Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Парасатты ойда пайым, төрелі сөзде түйін бар

Парасатты ойда пайым, төрелі сөзде түйін бар

   Ұлтымыздың ұлықты сөздерін бала кезден көңілге тоқып өстік. Ауылда шежірелі қарттар көп болатын. Солардан естіген әңгімелердің кейбіреуі есімде қалса, бәзбіреуі ұмытылып барады. Жалағаш жақтың тумасы болған соң ба, Бұқарбай батыр жайлы біздің жақта аңызға бергісіз әңгімелер көп айтылатын.
   Анам мен әкем егде тартқан кезде өмірге келгеннен бе, білмеймін үлкендердің әңгімесіне аса зерек болатынмын. Мүмкін ол кезде қазіргідей ұялы телефон, ғаламтор дегендер жоқ болғандықтан болар. Біздің көріп мәре-сәре болып тамашалайтынымыз телеарнадан екі-ақ канал болатын. Оның да уақыты шектеулі еді. Оқитынымыз – кітап, тыңдайтынымыз – радио. Құлақ құрышын қандырар термелер мен қазақша әндерді тек пластинка қосып тыңдаймыз. Отбасындағы тәлім-тәрбие де ізгілікті іске баулитын. Біздің үйге әкеммен жүздесіп, әңгімесін тыңдауға қариялар көп келетін. Дастархан басында отыра қоймасам да сол күнгі ғибратты әңгіме санамда әлі күнге дейін сақталып қалыпты.
   Ол қариялар да, әкем де қазір дүниеден өткенмен, сөзі өлмегені бәлки, әңгіме айтушының сөзге ұста, тектілігінен болар деп топшылаймын. Еңсесі тік, көсем сөзге ұста абыз жанның аңызға бергісіз өнегелі әңгімесі талай адамды толқытқаны анық.
    Оның айтуынша, батыр бабамыз Бұқарбайдың 80-ге толған шағы екен. Қапсағай денелі, кең жауырынды батырға Шортанбай би есімді інісі сәлем бере келіпті. Ол кісі де сөзге шешен, суырылып шаршы топта сөз бастаған жандардың бірі болса керек. Сонда ағасына былайша ізгі лебізін білдіріпті. «Уа, батыр аға, сексеннің сеңгіріне шыққаныңыз құтты болсын. Қанша жасайтыныңыз бір Алланың құзырында ғой. Десе де, арамызда осы абыздық қалпыңызбен жүре тұрғаныңызды мақұл көрер едік. Өйткені, сіз алты Алашқа мәшһүр адамсыз. Сіздің осылайша төрде төбедей болып, төрелік айтып отырғаныңыздың өзі неге тұрады. Кезінде билердің биі атанған Әнет бабамызға Әйтеке би «Әнет аға, сіз 60 жастан ауыздығымен алысқан арғымақтай арындап өттіңіз. Алқынған жоқсыз. 70 жаста желкенін көтерген кемедей күй кештіңіз, өмір айдынында еркін жүздіңіз, шайқалған жоқсыз. 80 жасқа да сергек жеттіңіз. Баяғы сол қалпыңыз, баяғы сол сырбаздығыңыз. Енді алдыңызда сізді жұп-жұмсақ торқалы тоқсан күтіп тұр» деген екен. «Алла сізге соны да көруді нәсіп етсін» депті ол.
    Сонда батыр бабамыз «Алла разы болсын, шырағым, өзің білесің, саналы ғұмырымның тең жартысына жуығын оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасында өткізген жанмын. Содан тірі қалып, орталарыңда отырғанымның өзі мол олжа емес пе? Аз жасадым деп отырғаным жоқ. Бәріне де мың мәрте тәубе. Алла аманатын қазір алса да, мен әзірмін. Көп жасау шарт емес, адам болып өмірге келген соң мәнді, мағыналы ғұмыр кешкен ләзім ғой» деп жауап берсе керек. Неткен ғажап сұхбат десеңізші. Қазір ақыл тоқтатқан сәтте аға мен інінің арасында керемет өрілген ұлықты сөздің мағынасын терең сезініп отырмын. Сол күнгі айтылған адамның басына қонатын бақ жайлы ұлағатты сөз де менің өміріме бағдаршам секілді әсер қалдырған болатын. Тамағын кенеп, терең тыныстап алып, көсем сөзді айна-қатесіз даналықпен бізге ұлағаттаған сол қартқа әлі күнге бас иемін. Жүйелі сөзді ғана түйдектеп жеткізеді екен. Шынында ұлтымыздың ұлылық сипатын бір ауыз сөзбен түйіндеген небір кемеңгер даналар өмір сүрген сол заманда. Сонымен қарттың айтуынша, бақ әуелі адамның аяғына ілінеді. Аяғына келген бақты көтере алмаған аяғын шалыс басып, жүрісінен жаңылады. Егер аяғына келген бақты көтере алса, бақ өрлеп белге келеді. Белге жеткен бақты көтере алмаған не ұрпақсыз қалады, не өзінен тараған ұрпағына кесірі тиеді. Егер беліне келген бақты көтере алса, бақ өрлеп кеудеге келеді. Кеудеге келген бақты көтере алмағанның кеудесіне нан піседі. Өзгеден гөрі өзін жоғары санағыш болып, менмен, ұркеуде болады. Ондайдан бақ кетіп қалады. Егер кеудеге келген бақты көтере алсаң, бақ өрлеп аузыңа келеді. Бұл кезде айтқаныңа ел құлақ асады. Аузындағы бақты ұстағанның ендігі кезегі көзінде. Көзіне келген бақты көтере алмағанның көзін шел басып, бар мен жоқты, жақсы мен жаманды айыра алмайтын халге жетеді. Көздегі бақты көтере алсаң, бақ жоғарылап басыңа орнайды. Кетпес бақ деп соны айтады. Басына бақ орнаған адам – дана адам. Өйткені аяққа ілінген бақты жоғалтпай, басына шығару тек ақылдының ісі деп сәулелі сөзді терең ақылмен көмкерді қарт абыз.
    Расында сол заманда парасатты ойдан пайым, төрелі сөзден түйін жасайтын көнекөз қариялар көп болған-ау деп ойлаймын. Қазыналы қарттықтың да қадір-қасиеті деген бәлки, сол болар.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
06 маусым 2020 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам