Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Сабалаққа» су қашан келеді?

«Сабалаққа» су қашан келеді?


    «Сабалақ» – қайдан шыққан атау екенін кім білсін, кешегі саяжай болғаны белгілі. Енді елді мекен статусына енгелі, ел-жұрттың үміті арта бастағаны, халық санының өскені айқын еді. Алайда үміттің де үздігіп келетінін ұққан сенімдіміз.
    Халықты ауыз сумен толыққанды қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау өмірлік маңызы бар мәселе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа алдымен әлеуметтік ахуал қажеттілігін үнемі айтып отыр. Осы ретте, қала, ауылдық елді мекен тұрғындарын сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор. Өйткені, су – береке бастауы. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасы орасан екені бесенеден белгілі.
Қала іргесіндегі «Сабалақ» саяжайындағы халық әлі күнге ауыз сусыз отыр. Мезгіл мәселесі. Орталықтан оқшау орналасқан демесеңіз, ондағы тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Мал бағып, бақша ұстайтын ауыл адамы үшін судың қандай қымбат екенін екінің бірі біле бермейді. Мұндағы тұрғындар жерасты суларын сүзгі орналастыру арқылы пайдалануда. Суы тапшы аймақта ауыз су табу, оны пайдалану – басты мақсат. Қоларбамен фляг сүйреп, құдықтан қос қарың талғанша су тартып, жүретін заман келмеске кетті. Адамның өмірін жеңілдетуді көздейтін дәуір орнады. Десек те, бүгінде таза ауыз су ауылдағы қандастардың басты базынасы, әрі басты талабы болып тұр.
Сабалаққа су қашан келеді? Елді мекен қашан ауыз сумен толық қамтамасыз етілмек? Ауылдағы ағайынның жағдайы қаладағы күйбең тірлікті қазақтарды алаңдатуын сиреткен. Нағыз бейнеттің ортасындағы дархан пейілді ағайын сонда да шүкіршілік қалпында. Олардың өркениетті мемлекетте ауыз суға жарымай келсе де қыңқ демеуінің себебі осында.
    – «Сабалақ» мөлтек ауданының тұрғындарының қалалық әкімшілікке жолдаған арыз-шағымдарын қанағаттандыру мақсатында өткен жылы ауыз сумен жабдықтау құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, магистралды ауыз су жүйесі жұмыстары атқарылды. Биылғы жылы «Сабалақ» мөлтек ауданының қалған көшелеріне 2-кезеңге толық ауыз су жүйелерін жүргізуге жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлуге құзырлы мекемеге бюджеттік өтінім табысталды. Қажетті қаражат бөлінген уақытта аталған жұмыстар кезең-кезеңімен орындалады, – дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Ержан Қалдыбеков.
     Ал ауыл тұрғыны Ерсұлтан Рахменов:
    – Өткен жылы ауылға су бастап тартылған болатын. Қазір тоқтап тұр. Бұл біріншіден тұрғылықты халық үшін тиімді болар еді. Судың мол болуы біріншіден мал ұстайтын, бақша егетін біздер үшін қолайлы. Жазда бақшамызды суғарып, бар қажетімізге қолданар едік. Ауыз су мәселесі толыққанды шешімін тапса, қаладан ешбір кем түспейді. Үй ішіне кіргізіп алар едік. Адамға ең бірінші жағдай жасалуы керек. Егер ауылда осындай жағдай жасалып қойса, одан әрі көркейе түсер еді, – дейді.
   Қала орталығымен қабаттас жатқан «Сабалақ» елді мекені тұрғындарының басым бөлігі қалаға қатынап жұмыс жасайды. Табысы бар жұрттың тұрмысы да түзелген. Ауылға ауыз судың тартылатыны адамдардың алдағы күнге деген сенімін нығайтқан. Ендігі кезекте үміт үдесінен шығу уақыт еншісінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ


06 маусым 2020 ж. 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам