақиқатында, газет те адам секілді. Дүниеге келеді, өседі, ер жетеді. Бірақ қартаймайды. Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген даналық сөз осындайда айтылса керек-ті. Ол өмір айнасы. Заман ағымына сай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңарып, жасарып отырады. Газет-тарих. Онда жазылған әрбір мақала өміршең. Себебі, сиямен жазғанды, балталап өшіре алмайсың.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.