Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Талай сырды ішіне бүккен ескерткіш

Талай сырды ішіне бүккен ескерткіш



«Арай» ықшам ауданы. Мемориалдық ескерткіш. Қаладағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған еңселі белгінің бірі. Аядай орынға сәулетті ескерткіш белгінің бой көтеруі тегіннен-тегін емес. Мұнда ішіне сан сауал бүккен қаңқалар мен тылсым құпия қойнауы бар. Аштық пен саяси қуғын құрбандары ақтықсыз көмілген тылсым мекен. Есім-сойы мен дерегі де сақталмаған. Аянышты тағдыр, қабылдауға қисынсыз ақиқат. Алғаш қаңқалардың қалдығына кезіккен тұрғындарды да осындай үрей басқан. Бұл жерде мәңгілік байыз тапқан кімдер екенін дөп басып айтылмайды. Сірә, аяусыз жаладан жан тапсырған баянсыз қазақ шығар. Бәлкім, аштықтың салдарынан сайда саны, құмда ізі қалмаған сұраусыз тағдыр болар?! Кім білсін. Не де болса, ақ өлімнің көрінісі емесі анық.
Қасірет шеккен ұлт шүкіршіл келеді. Бүгінге дейін қазақтың тағдыр-талайында жазылған сын, бастан өткерген шырғалаңы қаншама?! «Ақтабан шұбырындыныда» ел кезіп, аштықта абдыраған сәттің азабы қалай ұмытылсын?! Оған тарих бетіндегі ақтаңдақтар аян.
Елге келген дүрбелеңнен Сырдағы жұрт та аз азап тартпады. Ең қиыны, аштық кезген даланың жанайқайы болды. Кең өлкені жайраған мүрделер, егесіз үйлер, еңіреген бала үні басты. Қорқынышты аңыздай естілгенмен, сол кезгі ахауал осы еді. Сұмдықты көзімен көрген көнекөздер есіне алуға түршігетін. Себебі де жоқ емес. Меселен, XX ғасырдың 20-30 жылдары 4-4,5 млн адам аштан қырылған болса, 1932-33 жылғы зұлмат 2 млн адамның өмірін жалмады. Әлем елдері тарихында өзіндік «қаралы жыл» ұғымы, «ұлы жұт» оқиғасы кездескенмен, біздегі қасіретінің көлемі мен салдары орасан, зардабы мол шықты.
«Жұт – жеті ағайынды» деген. Аштықтың ізін ала келген саяси қуғын да халықты әлсіретуге әкелді. Тектілердің тұқымын құртып, бас көтерер білімдіні тергеусіз атқан заманда жақынға қарасар амал болмағаны анық. Қызылорданың маңызды статусы сол кезгі халық санын арттырып, қазақ интеллигенциясының табан тірер маңызды аймаққа айналды. Шаһарды ғалым да, әдебиетші де, саясаткер де мекен етті. Сол заматта жазықсыз атылып, жаламен қамалған зиялының басым бөлігі де Қызылордаға тиесілі екені де көп айтылады. Оған қоса, теріп жерге тіршілік иесін таппаған ел дария бойын сағалап, Сыр өңірінде жан сауғалаған. Сондықтан, шашылған қаңқа оққа ұшқан зиялының, ашқұрсақ өлген қазақтың мүрдесі екендігі анық.
1998 жылы аталған аумаққа арнайы ескерткіш орнатылып, тылсым мекен мемлекет қарауына алынуы ұлт рухын қайта түлеткен болатын. Жыл сайын құрбандар рухына Құран бағышталып, әруақтарға тағзым ету дәстүрге айналды. Сол арқылы әр қазақ іздеусіз кеткен жандардың жоқшысына айналып келеді.
Осы маңнан өткен әрбір жолаушыны тылсым мекен бей-жай қалдырмасы белгілі. Еріксіз ойға шомасың: Бұл қазақ не көрмеді? Жаугершіліктің жауыздығын, аштық азабын, қудалаудың қиындығын да өткерді. Сонда да еңсесін қайта тіктеп, күш жинады. Қаймағын қалқып, қайраткерін қанға бөктіргенде де жасымады. Келер ұрпаққа үміт етті! Шүкірінен танбай, жарық таңға қол созды. Тәубесі жаңылдырмады, арманы алдамады. Бүгін, міне, еркін елдің иесіне айналды. Асылыққа жазбасын, Тәуелсіз күн мен Бейбіт сәттің ақысын қанымен өтеген бір ұлт болса, ол – қазақ. Сондықтан, ынтымақты ұлықтау, бірлікті келешекке бүтін табыстау – бүгінгінің ерлігі. Абайдан асыра, қай қазақтан сөз шықсын: «Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім, Артық жолдас таппадым татулықтан».
Ерсін ШАМШАДИН
30 мамыр 2020 ж. 587 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам